Түркістанда мас халде автокөлік басқарып, бұзақылық жасаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Кентау ҚПБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері патрульдеу жұмыстарын атқару кезінде, жол бойында төбелесіп жатқан 2 адамды байқап, бірден мән-жайды анықтау үшін олардың жандарына барады. Содан бір-біріне күш қолданып жатқандарды ажыратып үлгереді.

Осы сәтте дау-дамайға қатысушының бірі «DaewooTocsa» жүргізушісінің үстінен арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, ол жол шетінде жаяу келе жатқанында жүргізуші көлігімен абайсызда қағып кетпек болғанын баяндайды.

Осылайша екеуінің арасында түсінбеушілік орнап, соңы үлкен дауға ұласады. «DaewooTocsa» жүргізушісі қағып кетпек болғанымен қоймай жәбірленушіні соққыға жыққан.

Мән-жайға қаныққан полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркеуге алды. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде «DaewooTocsa» жүргізушінің мас халде екеніне күмән келтіріліп, оның спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны расталды. Оған қоса автокөлік иесі бұдан алдын жүргізу куәлігінен айырылғаны белгілі болды.

Осыған сәйкес «DaewooTocsa» жүргізушісіне, яғни бұзақылық жасап, онымен қоймай мас күйде көлік тізгіндеген жігітке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» сотқа жолданды.

Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, ҚР ҚК-нің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша 1 жыл және ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

ТҮРКІСТАН: ӨЗГЕНІҢ АТЫНАН НЕСИЕ АЛҒАН...

Полицейлер өзгенің атынан тауарлық несие алған ер адамды анықтады.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу тауарлық несие алып, 300 000 теңгеден астам шығын келтірген. 1 айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Түркістан ҚПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні Түркістан қаласы көшелерінің бірінде жүрген жерінен анықтады. Алаяқтық жасаған азамат жергілікті тұрғын және жәбірленушінің сырттай танысы болып шықты.

Анықталғандай, күдікті ер адам жәбірленушіге «Сіздің атыңыздан тауарлық несие шығарып бере аламын және оны зейнетақы қорындағы ақшаңызбен төленетін етіп жасаймын» деп сендірген. Ал тұрғын алаяққа сенген. Осы сәтте алаяқ жәбірленушінің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан алдау арқылы шағымданушының есепшотына түскен ақшаны өзіне аударып алған. Қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді.

 

ТҮРКІСТАН: КӨРШІСІНІҢ БАНК КӘРТІШКІСІН ҰРЛАҒАН...

Түркістан облысында көршісінің банк кәртішкесін ұрлаған жас келіншек анықталды

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел шағымданды. Ол арызында үйіндегі сөре үстінде тұрған банк кәртішкесін белгісіз біреудің жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты созақтық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестірудің нәтижесінде, күдікті әйелді анықтады. Ол жәбірленушінің көршісі жас келіншек болып шықты.

Анықталғандай, күдікті келіншек көршісінің құрылыс жүріп жатқан үйіне көмектеспек болып барады. Сол сәтте ол шкаф үстінде тұрған банк кәртішкесі мен құпия санын байқап, оны қолды қылған. Содан банкоматтан ақшаны алып, өз пайдасына жаратқан. Келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құрайды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ТҮРКІСТАН: 83 ШЕТЕЛДІККЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында 83 шетелдікке айыппұл салынып, 15 өзбекстандық елден аластатылды.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ел аумағында 12-30 қыркүйек күндері аралығында «Жалданушы-2022» атты терроризмге қарсы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған байланысты Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері бірлесіп, облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарып, рейд жүргізуде.

Мәселен Түркістан облысының полицейлері іс-шара басталғаннан бері 150-ден астам шетел азаматын тексерді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасына келіп-кету заңнамаларын бұзған 83 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 517, 518-баптарымен хаттама толтырылды. Оған қоса Өзбекстан Республикасының 15 азаматы сот шешімімен ел аумағынан аластатылды.

Жалпы мұндағы негізі мақсат – заңсыз көші-қон арналарын әшкерелеу, шетел азаматтарымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, болдырмау, теріс діни ағымда жүргендерді анықтау болып табылады.

Осы ретте Түркістан облысының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтауды қатаң ескертеді.

ОРДАБАСЫ: КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАН...

Ордабасылық полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 20-дан астам шетел азаматын анықтады.

Қазақстан Республикасының ІІМ мен Түркістан облысы ПД нұсқауына сәйкес, осы жылдың қыркүйек айының 12-30 аралығында «Жалдамалы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты - облыс аумағындағы шетелдіктерді тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау болып табылады.

Осы орайда Ордабасы АПБ көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен тиісті рейдтік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде Ордабасы ауданында ҚР ӘҚБтК-нің талаптарын бұзған жалпы 24 шетел азаматы анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігімен «Заңсыз жұмыс жасағаны үшін» іс-құжаттар жинақталды.

Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 1-бөлігімен «Шетел азаматтарын белгіленген мерзім ішінде уақытша тіркеуге қоймағаны үшін»-4, 519-баптың 1-бөлігімен «Шетел азаматтарын заңсыз жұмыс күшіне пайдаланғаны үшін»-5 әкімшілік хаттама толтырылды.

ЖЕТІСАЙ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Жетісайлық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізуде.

Жетісай аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Жанна Шалбекова, медицина және психолог мамандарымен бірге түрлі мекемелерде кездесулер ұйымдастыруда.

Жалпы шараның мақсаты – ерте жүктілік, отбасында әлімжеттікке тап болатындардың санын азайту, оларға көмек көрсету.

Ұйымдастырушылар кездесу жиынына мектеп ұстаздарын, оқушылар мен ата-аналарды шақырып, оларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары, әйелдерге қатысты тіркелген қылмыстарға қатысты толық ақпараттар жеткізілді. Сонымен қатар осындай жағдайға тап болған кезде, атқарылу керек шараларды ортаға салып, кеңес берілді.

Полицейлер оқушылар мен ата-аналар тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта да 8-11 сыныптар арасында бұндай жиындарды жалғастыратынын жеткізді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға досыңызға, жақыныңызға қандай да бір әдіспен қауіп төнгенін білсеңіз, дереу 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

 

Сайрамда мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды

Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында бұрылыс жарығын жақпай өтіп кеткен «Chevrolet cruze» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2020 жылдың желтоқсан айында Сайрам аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 3 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған азамат қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.

ШАРДАРАДА МАЛДЫ САТЫП ЖІБЕРГЕН ҚОЙШЫ ҰСТАЛДЫ

Құны 23 миллион теңгеден асатын ұсақ малды сатып жіберген қойшы анықталды.

Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға 400-ден астам қойларын сеніп тапсырған. Алайда, мал басын түгелдеуге барғанда, олардың толық емес екендігін байқаған. Осылайша жәбірленушіге келген шығын көлемі 23 000 000 теңге.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына шұғыл шықты. Полицейлердің жүргізген тиянақты жұмысының нәтижесінде, аталмыш қылмысқа қатысы бар жәбірленушінің қой бағып жүрген қойшысы яғни Ордабасы ауданының тұрғыны анықталды.

Белгілі болғандай, сезікті ер адам 2021 жылдың тамыз айынан бері ұсақ малдарды біртіндеп сатып, өз пайдасына жаратып отырған. Ал мұны жәбірленуші арада жыл өткен соң білген. Ол малдарын түгелдеуге келгенде 400-ден аса мал санынынң аз екенін байқаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше малды таңбалап, сырғалап, ен салдыру керек. Егер, сіз де, малыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, тез арада 102 нөміріне хабарласыңыз.