Бейсенбі, 15 Қыркүйек 2022 16:20

ЖЕТІСАЙ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Жетісайлық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізуде.

Жетісай аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Жанна Шалбекова, медицина және психолог мамандарымен бірге түрлі мекемелерде кездесулер ұйымдастыруда.

Жалпы шараның мақсаты – ерте жүктілік, отбасында әлімжеттікке тап болатындардың санын азайту, оларға көмек көрсету.

Ұйымдастырушылар кездесу жиынына мектеп ұстаздарын, оқушылар мен ата-аналарды шақырып, оларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары, әйелдерге қатысты тіркелген қылмыстарға қатысты толық ақпараттар жеткізілді. Сонымен қатар осындай жағдайға тап болған кезде, атқарылу керек шараларды ортаға салып, кеңес берілді.

Полицейлер оқушылар мен ата-аналар тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта да 8-11 сыныптар арасында бұндай жиындарды жалғастыратынын жеткізді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға досыңызға, жақыныңызға қандай да бір әдіспен қауіп төнгенін білсеңіз, дереу 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

 

Оқылды 301 рет