ШАРДАРА: «ПАРАСЫЗ БОЛАШАҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оған қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қоссейіт ауылдық округінде «Парасыз болашақ» тақырыбында үнпарақшалар таратылды. Қоғамның, жастардың жемқорлыққа қарсы иммунитетін, сана-сезімін қалай қалыптастыруға болады? Жемқорлықтың мемлекетімізге әкелетін зардаптары мен зиянды тұстары қандай? Мақсат осы сұрақтарға жауап алу. Алдын-алу сипатындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуі қажет деп санайды жастар.  

Мұндай іс-шаралар мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының барлық негізгі тұстарын қолжетімді формада жеткізуі керек. Сонымен қатар,парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мақсатында ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, ырым-тыйымын насихаттасақ нұр үстіне нұр болар еді. Нақты ақпаратты жеткізуде жастармен кері байланыс алу, тәжірибеде әрбір оқу орнында, басқа да мекемелерде жемқорлық тәуекелдерін қалыптастыратын сұрақтар мен мәселелерді нақтылау маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс формальды сипатта емес, нақты ұйымдастырылуы қажет.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады.

Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

 

Сайрам: Жолда қабылдау акциясы!!!

Сайрам ауданы аумағында 2022 жылдың 9-10 қыркүйек күндері республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтуде.

Сайрам АПБ-ның басшылығы мен қызметкерлері тұрғындардың жиі қоятын сұрақтарына жауап беріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін және көші-қон заңнамаларының сақталуын, халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеу, тіркеуден шығару, құжат ауыстыру, айыппұл төлеуге қатысты толық ақпараттандыруда. Қабылдау барысында тұрғындар жол қауіпсіздігіне, қылмысқа қатысты толғандырған сауалдарын жеткізді.

Сайрам АПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі А.Сейтбеков: «Жолда қабылдау» акциясының мақсаты – халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындардың көкейде жүрген сауалдарына жауап беріп, құқықтық көмек көрсету».

«Жолда қабылдау» акциясы ҚР Ішкі істер министірлігінің нұсқауы бойынша ұйымдастырылып отыр.

Діндер съезі: Қазақстанда Гиннестің жаңа рекорды тіркелді

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Әлем музыкасы» жобасы аясында «The most nationalities in an orchestra» атты концерттік іс-шара өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне орай арнайы ұйымдастырылған бағдарламада «Ең көпұлтты оркестр» аталымы бойынша жаңа әлемдік рекорд тіркеліп, Гиннес кітабына енгізілді.

Жаңа бастаманың басты мақсаты – еліміздің көпэтносты және толерантты екенін әлемге кеңінен дәріптеу. Қазіргі таңда бүкіл әлем Қазақстанды 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері мекендейтін ел ретінде таниды.

Мәдени іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде VII Съездің бірегейлігі мен тарихи маңызына тоқталып, форумның дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі айрықша рөліне назар аударды.

«Алдағы Съезд саны жағынан ғана емес, қатысатын дін лидерлерінің мәртебесі мен деңгейі жағынан да тарихи іс-шара болмақ. Осы форумға қатысу үшін әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация келеді. Съезде бейбітшілікті қамтамасыз етуге, диалог пен ынтымақтастық идеологиясын ілгерілетуге қатысты мәселелер талқыланады. Қазір әлемде саяси дағдарыс орын алып отыр. Көшбасшылардың келіссөздер жүргізуі және ымыраға келуі қиын мәселеге айналды. Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың бірлесіп жұмыс істеуге және әлемнің әр түкпіріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге деген ұмтылысын айрықша атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы іс-шараны ұйымдастырушылар мен музыканттарды жаңа рекордтың тіркелуімен құттықтай келе, өнерде шекара болмайтынын, музыка адамзатты әрдайым игілікке шақыратынын айтты.

«Мәдениет пен өнер ұлтына, дініне және әлеуметтік жағдайына қарамастан адамдарды біріктіруші күшке ие. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Рекордтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында тіркелуі де айрықша мәнге ие. Бұл – біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін, әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде маңызды оқиға. Жаңа жобаның түпкі мақсаты VII Съездің идеологиялық бағытымен толық үндеседі. Ол – диалог, ынтымақтастық және әлемдегі қазіргі өзекті проблемаларды бірлесіп шешу сияқты басымдықтар», – деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, «ең көпұлтты оркестрдің» құрамында 75 этностың өкілдері бар. Барлық музыканттар республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Концерттік бағдарлама барысында Қазақстан Республикасы құрама оркестрінің, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хорының орындауында қазақстандық авторлардың музыкалық композициялары мен әлемдік шығармалар шырқалды. Сондай-ақ би ұжымдары мен басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Жетісу өңірінде қайырымдылық қоржындары үлестірілді

 

Түркістан облысы Полиция департаменті ғимаратында консультативтік кеңес өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Мұхтар Ермековтің төрағалығымен консультативті кеңесші органның отырысы өтті. Оған ІІО-ның ардагері Оспанғазы Жанқожаев, қаламыздың құрметті азаматы Баймахан Сүлейменов, «Түркістан» газеті редакциясының бас директоры Мәлік Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов және департамент бөлімдерінің, қалалық, аудандық бөлім басшылары мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру аясында жүзеге асырылатын жобалар жайлы талқылау, сондай-ақ ұрлық, мал ұрлығы және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алу. Жиын барысында ТО ПД-нің Криминалдық полиция басқармасының полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков алаяқтық, мал ұрлығы, бөтеннің мүлкін ұрлаудың жолын кесу мәселелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қоса қалта ұрлығының былтырғы жылмен салыстырғанда төмендегенін жеткізді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Төреханов полиция қызметінің сервистік модельге көшуі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы баяндама жасады. Мәселен, полицейлер 900-ден аса отбасына барып түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты. Шараға қатысқандар ұрлық пен интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында халық арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіріп, арнайы бейнероликтер мен үгіт-насихат жүргізіп, тұрғындарға толық ескерту жұмыстары жасалу керектігін айтты.

Сонымен қатар, Консультативті-кеңесші органның мүшелері тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынып, полицияның сервистік моделін енгізудің қағидаты бойынша азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасаудың маңыздылығын атап өтті.

 

Полиция үйде қару ұстаған күдіктіні ұстады

Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғындардың бірі өзінде атыс қаруын заңсыз сақтағаны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Бәйдібек АПБ полицейлерімен бірлесіп Бәйдібек ауданының тұрғынын анықтады.

Күдіктінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер "CZ SCORPION" маркалы атыс қаруын тауып алып, тәркіледі. Барлық жағдайды анықтау үшін тәртіп сақшылары жас жігітті Бәйдібек АПБ-ға жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі "қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша тіркелді.

Күдіктінің айтуынша, ол Алматы қаласындағы "жаппай тәртіпсіздік" кезінде атыс қаруын тауып, үйдің шатырында сақтаған. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сонымен қатар, қаруды полицияға өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын естеріңізге салады.

«Линда» атты иттің көмегімен шекарадан «гашиш» есірткісін алып өтпек болған өзбекстандық ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын Қазақстан Республикасына өтерде, оған «Линда» атты ит белгі береді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің аяқ киімінің ұлтарағына жабыстырылған қара түсті пакетке салынған есірткіге ұқсас зат табылды.

Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.

Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «гашиш» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, сақтау, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді.

 

Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алды

Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында бұрылыс жарығын жақпай өтіп кеткен «Ваз 21213» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің иесі 2022 жылдың сәуір айында Түлкібас аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді.

Куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.

Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған азамат қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жасаған ер адам анықталды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның ауылдасы мүгедектік зейнетке шығарып беремін деп, 400 000 теңге ақшасын алған. Алайда, жарты жылдан аса уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай созбалыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар алған бойда тәртіп сақышары бірден іске кірісті. Олар жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай, күдікті ер адам несиелерін жабу үшін осындай әрекетке барған. Ол жәбірленушіден алған ақшаны бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан обысының полицейлері тұрғындарға алаяқтыққа тап болмас үшін, күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан аулақ болуға шақырады. Сонымен қоса, егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз, немесе куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.