Сейсенбі, 21 Сәуір 2026 12:37

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны тұрақты өтуде

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сәйкес тұрақты жүргізілуде. Бүгінде өңірде жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектар, майлы дақылдар – 72 мың гектар, жоңышқа – 51 мың гектар, көкөніс – 31 мың гектар, бақша дақылдары – 38 мың гектар, ал мақта алқабы 52 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар ерте пісетін қырыққабаттан 2,2 мың тонна өнім жиналды.

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымының барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен қаралып, қазіргі ахуалға жан-жақты талдау жасалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев мәлімдегендей, шаруаларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыштар өтінімдерге сәйкес уақытылы жеткізілуде. Сондай-ақ «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 1196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы саласына нақты қолдау көрсетілуде.

Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Қазіргі таңда 34 мың гектардан астам алқапта жаңа технологиялар қолданылуда. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, шаруаларға қажетті техниканы лизинг негізінде ұсыну тетігі жолға қойылған. Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары су қоймаларындағы ахуалға ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге су ресурстарын бекітілген лимитке сәйкес қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, ағын су кезектілігін шаруалармен келісе отырып, дақылдардың ерекшелігіне сай әділ түрде реттеу қажеттігін атап өтті. Жалпы, өңірде вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтуде. Көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны толық бақылауда, жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің алдына қойған міндеттері аясында, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені – жалпы өңірлік өнімнің 20%-ын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, алдыңғы жылдан 34 мың гектарға артқан болатын. Егіс құрылымына сәйкес:

- дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға;

- майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға;

- мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.

- көкөніс, бақша алқаптары алдыңғы жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады.

Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілуде. Нәтижесінде, былтыр 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды. Өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады.

Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі:

Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады.

Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20–30%-ға артады.

Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 ц/га). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың м3 су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.

Сонымен қатар күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың м3 дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың м3). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды (Лазер сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды.

Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады. Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 11 рет