Сәрсенбі, 06 Шілде 2022 00:46

Сайрам ауданы полиция басқармасының ардагерлері марапатталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан және ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция генерал-майоры А.Болсанбековтің шешімімен ішкі істер органдарындағы ұзақ және адал қызметі, құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуда қосқан үлесі, жас қызметкерлерді тәрбиелеуде белсенділік танытқаны үшін Сайрам АПБ-ның 23 ардагері «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен марапатталды.

Сайрам АПБ-ның бастығы полиция полковнигі Бауыржан Зиятаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Данышпан Андасбеков Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан, өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ұжымның арқа сүйер ардақты ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, мерейтойлық медальдарды табыстады.

Ішкі істер органдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, басшылық лауазымдар атқарған отставкадағы полиция полковниктері С.Қасымбеков, Б.Асылбеков, Ә.Ержанов, О.Жиенбеков, М.Сейтбеков және С.Салиевтер сөз алып, алғыс білдіріп, жылы лебіздерін арнады.

Іс-шара барысында жұмысқа жаңадан ат басын бұрған жас мамандарға ақыл-кеңес беру, олардың бойында өз қызметіне деген адалдық пен шыдамдылық танытуын дамыту мақсатында ардагерлер құрамынан тәлімгерлер бекітілді. Сонымен қатар учаскелік полиция пункттерінің жұмыстарын жандандыру, қоғам тыныштығын сақтау мен қылмыстылықтың алдын алуда кеңес беру, тәжірибе бөлісу мақсатында 5 аға учаскелік полиция инспекторына ардагерлер бекітілді. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлері мен ардагерлер арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда Сайрам АПБ Ардагерлер кеңесінің құрамында 67 зейнеткер бар. Олар да қарап отырмайды, әрдайым қоғамдық қызметтерге атсалысып, ІІО-дағы әртүрлі іс-шараларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандар тәрбиесіне сүбелі үлестерін қосып келеді.

Іс-шара мерекелік концертпен жалғасып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ардагерлер естелік суретке түсіп, тәртіп сақшыларының қиын да қауіпті қызметіне сәттілік тіледі.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 404 рет