Жұма, 24 Сәуір 2026 20:34

Түркістан облысы: Жетісайда сымтемір өңдейтін цех іске қосылды

Түркістан облысы Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны іске қосылды. Жетісай қаласында орналасқан «Жасурбек строй» шағын цехы темір сымнан тоқылған қоршаулар өндірумен айналысады.

Кәсіпорын 2026 жылдың наурыз айында кәсіпкердің жеке инвестициясы есебінен ашылған. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1500 погонометрді құрайды. Қазіргі таңда цехта 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті шикізат Шымкент қаласынан жеткізіледі. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс сапарымен аталған нысанда болып, өндіріс барысымен танысты. Кездесу барысында кәсіпкер Жасурбек Сабиров қазіргі таңда жергілікті тұрғындар мен құрылыс компанияларының тапсырыстары бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін атап өтті. Аудан әкімі өз кезегінде кәсіпкерге өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалар аясында қаржыландыру, өндіріске қажетті инфрақұрылымдарды дамыту және мемлекет тарапынан қарастырылған басқа да қолдаулар мен жеңілдіктерді түсіндіріп, пікір алмасты. Айта кетейік, Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 10 рет