Отырарда жайылымдық жерден екі сиыр ұрлаған...

Отырар аудандық полиция бөліміне екі ер адам арызданды. Олардың айтуынша, жайылымдық жерден әрқайсысының құны 400 000 теңге тұратын 2 бас сиырын ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 800 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама түскен бойда тәртіп сақшылары мал ұрлығын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Олардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру кезінде күдікті ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ол түнгі уақытта жайылымдық жерде жайылып жүрген сиырларға көзі түсіп, оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Бөтеннің мүлкін ұрлап, оны сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатындығын айтады. Сондай-ақ келеңсіз жағдайларды бодырмас үшін жайылымдық жерлерде бақташысыз қалдырмай, үшжақты келісім жасау керектігін еске салады. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.

Сайрам ауданы полиция басқармасының ардагерлері марапатталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан және ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция генерал-майоры А.Болсанбековтің шешімімен ішкі істер органдарындағы ұзақ және адал қызметі, құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуда қосқан үлесі, жас қызметкерлерді тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін Сайрам АПБ-ның 23 ардагері «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен марапатталды.

Сайрам АПБ-ның бастығы полиция полковнигі Бауыржан Зиятаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Данышпан Андасбеков Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан, өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ұжымның арқа сүйер ардақты ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, мерейтойлық медальдарды табыстады.

Ішкі істер органдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, басшылық лауазымдар атқарған отставкадағы полиция полковниктері С.Қасымбеков, Б.Асылбеков, Ә.Ержанов, О.Жиенбеков, М.Сейтбеков және С.Салиевтер сөз алып, алғыс білдіріп, жылы лебіздерін арнады.

Іс-шара барысында жұмысқа жаңадан ат басын бұрған жас мамандарға ақыл-кеңес беру, олардың бойында өз қызметіне деген адалдық пен шыдамдылық танытуын дамыту мақсатында ардагерлер құрамынан тәлімгерлер бекітілді. Сонымен қатар учаскелік полиция пункттерінің жұмыстарын жандандыру, қоғам тыныштығын сақтау мен қылмыстылықтың алдын алуда кеңес беру, тәжірибе бөлісу мақсатында 5 аға учаскелік полиция инспекторына ардагерлер бекітілді. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлері мен ардагерлер арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда Сайрам АПБ Ардагерлер кеңесінің құрамында 67 зейнеткер бар. Олар да қарап отырмайды, әрдайым қоғамдық қызметтерге атсалысып, ІІО-дағы әртүрлі іс-шараларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандар тәрбиесіне сүбелі үлестерін қосып келеді.

Іс-шара мерекелік концертпен жалғасып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ардагерлер естелік суретке түсіп, тәртіп сақшыларының қиын да қауіпті қызметіне сәттілік тіледі.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түлкібаста суға шомылудағы ережелер бойынша жадынамалар таратылды

Жаз маусымы келісімен суға шомылу кезеңі де басталады. Жыл сайын полиция қызметкерлері қауіпсіздік ережелерімен таныстырса да, адам шығынын болдырмау мүмкін болмай жатады. Салдарынан суға шомылудағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағанның кесірінен қаншама адам зардап шегеді.

Осы орайда Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері суға шомылу маусымында жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Яғни, шомылу кезіндегі ережелермен таныстырып, аудандарда орналасқан өзендерде шомылып жүрген балаларға ескертулер жасады. Оларға арнайы жабдықталған жағажайларға және ресми құжаты мен құтқару қызметі жұмыс жасайтын орындарға бару керектігі жайлы кеңес берді. Жағажайдан алысқа кетпей, жақын аумақтарда, ата-аналарының қарауымен баруға болатындығын айтты. Балаларға жазғы маусымда суда, өзендерде, көлдерде ережені қатаң сақтау керектігі жайлы түсіндірді. Сонымен қатар ескерту жасап, оларға судағы қауіпсіздік бойынша жадынамалар таратты.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігіне ата-анасы жауапты екендігін ескерте отырып, келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін оларды қараусыз суға жібермеуге кеңес береді. Суда жүзе алмайтындар үшін, шомылу қашан да қауіпті. Өзіміздің өмір қауіпсіздігімізді сақтайық!

