Жұма, 24 Сәуір 2026 21:38

Түркістан халықаралық әуежайын дамыту бойынша ынтымақтастық орнатылды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджановамен кездесті. Кездесуде Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту және сенімгерлік басқаруға беру, ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары әуежейдың әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары екеніне тоқталды.

– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тұрақты әуе рейстерін орындап келеді. Әуежайға халықаралық авиациялық ұйымдардың ICAO және IATA кодтары берілген, сондай-ақ ол ИКАО-ның 1-санатына жатады. Бүгінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. Жүк терминалының аумағы 0,5 гектар болса, оның өткізу мүмкіндігі тәулігіне 60 тоннаға жетеді. Ұшу-қону жолағының өлшемі 3300 × 45 метр, ал әуежайдың жалпы аумағы 905 гектарды құрайды. Аэровокзал кешенінің ауданы – 10 750 шаршы метр. Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы «Әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл – алдағы уақытта әуежайды толыққанды авиахаб ретінде қалыптастыруға, соның ішінде авиаотын кешенін жаңғыртуға және перрон аумағын кеңейтуге кең мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Түркістанды халықаралық әуе қатынастарының маңызды орталығына айналдыру. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру және өзара тиімді серіктестікті нығайту мақсатында сіздерді бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға шақырамын. Бұл құжат алдағы уақытта нақты жобаларды іске асыруға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және Түркістан халықаралық әуежайы базасында заманауи авиахаб қалыптастыруға берік негіз болады деп сенемін, – деді Еркебұлан Дауылбаев.

«JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова бұл әріптестік қос тарапқа да пайдалы әрі әуежайдың әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Кездесу нәтижесінде облыс әкімдігі мен аталған компания арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, Түркістандағы аэродром Б класына жатады. Оның жүк көтергіштігі 80/F/C/W/T көрсеткішіне сәйкес келеді, бұл барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әуежай бір мезгілде 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейске қызмет көрсете алады.

Еліміздің қолайлы географиялық орналасуы көлік-логистика және транзиттік тасымалдарды дамытуда маңызды рөл атқаратыны белгілі. Өңірдің әуе кеңістігі арқылы тәулігіне 200-ден астам әуе кемесінің өтуі – әуежайды халықаралық деңгейдегі транзиттік хаб ретінде дамытуға зор мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 277 техникалық қону жүзеге асырылды, 99 жүк рейсі орындалды. Жалпы көлемі 2 537 тонна авиациялық жүк өңделді, оның басым бөлігі Қытайдан Еуропа одағы мен Араб елдеріне бағытталған транзиттік жүктер болды. Бұл көрсеткіштер әуежайдың даму әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 10 рет