Түркістан облысында есірткілік масаң халде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот шешімі шықты

Шардара АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында, күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай кезекті шара барысында полиция қызметкерлері Шардара ауданы көшелерінің бірінде жол ережесін бұзып келе жатқан «Lexus 470» маркалы автокөлікті тоқтатады.

Оны тексеру барысында жүргізушінің сөздері анық болмай, іс-әрекеті күдік тудырған. Полицейлер осы жайтты нақтылау үшін, көлік жүргізушісіне медициналық сараптама тағайындап, куәландырудың қорытындысында оның есірткілік масаң күйі анықталған.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Осылайша жүргізушінің көлігі ақылы автотұраққа қойылды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Шардара аудандық сотының шешімімен күдікті азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру үкімі шықты.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.

Мақтааралдық полицейлер жыл басынан бері 1727 құқық бұзушылықты анықтады

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ерекше бөліміндегі тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігімен белгіленген баптары бойынша, 2022 жылдың 8-айында жалпы нөлдік төзімділік қағидаты бойынша 1727 құқықбұзушылықты анықтады.

Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» - 112, ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру» 5, ҚР ӘҚБтК-нің 423-бабы «Он сегiз жасқа толмаған адамдарға темекiнi және темекi бұйымдарын сату және олардың сатуы» бойынша 3 құқықбұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» 1 құқықбұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы «Белгiленбеген орындарда сауда жасау» 46, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» 504 құқықбұзушылық анықталды.

Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» 481, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» 27, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы «Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» 220 құқықбұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы «Жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзу» бойынша 8 , ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуымен» 7, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2 бөлігі «Кәмелетке толмағандардың заңды өкiлдерiнің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы» 233 құқықбұзушылық және ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша 77 құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік шара көрілген.

Мәселен, егістік алқапқа малдарын қараусыз жібірген тұрғындарды анықтап, Мақтаарал АПБ ЖПҚБ-нің учаскелік полиция инспекторларымен ауыл шаруашылығы жануарын жаю қағидасын бұзған 504 тұлғаны анықтап, олардың әр қайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш, яғни 9189 (тоғыз мың бір жүз сексен тоғыз) теңгеден айыппұл салды.

 

Түркістан облысында өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен 2 ер адам анықталды

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, түнгі уақытта көше бойында тұрған «Ваз-2107» маркалы көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынысыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.

Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті шаралар атқарылды. Нәтижесінде түркістандық полицейлер тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Яғни жүйелі атқарылған жұмыс арқасында, көлікті заңсыз айдаған 2 ер адам анықталды.

Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта көшеден, кілттенбеген көлікті байқап, айдап кеткен. Бүгінде автокөлік заңды иесіне қайтарылды. Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне сақ болуды және көліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ мүмкіндігінше, автокөліктерді күзетілетін тұраққа қойып, күзет дабылымен жабдықтау қажет. Автокөлік ұрланған жағдайда, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Сыйақы береміз деп алаяқтық жасаған әйел анықталды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның ұялы телефонына белгісіз біреу хабарласып, «жұмыспен қамту орталығында жұмыс жасаймын, сізге 360 000 теңге сыйақы береміз» - деп сеніміне кірген. Алайда, оны алу үшін, сіз бізге ақша салуыңыз керек деп, өзінің абонеттік нөміріне 21 000 теңгеден аса ақша салдырып, хабарсыз кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Полицейлер қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін қажетті жұмыстарды жүзеге асырды. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, әйел адам болып шықты. Сезікті әйел алаяқтықпен алған ақшасын, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысының алдын алу үшін жеке деректер мен құпия сөздерді, банк есепшотын ашық көздер арқылы айтуға болмайтынын, ақша аударуға асықпай, сенімді адам екендігіне толық көз жеткізуге кеңес береді.