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Жетісайда ұялы телефон ұрлаған жас жігіт қамауға алынды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арыз түсірді. Әйел адамның айтуынша, оның ауласындағы сәкі үстінде тұрған «OPPO A53» және «VIVO Y12» маркалы ұялы телефондарын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 160 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін оқиға орнына шықты. Олар көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар жас жігіт ұсталды.

Анықталғандай, сезікті жас жігіт көршінің үйіне таңғы сағат 05:00 шамасында жәбірленушінің ұйықтап жатқанында ұрлыққа түскен. Яғни ешкімнің көрмей тұрғанын пайдаланып, оңай жолмен олжалы болуды көздеген. Ұрлаған бөтеннің мүлкін ломбардқа өткізген. Полицейлер айғақты зат ретінде ұялы телефондарды алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлердегі қақпаларды жауып, берік құлыптар орнатуға кеңес береді.

 

Ордабасыда аңшы мылтығын заңсыз сақтаған тұрғын анықталды

Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Қару» профилактикалық шарасын жүргізуде. Оның мақсаты - заңсыз айналымдағы атыс қаруларын анықтау, тіркеуде тұрған қарулармен жасалатын қылмыстардың алдын алу, отты атыс қаруын тәркілеуге және оны сақтау ережелерін тексеруге бағытталған.

Осы тұрғыда Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері заңсыз аңшы мылтығын сақтаған тұрғынды анықтады. Тексеру кезінде ол тұрғынның әкесінен қалған қару екендігі белгілі болды. Полицейлер қарияға қаруды заңсыз сақтағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігі «Жеке және заңсыз тұлғалардың қаруды заңсыз иемденіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы» бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау мен тасымалдау үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары заңсыз сақталған қаруды немесе оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатындығын еске салады.

Қазығұртта 8 бас жылқыны талан-таражға салған жылқышы қамауға алынды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол танысына 8 бас жылқысын сеніп тапсырған. Алайда бақташы ірі қараларды талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 500 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті жас жігіт анықталды. Сезікті ер адам жәбірленушінің жылқышысы болып жұмыс жасаған. Ол сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Азаматтарға өз мүлкін сақтауда қырағы болуға, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға кеңес береді.

 

Отырардағы моншаның дүкеніне ұрлыққа түскен ер адамды қамауға алынды

Отырар аудандық полиция бөліміне кәсіпкерлікпен айналысатын жергілікті тұрғындар арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, оларға тиесілі моншадағы дүкенге белгісіз біреу кіріп, киім-кешектер мен азық - түлік заттарын ұрлап кеткен. Жәбірленушінің біріне 541 000 теңге, екіншісіне 58 000 теңге, үшіншісіне 6 250 теңге шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден жауап алды. Полицейлердің жасаған жедел әрекеттерінің арқасында күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни орта жастағы ер адам ұсталды.

Анықталғандай, күдікті дүкенге терезені сындырып, дүкен ішінен өзіне қажетті заттарды ұрлап кеткен. Сезіктіден айғақты заттар алынып, иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін ғимараттарға, дүкендерге, тұрғын үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына куә болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

Отырарлық полицейлер суға шомылу маусымында тұрғындарға ескерту жасады

Жаз мезгілі балалар үшін мамыражай уақыт. Оларға суға шомылу ерекше көңіл-күй сыйлары сөзсіз. Алайда жасөспірімдердің тарапынан суға түсу ережесін сақтамай, келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейе түседі.

Мәселен, Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ауданның 140 шақырым жерін басып өтетін Сырдария өзені және аудан орталығындағы Арыс өзені мен каналдарға, белгіленбеген орындарға, су айдындарына, суға шомылуға тыйым салынған жерлерге рейдтік жұмыстар жүргізді.

Шара кезінде ереже бұзған 30 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама түзді. Сонымен қатар полицейлер 23 тұлғаға ескерту жасап, шомылуға келген жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үйлеріне қайтарды. Балаларға суға шомылуға арналған жерлерге ата-анасымен келуге кеңес беріп, тыйым салынған жерлерге бармау туралы қатаң ескерту жасады.

Жазғы маусымда адамдардың суға ағып кету, адам өлімімен ұштасқан оқиғалардың алдын алу, оны болдырмау мақсатында, тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат