Сейсенбі, 21 Сәуір 2026 13:10

Түркістан облысында шағын өндірістік парктерді құру тәжірибесі басқа облыстарда қолданылады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін басқа облыстарда қолдану жоспарланған. Тәжірибе алмасу мақсатында өңірлердің Түркістан облысына іссапарлары жалғасуда. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің салаға жауапты өкілдерінен құралған делегация Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған аймақтарды аралады.

Іссапар барысында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, кәсіпорындардың жұмысын бақылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында іске асырылып жатқан өндірістік парктердің құрылыс барысын көрді. Одан бөлек, Арнайы экономикалық аймақ және Индустриялды аймақта болып, сол аумақтарда орналасқан жобалармен танысты. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы барлық аудан және қалаларда 25 шағын өндірістік алаңдар құрылып, 258 өндірістік ғимарат салынып жатыр. Қазіргі таңда 120 ғимараттың құрылысы аяқталды. Аталған аумақтарда жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы 27 млрд теңгеге импортты алмастыру тауарлары шығарылды. Іске қосылған жобалардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар.

Жалпы, Сауран ауданының жалпы өңірлік өнімі былтыр 36,9 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамытуда тоқтамау керек дейді облыс басшысы. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Орта кәсіпті дамыту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Былтыр жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өткені белгілі. «Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды», – деген болатын облыс әкімі Нұралхан Көшеров.Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.

Облыс әкімі Сауран ауданындағы кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударып келеді. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады. Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін айтфп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылуда.

Өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, Сауран ауданының 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңында медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылды. Салынған инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты. Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет