Сенбі, 25 Сәуір 2026 15:30

Түркістан облысы: Арыста «Жасыл болашақ» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Арыс қаласының Стадион тұрғын ауданындағы қыр беткейінде «Жасыл болашақ» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға қала әкімі Қайсар Маңқараевтың бастауымен ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, теміржолшылар, депутаттар, түрлі мекеме ұжымдары, ерікті жастар және қала тұрғындары белсенді қатысты.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасында көпшілік Стадион аумағындағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаны ретке келтірді. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қала аумағындағы полигонға шығарылып, санитарлық тазалық талаптарына сай тиісті жұмыстар жүргізілді. Сенбілік барысында қала әкімі тазалық жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қала тазалығы мен экологиялық тәртіпті сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Қайырымдылық пен жанашырлық үлгісін көрсеткен арыстық кәсіпкер «Abeke plov» мейрамханасы сенбілікке қатысқан азаматтарға палау таратып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек, «Арыс минералды су» кәсіпорны мен «ХАН» фастфуд орталығы келушілерге су ұсынса, «Хадиша таба нан» орталығы ыстық нан таратты. Кәсіпкерлердің айтуынша, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын бейжай қарамауы тиіс. Сонымен қатар, қоғамдық іске белсенді атсалысқан азаматтарға Mobibo электронды саудда орталығы түрлі техникалар табыс етсе, тағы 10 азаматқа өнер иесі Ержан Қайратұлының жеке шығармашылық кешіне арнайы билеттер табысталып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді. Аталған шара Арыс қаласында тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды бастамаға айналып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлық көзқарасын айқындай түсті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет