Түркістан облысында тұрғынның ұялы телефонын күштеп тартып алған күдікті анықталды

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оған қала көшелерінің бірінде түнгі уақытта белгісіз біреулер шабуыл жасап, құны 100 мың теңге тұратын "Самсунг" ұялы телефонын тартып алған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркелді. Оқиға орнына түркістандық полицейлер шықты.

Күдіктіні ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жедел шаралардың нәтижесінде тонау қылмысына қатысы бар 3 бірдей күдікті азамат қолға түсті. Олар жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай сезіктілер сол сәтте жәбірленушінің мас халде болғанын көріп, өз арам ойларын жүзеге асырған.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және ұялы телефондарды қараусыз қалдырмауды ұсынады. Егер, сіз, тонаудың немесе бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Мақтаарал: «Абайлаңыз, балалар!» акциясы

Абайлаңыз-балалар! атты республикалық акциясы өтуде. Басты мақсаты – жол-көлік жарақаттануының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын балалардың қатысуымен болдырмау.

Акция аясында Мақтаарал ауданы көлемінде жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары мен жол-патрульдік полиция қызметкерлері бірлесе облыстың барлық мектептерінде мектеп оқушыларының жол-көлік оқиғаларына ұшырау деректерінің алдын алу мақсатында ата-аналармен, ұстаздармен және оқушылармен арнайы дәріс сабақтарын өткізуде.

Онда балаларға жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, жол қозғалысы ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Балалар демалыс және мереке күндері көптеген жағдайда бақылаусыз қалып жатады, яғни каникул мезгілінде балалар уақытын көшеде өткізсе, жол жиектерінде ойнайды, жолға жүгіріп шығады, өкінішке орай жол-көлік оқиғаларына қатысушы болып жатады. Сондықтан, ата-аналарды немқұрайлық танытпағаны абзал.

Акция аясында білім беру органдарымен, мектептегі қозғалыстың жас инспекторлары жасақтарымен бірлесіп, автокөлік құралдары жүргізушілеріне жадынамалар, жол тақырыбына жазылған балалар шығармалары үлестіріліп, «Жүргізуші назарына!» насихат акциясы ұйымдастырылады.

Президент жолдауы бойынша тәртіп сақшыларына тапсырмалар берілді

Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков мәжіліс залында Президент жолдауы бойынша жиналыс өткізді. Жиынға жеке құрам қызметкерлері қатысты. Басты мақсат – жолдауға байланысты Ішкі істер саласына қатысты ақпараттарды айту.

Осы тұрғыда жиналыс барысында жолдаудың бағыттары жайлы жеке құрамға толық қанды ақпараттар берілді. Полицейлерге қатысты 5-бағдары бойынша Ішкі істер саласы жұмысының басымдылығына баса назар аудару керектігі айтылды. Яғни саланың барлық басымдылығына байланысты бөлім басшыларына тапсырмалар берді.

Сонымен қатар жеке құрамның идеялогиялық тұрғыдан өз кәсіби шеберліктерін одан әрі жетілдіру, қоғамда ішкі істер саласына, заңға деген сенім мен қауіпсіздікті барынша насихаттау жайлы айтылды.

Жолдау қалың елдің ойын дөп басып, көптің көңілінен шыққаны анық. Қорыта келе осынау қилы кезеңде қиындықтарға қарамастан, ұлттық бірлікке ұмтылған Қазақ елі мен Президентімізге зор денсаулық, күш-жігер тілейміз!

Ал облысымыздың полиция қызметкерлері түрлі қылмысты ашуда табандылық танытып, алдағы уақытта ел үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз.

Шардара: Деструктивті діни ағымдардың алдын алу

Шардара ауданында дін саласындағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында кездесуге Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров қатысты.

Сөз кезегінде Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс - тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты - діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді. Жат ағымның жетегінде кетіп адасқандар көп. Әсіресе, жастар жағы. Тез елітіп, жылы сөзге тез еріп кететін болғандықтан, солай. Ал бір рет жаңылысып, жаза басқанды қайта қатаруға қосу оңай емес. Жас буынды қауіп - қатерден сақтандырудың бірден - бір жолы алдын алу. Теріс діни ағымдардың зияндығы жайлы түсіндіріліп, тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімімен таныстырылды. Зайырлы қоғамда өскен ұрпақ теріс діни сенімдердің торына байланбай, әр нәрсеге сыншыл санамен қарайтын, жан - жақты білім алуға ұмтылған және де өзге дін өкілдеріне құрметпен қарайтын азамат болып өсуі тиіс екендігі туралы айтылды. Дін мәселесінде сұрақ туындаған кезде жауапты ең бірінші Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарынан іздеген абзал екендігін айтты. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп қатарына тартатынын тілге тиек етті.Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады.

Бүгінгі таңда қоғамда дін атын жамылып ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың пайда болғаны белгілі. Сонымен елімізде дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының күшеюімен бірге шет елдік миссионердің белсенді қызметі арқасында протестанттық ағымдардың «Иегова куәгерлері», «Агапе», «Жаңа өмір», «Жаңа аспан», «Благая весть» және т.б. жұмыс істеуде. Рон Хаббард негізін салған Саентология шіркеуі. «Кришна санасы» қоғамы елімізде әрекет етіп отырған жаңа діни ағымдардың бірі. Бұл діни ағым жастар арасында таралып жатыр. Бұл ағымдар өздеріне тән әдістері мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Миссионерлік жұмыстарын белсенді жүргізеді: кеңаудиторияларда,концерт залдарында, кинотеатарларда. Сондай-ақ қайырымдылық жұмыстарын жақсы ұйымдастырады. Бұл ағымдар өз ұйым мүшелерінің құқығын бұзып,«сананы бақылау» әдісі арқылы денсаулығына, психикасына зиянын тигізеді. Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. Деструктивтік діни ағымдар мүшелерін меншікті заттай қарайды. Ағым мүшелерінің рационалдық ойлаудан бас тартуы, ең қауіпті салдар болып саналады. Сонымен қатар, адамның жеке басына тәуелділікке бейімділікті, дербессіздікті және тұйықтықты енгізу, тағы да мұндай топтастықтың біріктіру сипатын күшейтеді. Сол сияқты дін атын жамылған ағымдардың мүшелігіне көп жағдайда жастардың, соның ішінде кәмилеттік жасқа толмаған азаматтардың өтуі таңғаларлық жәйт емес. Саентологтар заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық тәсілдермен айналысады. Қазақстан Республикасындағы Кришна санасының қоғамы мүшелері адамгершілікке жатпайтын және үндеу мен жаза түрінде олардың абыройын аяққа таптайтын азапқа неліктен душар етеді. «Брахма Кумарис», Сан Мен Мун бірлестігінің қозғалысы, Иегова куәгерлері бірлестігінің ерушілері тіленушілікпен айналысып жатқанда, оларды оңай пайдаланып, өз діни бірлестігі үшін тегін еңбек жасатқызады. Сан Мен Мун бірлестігінің қозғалысы, Саентология шіркеуінің жетекшілері өз жиындарында гипноз және басқа да психологиялық сендіру әдістерін қолданады. 

Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, ең қауіпті қазіргі заманғы деструктивтік діндер: «Саентология шіркеуі» және басқа да хаббардтық ұйымдар (дианектика орталығы, «Нарконон», «Криминон» және т.б.), «Иегова куәгерлері», «Иисус Христос қасиетті соңғы күн шіркеуі» (мормондар), «Бірігу шіркеуі» және басқа муниттік ұйымдар, «Кришна санасының қоғамы» және басқа неокришнаиттік, Шри Чинмоя культі, «Брахма Кумарис», «Аум Синрике» және оның бөлшектері, мысалы, «Гухъясамаджа», «Фалуньгун», «Жанұя» («Құдай балалары»), «Сенім қозғалысы» (елукүншіліктер, әртүрлі «толық Евангелия шіркеуі» және т.б.), «Ақ ағайындылар», «Соңғы өсиет шіркеуі», уаххабиттер және басқа экстремистік ағымдар, К.Кастанеда ерушілері, Лазарева ерушілері, түрлі комерциялық, және дін атын жамылған ағымдар. Адамның имандылық жөніндегі пікірлері де әртүрлі. Имандылық-адамның ішкі әлемінің татулығы, қоғаммен, табиғатпен үйлесімді болуы. Әрбір адам қоршаған ортасын қадірлеп, айналасындағы адамдарды сыйласа, мемлекетттің заңдарына құрметпен қараса, пайдалы істер жасаса, осының барлығы айналып келгенде имандыллыққа саяды.

ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» ЖАЛПЫРЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

Шымкент қаласында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы бастау алмақ.
Қыркүйек айында Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы басталады.

Акцияны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары ұйымдастырып отыр.

Шымкентте де  16 қыркүйек күні жергілікті уақытпен сағат 16: 00-де «Халық заңгері» республикалық акциясы өтеді.

Өтетін мекенжайы: Тәуке Хан даңғылы, 5(М.Әуезов атындағы ОҚУ,басты корпус). Кіру тегін.

Жалпыреспубликалық акцияның негізгі мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету.

Іс-шара барысында кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және т. б. бар. Тіпті, акция форматының ауқымы мен географиясы  Қазақстанда ғана емес  әлемде де  өте үлкен.

 Қазақстанда бүгінде «Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналған.  Іс-шараға қатысқан қарапайым қазақстандықтар өз алғыстарын білдіріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2016-2019 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзіретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 100 000-нан астам азамат кеңес алды.

Айта кету керек карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылды. Ал 2022 жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды.

Түркістан: Діни радикализмнің соңы білімнен алыстау

 Білім алу – құндылығы өшпейтін, құны алтынға бергісіз өміршең қағида. Адамзат тарихына зер сала қарар болсақ, қашан да білімділердің аты осы күнге дейін өшпей өзіндік орнын тауып келеді. Осы күнгі озық технологиялардың да қарыштап дамуына тек біліммен ғана қол жеткізіп отырғаны мәлім. Адамзат баласы білімді болудың арқасында аспан есіктерін тауып, адам аяғы тимеген айға табан тіреуде. Ақыл – тозбайтын тон, білім сарқылмайтын – қазына деген нақыл сөз осының айғағы іспетті. М.Әуезовтың тілімен айтқанда «Ел мен елді, адам мен адамды теңестірер нәрсе – білім».Қазіргі таңда есітіп жатамыз «ғылыми яғни дүнияуи білімді алудың керегі қанша? Бәрібірде ақыретте құлшылық, ғибадатымыздан сұраламыз» дегендей сөздерді. Ия рас, ақырет әлемінде әуелі құлшылығыңнан, сұралатындығың ақиқат. Бірақ, осылай екен деп дінді ғана оқып, құлшылықпен ғана айналысып ғылымды ысырып қоюға әсте болмаса керекті. Себебі Құран Кәрімде және хадис шәрифтерге ден қояр болсақ жоғарыда айтып өткендей дүниелік білімнің не керегі бар? деген жандардың сөзі жаңсақ пікірде жүргендігіне көз жеткіземіз. Құран кәрімнің алғашқы аяты «Алақ» сүресіде «Оқы!» «Сені жаратқан Раббыңның атымен Оқы!» деп білім алуға шақырумен басталады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадис шарифінде «Білім алу, тал бесіктен, жер бесікке дейін» - деп, оқуға, ғылым үйренуге жол нұсқайды. Осы жолды ұстанған алдыңғы дәуірлерде өмір сүрген мұсылмандар ислам дінін бүкіл әлемге білімнің, ғылымның діні ретінде танытты. Олай дейтініміз ислам келмей тұрып Еуропа қандай болды, ислам келгеннен кейінгі Еуропа қандай болды. Ғылымның өркен жаюымен Ренессанс дәуірі деген атақта алды. Тіпті ислам діні келмей тұрып жаһилият дәуірі  деген жаман атты алған Араб түбегінде адамның құқықтары сақтала бастады. Әсіресе қоғамдағы әйел адамның құқығын алып берді. Яғни алғашқы заң жобасы қалыптаса бастады.«Зүмәр» сүресінің 9-аятындағы «Білетіндер  мен білмейтіндер теңбе?» - деп келетін аят жолдарының өзі білім алу шақырып тұр. Ал қоғамда жаппай сауатсыздық жайласа оның арты түрлі қылмысқа, бейберекетсіздікке алып келетіні ақиқат. Себебі оқымаған, білім алмаған адам қылмысқа, кім не айтса соған иланғыш, сенгіш келеді. Құран Кәрім аяттарында ақылға салмайсыңдар ма, ойланбайсыңдар ма, деп бірнеше жерде ақылға салу туралы аяттар келеді. Соңғы жылдары теріс діни бағытты ұстанушы азаматтардың жақын туыстары ауырып хәл үстінде жатқанда емделуден, алғашқы көмек алудан бас тартып «ауруды берген Алла, шипасында береді» деп қол қусырып, орны толмас өкінішке алып келіп жатқаны қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Бірақ дін осыған шақыра ма?! Жоқ, әсте ислам діні бұл нәрсеге шақырмаса керекті. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадис шәрифінде былай дейді: «Алла Тағала ауруды да, оның дауасында берген. Әрбір ауруға бір дауа берген. Олай болса емделіңдер» - деп бұйырады. Еуропа оба мен шешектен қырылып жатқанда шығыста аты  күллі әлемге мәшһүр болған Ибн Синаның мұндай ауруларды емдеп жатты. Тіпті «Шифа» атты іргелі шипагерлік кітабы Еуропа кітапханаларында 600 жылдай өзінің құндылығын жоғалтпай оқытылды. Яғни алма піс, аузыма түс деп отыру мұсылманға жараспас іс.Қазіргі қоғамда ащы да болса болып жатқан оқиғаның бірі өздерін мұсылман санап қыз балаларын мектеп бітіре салысымен ЖОО оқуына қарсы болып тұрмысқа беріп жіберулері. Әрине өз баласы болған соң өзі білер. Бірақ, бұл дегеніміз бір адамның оқуына, өмірді жан-жақты танып білуіне кедергі жасауда. Ал осы турасында Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадисінде: «Білім алу әрбір мұсылман еркекке де, әйелге де парыз» - деген екен. Дінді бір жақты түсініп алып тек менікі дұрыс деген ойдан аулақ болған жөн. Сириядағы қақтығыс аймақтарына жиһад ұранымен кейбір намазхан бауырлардың алданып кетуіне де осы білімсіздік кінәлі. Себебі «жиһад» дегенді тек кәпірлерге қарсы соғысу деп түсінген. Ал шындығында жиһад дегеніміз тек өз нәпсіңмен күресу ғана екендігін білмеген. Ал жиһад жариялау үшін ел басшысы және муфтидің пәтуәсімен ғана болатыны ойына да кіріп шықпаған.Соңғы уақыттары дінде жүрген, өздерін мұсылманбыз деп жүрген көптеген бауырларымыздың сөзіне қарап тұрсаң «жер тегіс, жер күнді емес, күн жерді айналады» - деп ұстаздарымыз айтқан деген секілді сөздерді естіп жатамыз. Ал шындығында дін қалай дейді бұл туралы. Бұл мәселеде ислам келмей тұрып ежелгі грек философтары Пифагор, Аристотель сияқты ойшылдар жердің домалақ екендігін айтып кеткен болатын. Бертін келе астрономия ғылымына байланысты 45-жуық іргелі ғылыми еңбек жазған әл-Бируни математикалық жолмен есептеп жердің домалақ шар тәріздес екенін айтып кеткен болатын. Кейін келе 500 жыл өткен соң италиян ғалымы Г.Галилей арнайы аспаптың көмегімен жердің формасы домалақ деген шешімге келген. Осы тұста Құран Кәрімнің «Назиғат» сүресінің 30 аятында: «Одан соң жерді түйеқұстың жұмыртқасына сияқты етті» - дейді. Яғни жердің формасы домалақ шар тәріздес деген сөз. Бұл бір талқылауды, пікірталасуды қажет етпейтін мәселе еді. Бірақ та жер домалақ болатын болса, ақыры жер айналатын болса неге кеш батқан кезде біз аспаннан салбырап қалмаймыз деп жүргенде баршылық арамызда. Яғни бұл намазхан, мұсылман бауырларымыздың тек дінде ғана емес ғылымнан да мақұрым қалғандығының көрінісі.Қорытындылай келе айтпақшы болғанымыз мұсылман адам дін мен ғылымды қатар алып жүруі қажет. Жоқ, маған дүниелік ғылымды үйреніп не керек, бәрібір де ақыретте пайдасы жоқ деген пікірден алыс жүрген абзал. Қазіргі ғылым саласында пәндік оқуларды (математика, география, биология, психология, социология) мұсылман ғалымдары алғаш болып ашып, зерттеп белгілі бір ғылым саласы ретінде дамытты. Бірақ, сол заманда қатар өмір сүрген дін ғұламалары оларды діннен шықтың, ширк, бидғат деп айыптамады. Тіпті Орта Азиядағы медреселерде де аты аталған пәндер шариғат заңымен қатар оқытылғандығы ақиқат. Қазіргі күнде атын ардақтап жүрген Алаш арыстары да сол медреселерде оқып, шариғат заңымен қоса дүниелік ғылымды да қатар меңгеріп шығып халыққа қызмет еткені, сол мектеп оқулықтарынан белгілі.  Қазіргі ғылымның әртүрлі саласында қолданылып жүрген көптеген технологиялар Құран Кәрімде ишара түрінде айтылған. Мәселен доктилоскопия, аспанның жеті қабаттан тұратынын, болашақта адам баласының ғарышты бағындыратындығы жайында ишаралар білдірілген. Ең бастысы Құран «Оқы» деп басталды. Қазіргі таңда да оқу, білім, ғылым сөздері өзінің құндылығын жоймай келеді. Ғылымның әртүрлі салаларында адам игілігі үшін күн сайын жаңалықтар ашылуда. Алла Тағала Құран Кәрімнің аяттарында «ойланбайсыңдарма, ақыл иелері үшін жаратылыстарда ғибраттар бар» - деп адамзатты білім-ғылымға шақыруда. Ат үстінде жүріп, ұлан байтақ даланы қорғап, осы күнге мирас еткен бабаларымызда білімді бірінші орынға қоя білген. Кезінде Жиренше шешен Әз-Жәнібектің не өлмейді? деген сұрағына:Ғалымның аты өлмейді,Жазған хаты өлмейді деген екен. Хакім Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде «..... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!...» деп жалпы қазақты оқуға, білім алуға үндейді. Қазақтың ағартушы ұстазы Ы.Алтынсарин атамызда өзінің өлең жолдарын:

Бір Аллаға сыйынып,Кел балалар оқылық деп – қазақ балаларына хрестоматия жазып, тек білім беруге, әріп танытуға ұмтылған. Яғни, тек мұхтасар ғылымхал немесе фикһ, хадис ілімін оқытпаған. Замана көшінен қалмай, алға ілгерілеу үшін – әуелі, білмек, танымақ керек. Білім қашан да болмасын ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қала берері сөзсіз.

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы       

 

 

КЕНТАУ: ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ!

Нашақорлық деген әлем жұртшылығын аса қатерлі дерттің бірі. Толып жатқан жұқпалы аурулардың пайда болуына әртүрлі себептер әсер етсе, нашақорлық дертін өзіне-өзі жасап алады. Кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелерінің бірі болып отыр. Соңғы он жылда еліміздегі нашақорлар тобы молайып, оның ішінде балалар арасындағы есірткіге құмарлар қатары артқан. Соның ішінде есірткі дертіне шалдыққандардың жасы отыз жастан жоғары емес. Бұл жағдай күннен-күнге есірткі пайдаланушылардың «жасарып» келе жатқандығын дәлелдейді. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналып, жыл сайын ата-ана, туған-туыстарына қайғы-қасірет әкеліп жатыр.

Есірткімен күрес жүргізіп отырған полициялардың ұраны осы. Қазіргі таңда халықпен жұмыс істеудің әртүрлі формалары ойластырылып, жүргізіліп отыр. Қашанда ел тәртібін күзеткен полиция қызметкерлері халықпен етене тығыз байланысты, сондықтан азаматтарға, әсіресе, жасөспірімдерге ұдайы профилактикалық жұмыстар жүргізілуде және арнайы іс-шаралар өткізілуде.

Есірткі - адамның қас жауы. Бұл мәселеге бей-жай қарамай, бірге күресуге шақырамыз! Есірткі-ғасыр дерті. Есірткі түрлері әр алуан болып келеді және бағасы адам ойламайтын құнға жетеді. Оларды тізіп айта берсек, өте көп. Мысалы: кокаин, героин, конопля, ханка, мак, гашиш т.б. Көптеген жасөспірімдер нашақорлыққа бет алуды анашадан бастайды. «Жұт-жеті ағайынды» - деген сөз бекер айтылмаса керек. Нашақорлықтан туындайтын қиындықтар өте көп. Нашақорлар жиналып бір ғана инені қолданады. Соның салдарынан бір-біріне СПИД секілді екінші бір жазылмас дертті жұқтырады. Сонымен бірге нашақорлар әрдайым қылмыс жасауға бейім тұрады. Марихуананың буына масайраған жандар кісі өлтіруден де тайынбайды.  
Сол нашақорлыққа алып келетін, есірткі заттарының шығу тарихын білу үшін тарих беттеріне үңілсек, біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда анаша пайдаланылды деген дерек бар. Көкнәрді Египетте емдік және діни ғұрыптарда пайдаланғаны туралы грек тарихшысы Геродоттың да еңбектерінен кездестіруге болады. Ең алғаш рет есірткінің зиянын шығыс ғұламасы Ибн Сина жазып көрсеткен. Көкнәрдің таралуы XIX ғасырда кеңінен етек алды. Ол үшін Англия мен Қытай арасында соғыс та болды. XX ғасырдың ортасында дамыған батыс елдерінде нашақорлық пен есірткі айналымы қауіпті жағдайға жетті. Бұл жағынан АҚШ бірінші орынға ие болды. Есірткіге қарсы күрес XX ғасырдың басында халықаралық сипат алып, арнайы құжаттармен бекітілді. 1946 жылдан бақылау Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырына көшті.
         Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, сондықтан әңгімеміз тек жасөспірімдер арасындағы нашақорлыққа салынудың себептері неде? Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Олар жас болғандықтан қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді.
Нашақордың, мейлі ол тек марихуана шеккеннің өзінде жасы ұзаққа созылмайды. Марихуана шегетіндердің ең алдымен өкпесі қабынады, бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да адам өлімге дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар марихуананың бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді. Ал осы есірткі түрінің миға кері әсерінің салдарынан адамның жаттауға қабілеті нашарлап, ұмытшақ етеді. Марихуана шегушілердің басқалармен қарым-қатынас жасауға құлқы болмайды. Есірткінің опиат тобындағы түрлерін қолдану нашақорлар арасындағы өлімнің және мүгедектің басты себебі болып табылады. Опиатты есірткілерді (морфин, героин, кодеин, метадон) және басқалары ең алдымен ине шаншу арқылы колданады. Сондықтан оларды қолдану кезінде ең қауіпті аурулар — СПИД, сифилис жөне гепатит жұқтыру мүмкіндігі күрт жоғарылайды. Нашақорлардың көбісі осы үш аурумен ауырады. Гепатит, оған қоса есірткі заттармен улану бауырдың дистрофиясына алып келеді де, адам мүгедек болып қалады. Көкнәр шикізатын ацетон, бензол, толуол, уксус ангидриді секілді органикалық еріткіштермен өндейтіндіктен қолданылатын есірткіде олардың 5% қалады. Есірткі қанда қалады да, еріткіш заттар бауырды күйдіріп, сонда шөгеді.
Есірткі дегеніміз –грекше наркоз,ұйықтату,ұйқымен ұмыттыру мен жансыздандыруды білдіреді. Есірткі – бұл адамның көңіл –күйін,сана-сезімін,мінез-құлқын бұзатын қауіпті тыйым салынған химиялық зат.               Ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады және аса қауіпті,айығу үмітсіз. Әлеуметтік дерті адамның сезімін толықтай жансыздандырады деуге болады. Сондықтан, әлеуметтік жағынан азғынға, жансызға айналғыңыз келмесе, жастар, қатарластарым-есірткіге жолама!
Кішкене кезімізден қазақи тәрбиенің тәлімін алып, қаспағын қорек еткен отбасында өсіп келемін. Қазақы тәрбие біздің отбасында бір ғана сөзбен айқындалады, ол “ұят болады”. Қазағымның қағаз бетіне басылмаған “ар-ұят кодексінде” жаман әдетке ешқашан орын болмаған. Яғни, ессіздің қорегі болған есірткі түгілі, беті ашық қалған арам асты да татып ауызға алмаған қазағыма тансық бұл жаман әдеттің қайдан жабысқаны белгісіз.
Елбасымыз: «.....есірткі дертіне ұшыраған қоғам қауіпсіз бола алмайды» делінген. Қоғам қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асыру керек. Есірткісіз болашақ – ең жарқын болашақ. Болашағымыз нұрлы болсын десек, зиянды әдеттерден, есіртікіден бойымызды аулақ ұстайық. Салауатты өмір салтын ұстанайық.

 

 

Түркістан қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары пара алғаны үшін айыпты деп танылды

Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде Түркістан қалалық соты Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзге және осы бөлімнің бас маман - бухгалтері Салтанат Матибаеваға қатысты айыптау үкімін шығарды.

Сот үкімімен Н.Жаманкөзге 73,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, С.Матибаеваға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен белгіленді.

Сот сондай-ақ, сотталғандарды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырды.

Сотталушылар Түркістан қаласының Отырар шағын ауданында сыртқы желілерді төсеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен ЖШС өкілінен 1,1 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

С.Матибаеваға қатысты сот үкімнің орындалуы ҚР ҚК 74 - бабына сәйкес, кәмелет жасына толмаған балаларының болуына байланысты 5 жылға дейін кейінге қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.