Кентау қаласының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен Кентау қаласының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті.

Жиынға Облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы А.Бұралқиев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов және қала активі қатысты.

Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген бас қосуда Айдар Бұралқиев аймақта анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкерлері үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қарастырылатынын және мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеу керектігін жеткізді.

 Таза қоғамды қалыптастырудың негізгі тетіктері ортаға салынған алқалы жиында Ержан Әлиұлы Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтіп, Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістерді баяндады.

Сондай-ақ, пара алу мен пара беруді өз мәселесін шешудің оңай әдісі деп қарайтын тұлғалардың үлесін түбегейлі азайту мақсатында бүгінгі күні Агенттік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқандығын баяндап, қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандар туралы мәлімет беріліп, пара алу, пара ұсыну, делдалдық ету сынды парақорлық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Жиын соңында ұжым қызметкерлерінің назарына облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды.

ТҮРКІСТАНДА «ЖАСӨСПІРІМ» ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Түркістан облысында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында, Түркістан облысы ПД бастығының бұйрығына сәйкес 2022 жылғы 19-21 қыркүйек аралығында облыс аумағында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы негізгі мақсат - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту, балалар мен жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болуына жол бермеу болып табылады.

Мәселен рейдтік іс-шаралардың өткен тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері 221 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде:

- ҚР ӘҚБтК 132-бабы бойынша (түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген ойын-сауық орындарын анықтау) - 15;

- ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша (қоғамдық орында мас халде жүрген) - 6;

- ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы) - 22;

- ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы)-173 құқық бұзушылық.

ІІО-да профилактикалық есепке барлығы 35 адам қойылды, оның ішінде құқық бұзушылыққа бейім 18 кәмелетке толмаған жасөспірім және ата-ана міндеттерін тиісті түрде орындамаған 17 қолайсыз отбасы. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 5 жасөспірім орналастырылды.

Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтың алдын алу тұрғысынан аса қажет. Сондықтан азаматтарды мұқият болуға, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз.

 

ТҮРКІСТАН: 3 ҚЫЛМЫСҚА ҚЫТЫСЫ БАР ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар егде жастағы әйелді анықтады.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.

Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 000 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті егде жастағы әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион теңгені құрады. Ал қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері кез-келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.

САЙРАМ: КӨРШІСІНІҢ АЛТЫНДАРЫН ҰРЛАҒАН...

Түркістан облысының полицейлері көршісінің алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні анықтады.

Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Оның айтуынша, өзінің тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, жатын бөлмеде тұрған алтын бұйым әшекейлерін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 500 000 теңгені құрады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарына бірден кірісті. Нәтижесінде қырағы сайрамдық полицейлер, тәулік ішінде күдікті ер азаматты анықтады.

Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жәбірленушінің көршісі болып шықты. Әйелдің үйінен шыққанын көрген күдікті өз арам ойын жүзеге асырған.

Қазіргі таңда қолды болған әшекейлер толықтай заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктіге қатысты тергеу амалдарын жалғастыруда.

Түркістан облысының полицейлері бағалы заттарыңызбен, әшекей бұйымдарыңызға мұқият болуларыңызды ескертеді.

ҚАЗЫҒҰРТ: ЕСКІ «ҚЫЗЫЛ »ҚҰЖАТПЕН ЖҮРГЕН...

Полицейлер КСРО кезіндегі ескі төлқұжатпен жүрген 62 жастағы ер адамға жаңа үлгідегі жеке куәлік дайындап берді.

Қазығұрт ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына 62 жастағы ер адам келіп көмек сұраған. Яғни, ол КСРО кезіндегі төлқұжатпен жүргенін айтып, жаңа үлгідегі құжат алуға өтініш білдірген. Осы өтініш бойынша Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің көші-қон тобының аға инспекторы полиция майоры Есенжан Жанысбаев оның құжаттарын қарап, оған көмектесу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеп берді.

Белгілі болғандай, ер адам осы уақытқа дейін жағдайы болмағанына байланысты КСРО құжатымен жүрген. Ол зейнеткерлікке шығу үшін көмек сұрағанын айтты. Сонымен қатар көші-қон тобының аға инспекторы полиция майоры Есенжан Жанысбаевқа ерекше алғысын білдірді. Ол: «Осы уақытқа дейін өтініш білдіре алмаған едім.

Тез арада полиция майоры қажетті құжаттарды жинақтап, төлқұжатымды рәсімдеп берді. Жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» - деп атап өтті. Құрметті облысымыздың тұрғындары! Полиция департаментінің осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын әрі қарай таба бермек. Өздеріңіздің құқықтық мәртебелеріңізді айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, сіздер, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша көші-қон қызметіне жүгінуіңізге болады!

ОТЫРАР: ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАДЫ

ОТЫРАР: ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАДЫ

Отырарлық полицейлер тұрғындардың шағымы бойынша жүргізушілерге ескерту жасады.

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар шағымданды. Олардың айтуынша, Шәуілдір ауылынан Түркістан қаласы арасында үлкен жол салынуда. Осыған байланысты жол тастарын тасымалдап жатқан ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жылдамдықпен жүретінін айтып, тексеру жұмыстарын жүргізуді сұраған. Келіп түскен шағым бойынша тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Полицейлер арнайы іс-шара ұйымдастырып, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде көлікті мас халде басқарған Хоба маркалы жүк көлігінің 2 жүргізушісі анықталды. Аталған көлік жүргізушілеріне полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама түзіп, сотқа жолдады.

Соттың шешіміне байланысты көлік жүргізушілері 15 күн әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол салып жатқан фирмалардың басшылары мен жүргізушілерге жылдамдықты асырмау керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер айыппұл төлейді

ІІМ тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін айыппұл бар екенін еске салады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеп кетті. Заң бойынша әрбір азамат жеке тұрғын үй болсын, жалға берілетін немесе тұрақты тұратын басқа тұрғын үй болсын, өзі тұратын жерде тіркелуі керек. Әйтпесе, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға кейбір мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде шектеулер қолданылады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға дейін жауапкершілік көзделген. Бүгінгі күні ол 21 мыңнан астам теңгені құрайды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті барлық азаматтарды заңға бағынуға шақырады. Меншік иесі сізді тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырыңыз. Тіркелген жеріңізді қараңыз. Егер сіз тұрғылықты жеріңізді өзгерткен болсаңыз, онда жаңа тұрғылықты мекенжайға тіркелуіңіз керек. Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Сіз өзіңіздің оқу орныңызға тіркелуіңіз керек. Мұны мүмкіндігінше тез жасаңыз. Тіркеуді тексеруді және тіркеуді өте қарапайым тәсілдермен іске асыруға болады: 1) Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген бөлімшесіне жеке куәлікпен барып, сол жерде келісім беру үшін тұрғын үй иесінің қатысуы жеткілікті. 2) Азамат тұрғылықты жері бойынша “электрондық үкіметтің” egov.kz интернет-порталы арқылы тіркеуге өтініш бере алады, үйдің иесі де сол портал арқылы келісім бере алады. 3) Ішкі істер министрлігі тұрғылықты жері бойынша тіркелудің тағы бір жеңіл әдісін Halyk Bank-пен жүзеге асырды. Ол үшін App Store мен Play Market-тен банктің мобильді қосымшасын жүктеу керек. Жеке басын куәландыруды растау, тіркеу иесінің келісімі sms-пароль арқылы жүргізіледі. Тіркеу процедурасы шамамен бір минут уақыт алады. Сондықтан қазақстандықтарды тағы да нақты тұрғылықты жері бойынша тіркелуге шақырамыз және көші-қон заңнамасының осы талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Толық ақпаратты ІІМ Көші-қон қызметінің сайтынан және Polisia.kz сайтынан алуға болады”, – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.


МАҚТААРАЛ: «ЗАҢДЫ БІЛУ - ЗАҢ ТАЛАБЫ!» атты тақырыптық жиын өтті

Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық аграрлық колледжінде құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатысуымен оқушылардың саяси саналылығы мен таным белсенділігін арттыру, заңдарды талдай отырып өз еріктерімен салыстыра білуге баулу мақсатында «Заңды білу - заң талабы!» атты тақырыптық жиын өтті.

Жиынға Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің ювенальды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Гулиев Теймур қатысты. Жиын барысында Құқықтық тәрбие – кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жас өспірімдерді және жастарды заңның негізгі принциптерін меңгере білуге үйрету қажет екені жан-жақты түсіндірілді. «Оқушылар арасында құқық бұзушылығын алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау» тақырыбында Абдикалиев Ұлукбек баяндама оқыды.

«Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қыл­мыс­ты болдырмау, оның ал­дын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру – жергілікті мем­ле­кеттік органдар мен білім беру ұйымдарының негізгі міндеті десек,  бүгінгі күні облыстағы білім беру саласы жұмысында жасөспірімдер  арасындағы құқық бұзушы­лық пен қылмыстың алдын алу – өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр»,-деп бастады баяндамасын ол.

Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

. Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағ­ды­рына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүрген­дерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қыл­мыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұр­ған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан.

Жасөспірімдердің қылмысқа баруының жолдарын қарастырар болсақ — бала жүрегіне қатігездікті дарытуға себеп болатын адамды қинау мен азаптап өлтірудің эпизодтарын қамтитын компьютерлік ойындар мен мультфильмдер. Онымен қоса сан ғасырдан бері дертке айналған арақ-шарап, есірткі, темекі, түнгі ойынханалар, маскүнемдікке салынған ата-ана, толық емес отбасы тағы да бар.

