Сенбі, 25 Сәуір 2026 14:16

Мақтааралда «Жасыл болашақ» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» акциясы ұйымдастырылып, Мақтаарал ауданында кең көлемді сенбілік жұмыстары жүргізілді.  Аталған игі шараға мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, жалпы саны 10 мыңға жуық адам өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысында аудан аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Атап айтқанда, орталық саябақтар мен скверлер, гүлзарлар, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойы, сондай-ақ елді мекендердегі орталық көшелер мен арық-атыз жүйелері қоқыстан тазартылды. Экологиялық акция аясында табиғатты көркейту және жасыл желекті көбейту мақсатында 1000 түп көшет отырғызылды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде жалпы аумағы 1000 гектар жер тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі 20 тоннаға жуықтады.

Бұл ауқымды шара – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Мақтаарал ауданының тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің белсенділігі өңірдің тазалығы мен көркіне деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті. «Жасыл болашақ» акциясы аясындағы жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет