ТҮРКІСТАН: «ЖАСӨСПІРІМ» ШАРАСЫ 400 ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

"Жасөспірім" іс-шарасының екі тәулігінде 400-ден астам құқық бұзушылық анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 19-21 қыркүйек аралығында Түркістан облысының аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тиісті мемлекеттік органдар мен БАҚ-ты тарта отырып, "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Нәтижесінде облыс аумағында іс-шарасының екі тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері 412 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде: Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша 22 құқық бұзушылық анықталды. Ал жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы «Қоғамдық орында мас күйінде болу» бойынша 13 құқық бұзушылық тіркелді. Заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болған 35 жасөспірімнің ата-анасына ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Оған қоса ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы» 331 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік шарасы көрілген. ІІО-да профилактикалық есепке барлығы 66 адам қойылды. Онда құқық бұзушылыққа бейім 33 кәмелетке толмағандар мен 30 қолайсыз отбасы бар.

Мәселен облыс орталығында Түркістан ҚПБ-ның тәртіп сақшылары түнгі уақытта рейд жүргізді. Нәтижесінде заңды өкілінсіз жүрген 10 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Түркістан қаласында орналасқан ойынхана иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен «Кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру» әкімшілік жауапкершілігі қаралды.

Жалпы «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты - қылмыстың алдын алу және жолын кесу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарды (кафе, компьютерлік ойындар, саябақтар, аулалар) және басқа да орындарды тексереді. Осы тұста Түркістан облысының полицейлері аталмыш іс-шара облыстың барлық аудандары мен қалаларында өткізіліп жатқанын хабарлайды.

Сарыағашта шетелдік көлікті ҚР-нің есебіне тіркеп беремін деп, алаяқтық жасаған

 Шетелдік көлікті ҚР-нің есебіне тіркеп беремін деп, алаяқтық жасаған ер адам анықталды.

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ол арызында белгісіз танымайтын тұлға сеніміне кіріп, шетелден әкелінген «Subaru impreza» автокөлігін ҚР есебіне тіркеп беремін деп 800 000 теңгесін алғанын көрсеткен. Алайда танысы 4 ай өтсе де түрлі сылтауды айтып не ақшасын қайтармаған, не уәдесін орындамаған. Осыдан соң алаяқтың құрбаны болғанын түсінген ер адам полицейлерден көмек сұрады.

Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары жедел-іздестру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеріп, сұрастырды.

Нәтижесінде полицейлер күдікті азаматты тәулік ішінде анықтады.

Белгілі болғандай, алаяқ жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, түрлі сылтауларды айтып ақшасын бермей уақытын ұзартып жүрген. Осылайша күдікті ер азамат пайдакүнемдік ниетпен, алаяқтық жолмен оңай ақша тапқысы келген. Алаяқ алған ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық әрекеттерін болдырмау үшін, азаматтарға мұқият болуды және күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеуге кеңес береді.

ТҮРКІСТАН: КӨЛІГІНЕН ТАПАНША МЕН ОҚ ДӘРІ ТАБЫЛДЫ

Полицейлер көлігінде 2 бірдей тапанша мен оқ-дәрі сақтаған тұрғынды анықтады

Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті көше бойын патрульдеу барысында, полицейлердің назарына күмәнді "ВАЗ" автокөлігі ілінеді.

Полицейлер тексеру кезінде көліктен травматикалық тапаншаға ұқсас 2 дана қару мен оқ-дәрілер тапты. Тәртіп сақшылары жүргізушіден айғақты зат ретінде қаруларды тәркілеп алып, ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты. Қаруға қатысты сараптама тағайындалды.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Күнделікті атқарылатын мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар түрлі қылмыстардың төмендеуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.

САРЫАҒАШ: ШЕТЕЛДІКТЕН ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ

Түркістан облысының полицейлері шетел азаматынан есірткі затын тәркіледі

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне "Жібек жолы" шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, шетелдік азаматтардың бірін бекеттен өткізу кезінде «Минти» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.

Шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты "гашиш" болып шықты.

Қазіргі таңда шетел азаматы қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 286-бабы "Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері есірткі затын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

ҚАЗЫҒҰРТТА ЖЫЛҚЫШЫ 1 ҮЙІР ЖЫЛҚЫНЫ ТАЛАН ТАРАЖҒА САЛҒАН

Полицейлер 1 үйір жылқыны талан-таражға салған жылқышыны анықтады.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол танысына бағу үшін 12 бас жылқысын сеніп тапсырған. Алайда жылқышы ірі қараларды талан-таражға салған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 4 000 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер адам анықталды. Ол сеніп тапсырылған бөтеннің малын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру қажет. Ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Қырағы болып тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдаңыздар.

ШЫМКЕНТ: ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАРЫ ДА МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРЕТІН ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕК КӨРСЕТЕДІ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында, Шымкент қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекова, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

– Осыған дейін бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін азаматтар үшін тегін заңгерлік көмекті адвокаттар ғана көрсетсе, енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, заң консультанттарына да осындай мүмкіндік беріліп отыр. Қазіргі таңда жалпы Шымкент қаласы бойынша тіркелген 459 адвокаттың ішінде 119 адвокат мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсетсе, енді 1 119 заң кеңесшісі осы бағытта жұмыс атқаратын болады, - деді Айнұр Ақжігітқызы.

Спикердің сөзінше, 2021 жылы Шымкент қаласының адвокаттары мемлекеттік бюджет есебінен азаматтар үшін тегін көрсетілетін заңгерлік көмек шеңберінде 8 624 тұлғаға қызмет көрсетсе, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде – 7 742 тұлғаға заң көмегін көрсетті.

Адвокаттар қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер шеңберінде өкілдік ету мен қорғауды жүзеге асырады, сондай-ақ құқықтық консультация беру түрінде, оның ішінде құқықтық сипаттағы өтініштер, шағымдар мен құжаттарды жасауға көмектеседі.

Ққұқықтық кеңес беру түрінде МКЗК:

1. Жеке тұлғаларға алимент өндіру, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша;

2. жыныстық зорлық-зомбылықтың, адам саудасының, лаңкестік актінің құрбандары немесе осы мәртебеге немесе жағдайға байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандар;

3. асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар;

4. еңбекпен байланысты денсаулығына келтірілген зиян немесе қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

5. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген Ұлы Отан соғысына қатысушылар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді әскери міндеттілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша;

6. кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасылар;

7. кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, белгіленген кедейлік шегінен төмен (32 749 тг) жан басына шаққандағы орташа табысы аз қамтылған азаматтар (отбасылар).

Заң көмегі бюджет есебінен келесі азаматтық істер бойынша төленуі мүмкін:

• асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы;

• жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу;

• ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар;

• көп балалы отбасылардағы балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы;

• тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты даулар бойынша;

• Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілгендер, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді әскери қызметшілері, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша;

• Заңға сәйкес ақталған адамдардың зиянды өтеуі туралы даулар бойынша.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қорғаушының іс жүргізуге қатысуы міндетті, егер:

• бұл туралы әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлға өтініш жасаса;

• әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты өзінің қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмаса;

• әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлға іс жүргізу жүргізіліп жатқан тілді білмесе;

• әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлға кәмелетке толмаған жасында болса.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтініш жасаған тұлға:

- Өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті;

- Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттарына әсер ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға міндетті;

- Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігі негізделген ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

- Тұлға Құқықтық консультация алуды "Е-заң көмегі" жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңба қою арқылы растауы тиіс.

- Құқықтық консультация беру, егер өтініш беруші жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр сырқаттың, мүгедектіктің немесе өзге де мән-жайлардың салдарынан қабылдау орнына келе алмаса, құқықтық көмек оның тұрған жерінде жүргізіледі.

Сонымен қатар, азаматтар адвокаттың немесе заң кеңесшінің көмегіне арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүгіне алады. Ол үшін www.eup.kz сайтына кіріп, «қызметтер» бөлігін таңдап, «заңгерді табу» бағанасы арқылы қажетті критерийлерді толтырып, «менімен байланыс» сілтемесіне өтуі керек. Аз уақыт ішінде азаматпен кері байланыс орнатылады. Дәл осы сайтта «онлайн кеңеске» де жүгінуге болады. Қызметтің бұл түрі хат алмасу түрінде көрсетіледі.

Сондай-ақ, заң кеңесшілердің толық тізімі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сайтында орналастырылған.

Айта кетейік, бір мәселе бойынша тұлға мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір іс бойынша бір-ақ рет ала алады.

 

САЙРАМ: ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫП, НӨМІРСІЗ ЖҮРГЕН КӨЛІК АНЫҚТАЛДЫ

САЙРАМ: ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫП, НӨМІРСІЗ ЖҮРГЕН КӨЛІК АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында той кортежінде қосымша жарықшамдарын орнатып, нөмірсіз жүрген жүргізуші жауапқа тартылды.

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында, рейдтік-профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жүргізіп отырады. Осы бағытта жүргізілген кезекті патрульдеу кезінде Сайрам АПБ қызметкерлерінің назарына той кортежінде жол ережесін өрескел бұзып келе жатқан «Тойота» маркалы көлік ілінді.

Нақтырақ айтсақ, Ақсукент ауылы Жібек жолы көшесінде аталмыш жүргізуші көлігіне қосымша жарықшамдарын, дыбыс сигналын орнатып, заңсыз қайта жабдықтаған. Тіпті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, қарсы қозғалыс жолағына өтіп, емін-еркін жүрген. Құқық бұзушылықты байқаған сайрамдық сақшылар бірден әрекет етіп, көлікті көшенің қақ ортасында тоқтатты. Ал көлік иесі Шымкент қаласының тұрғыны, жас жігіт болып шықты.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігімен «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 596-бабы 3-бөлігімен «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» және 603-бабы 1-бөлігі «Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Ал көлігі айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ айғақты зат ретінде көлік құралына заңсыз орнатылған жарық пен дыбыс сигналдарына арналған құрылғы тәркіленіп алынды. Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жолда жүргенде ережеге бағынуды қатаң ескертеді. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп кеңес береді.

ТҮРКІСТАН: "ЖАСӨСПІРІМ" жедел профилактикалық іс-шарасы

 

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының полиция бөлімі мен аудандық АӘДБ және Жастар орталығынан құрылған арнайы топ ағымдағы жылдың 19-21 қыркүйек күндері аралығында "Жасөспірім" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Мақсат - кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-ананың қарауынсыз түнгі уақытта адамдар көп шоғырланатын орындарға баруына жол бермеу.

Іс-шара барысында арнайы құрылған топ аудан аумағындағы кафе, саябақ т.б. қараусыз қалған орындарды толықтай аралады. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ата-анасынның немесе заңды өкілінің қарауынсыз түнгі 23:00-ден кейін өз ауласынан тыс жерлерге баруы заңмен қаралатынын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.