Тұрғынның мал қорасынан сиыр ұрлаған күдікті ер адам анықталды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның мал қорасында тұрған сиырын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 250 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Полицейлер көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар ер адам анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті түнгі уақыт шамасында тұрғындардың ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, қораның артқы ашық тұрған есігінен кіріп, арам ойын жүзеге асырған. Ұрлаған сиырды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Малыңыз ұрланған немесе жоғалған жағдайда, өз бетіңізше іздеуге уақыт жоғалтпай, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Жетісай: Мерейлі «майорлар» отбасы туралы

Отбасы күні мерекесі аясында ҚР ІІМ "Менің полициям/My police" имидждік-ақпараттық жобасын бастады. Осыған орай сіздердің назарларыңызға Түркістан облысы Жетісай ауданының үлгілі Салтөреевтер отбасын ұсынамыз. Яғни мұндағы бейнероликтен Азамат пен Динаның үлкен ұлы Алпамыстың полиция қызметімен арнайы барып, танысуын көре аласыз.

Нақтырақ айтсақ, бөлмеден бейнебақылау камерасын тауып алған кішкентай Алпамыс, осы құрылғы арқылы полицияның қиын да қауіпті жұмысын түсіруге ниеттенді. Содан ата-анасының рұқсатымен олардың жұмыс орындарына барып, сюжет дайындады. 1 күн бойы полиция бөлімінде болған Алпамыс, ата-анасының жұмысын асқан жауапкершілікпен жасау керектігін түсінді.

Тіпті Жетісай қаласындағы өртке оранған «Күлпаршын ана» базарын тілсіз жаудан ауыздықтауға өрт сөндірушілермен қатар, полицей барғанын көрді. Онда тәртіп сақшыларының қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қылмыстардың алдын алу бағытында қызмет еткенінің куәгері болды. Тұрғындардың ата-анасына алғыс айтқанын көріп, қуанды. Елдің қорғаны боламын деген бала арманына қанат бітті.

Бұл отбасын көпшілік форма киіп, шен таққан мерейлі «майорлар» отбасы деп біледі. Қос жұптың отау құрғандарына биыл 10 жылға жуық уақыт болған. Ерлі-зайыптылар қызмет бабында жүріп танысып, табыстық. Бүгінде екі перзент сүйіп отырған бақытты жанұя.

Учаскелік полиция инспекторлары өз қызметтері жайлы: Таңертең жиналыстан шыққан соң, көшені аралап, халықтың жағдайымен танысамыз. Профилактикалық жұмыстарды атқарамыз. Әрбір үйді аралап, мәліметтерді электрондық базаға ендіріп жатырмыз. Халықта жақсы таниды. Суреттеріміз халық көп жүретін қоғамдық орындарда ілулі тұр"-деп атап өтті.

Шынында қос майор қызметке бірге барады. Бірге түстеніп, кешкісін де қызметтен бірге қайтады. Рейдтерге де бірге шығып, қоғамдық тыныштықты күзетуде де қалтқысыз еңбегімен көрініп келеді.

Аталмыш полицейлердің ұлы Алпамыс та, өскенде полицей болғысы келеді.

 

 

Мақтаарал: «Абайлаңыз, балалар!» акциясы басталды

Абайлаңыз-балалар! атты республикалық акциясы өтуде. Басты мақсаты – жол-көлік жарақаттануының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын балалардың қатысуымен болдырмау.

Акция аясында Атакент кентіне қарасты білім беру мекемелерінде жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары мен жол-патрульдік полиция қызметкерлері бірлесе облыстың барлық мектептерінде мектеп оқушыларының жол-көлік оқиғаларына ұшырау деректерінің алдын алу мақсатында ата-аналармен, ұстаздармен және оқушылармен арнайы дәріс сабақтарын өткізуде.

 

 

Мақтаарал: "Жолда қабылдау" акциясы!

Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының алдында 2022 жылғы қыркүйек айының 09-ы күні Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Е.Надиров, бастықтың бірінші орынбасары полиция подполковнигі Қ.Сатыбалдиев және Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бөлімше бастықтары Түркістан облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес "Жолда қабылдау" акциясы аясында тұрғындарды қабылдады.

Акцияның басты мақсаты – Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету,ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және халықтың үніне құлақ асу, олардың өзекті мәселесі, әр бір сұрағына нақты әрі толық жауап беру болып табылады!

Акция 2022 жылғы қыркүйектің 9-10-ы аралығында өткізіледі.