Жұма, 09 Қыркүйек 2022 07:26

ШАРДАРА: «ПАРАСЫЗ БОЛАШАҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оған қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қоссейіт ауылдық округінде «Парасыз болашақ» тақырыбында үнпарақшалар таратылды. Қоғамның, жастардың жемқорлыққа қарсы иммунитетін, сана-сезімін қалай қалыптастыруға болады? Жемқорлықтың мемлекетімізге әкелетін зардаптары мен зиянды тұстары қандай? Мақсат осы сұрақтарға жауап алу. Алдын-алу сипатындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуі қажет деп санайды жастар.  

Мұндай іс-шаралар мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының барлық негізгі тұстарын қолжетімді формада жеткізуі керек. Сонымен қатар,парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мақсатында ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, ырым-тыйымын насихаттасақ нұр үстіне нұр болар еді. Нақты ақпаратты жеткізуде жастармен кері байланыс алу, тәжірибеде әрбір оқу орнында, басқа да мекемелерде жемқорлық тәуекелдерін қалыптастыратын сұрақтар мен мәселелерді нақтылау маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс формальды сипатта емес, нақты ұйымдастырылуы қажет.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады.

Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

 

Оқылды 427 рет