Отбасында толассыз ұрыс-керістен көз ашпаған жасөспірімдер қылмысқа жақын болып келеді. Олар ата-ана қамқорлығынсыз қалады.

Отбасында балаға дер кезінде қадағалау болып, ата-ана мен бала арасында сенімділік, достық сынды адами құндылықтар орнаса бала қылмыстық істерге бармасы анық. Отбасында жасөспірімдердің қылмысқа бармауын қадағалау жұмыстары басым болуы керек. Қадағалаудың екі түрі бар. Біріншісі: тікелей қадағалау – бұл сыртқы болып табылады, бұған шектеулер мен жазалаулар жатады. Тек шектеулер мен жазалаудың ар жігін ажыратып, саналы түрде қолдану керек.

Екіншісі түрі – көмекші қадағалау. Бұл сыйластық және махаббат. Жасөспірімдер ата-ана мен айналасындағы басқа адамдардың осы сезімдерін жақсы сезінеді. Сол себепті отбасында баланы тек материалдық байлыққа ғана емес, рухани байлыққа бөлеп өсірсек біздің ұрпақ қылмысқа бармайды.

Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадаға­лауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қа­лып­тасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал са­­бақтан тыс уақыттарда, каникул кез­­дерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдас­тырылмауы, көше­дегі келеңсіз оқи­ға­­лар­дың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.

Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.

Елімізде кәмелетке тол­­маған құқықбұзушылардың ісімен шұ­ғылданатын комиссия құрылған. Оған айтар­лықтай арнайы өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қа­рамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады.
Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда арнайы жүйелі құрылған жоспарлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға:

— Қазақстан Республикасының 13.08.2002 жылғы «Бала құқықтары туралы» Заңы,

— Салауатты өмір салтын құқықтық қорғау үшін Қазақстан Республикасының «Шылым шегуге қарсы күрес туралы», «ЖИТС аурының алдын алу туралы», «Алкогольге қарсы күрес туралы» Заңы,

-Қазақстан Республикасының Әкімшілік, Азаматтық қылмыс- тық кодекстері: кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары туралы.

-Қазақстан Республикасының «Отбасындағы неке туралы» Заңдары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жасалынып, құқықтық жалпы оқыту қоғамдық пән мұғалімдерінің жетекшілігімен ақпараттық-насихаттық лекторлық топтарымен сауаттылықтарын арттыру керек. Сонымен бірге отбасында баланы қалай тәрбиелеу керек, қазіргі қоғамдағы балаға ең қажетті не нәрсе екендігін айқын көрсететін бағдарламалар жасалынып, клубтар жұмыс жасаса өз жемісін берері белгілі. Интернет билеген заманда түрлі жағымды-жағымсыз жаңалықтар айналамызды қоршағанда әркім өзіне керегін таңдап алуы керек. Бірақ жасөспірімдер бұл жағын ескермесі белгілі, сол себепті баламыз ғаламторда отырғанда да қандай да болмасын әлеуметтік желіні пайдалануда да бақылау болуы керек. Қазіргі техниканың дамыған шағында қылмыстық істердің орын алатын жері мен себебі осы ғаламтор болып отыр. Қоғамға қауіп төндіріп тұрған дінімізге қайшы жат ағымдар да осы әлеуметтік желі арқылы жымысқы ойларын іске асырып, оған жасөспірімдерді де араластырып жатыр. Сол себепті әрбір ата-ана балаға белгілі бір шектеу қойып, бақылау жасап отырса бала әлеуметтік желінің тек пайдалы тұсын тұтынары анық.

Бұндай жұмыстар отбасында баланы рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге, мінез-құлық этикаларын қалыптастыруға, жасөспірімдердің дұрыс жан-жақты тәрбие алып өсуіне көмектесері анық.

Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады.

Негізінен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен барады. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.

Бас бостандығынан айрылғандар қатарында кәмелеттік жасқа толмағандардың көбеюі біздің қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес. Қылмыстық жауапкершілікке қылмысты жасау кезінде жасы 16-ға толған азаматтар тартылатындығы белгілі.

Алайда, адам өлтіргені, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, адамды ұрлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, ауырлататын мән-жайларда көлікті айдап кету, терроризм, адамды кепілге алу, қаруды ұрлау немесе жарылғыш заттар мен басқа да құрылғылар, ауырлатылған мән-жайларда бұзақылық, тағылық, есірткі заттары мен психотроптық заттарды ұрлау немесе қорқытып алу, ауырлатылған мән-жайларда мәйітті немесе олардың көмілген жерлерін қорлау, көлік құралын немесе теміржолдарын қасақана жарамсыздық жағдайға келтіргені үшін тұлғалар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық қызметкерлерінің мәлімдемелеріне назар аударар болсақ кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды. Сонғы кезде аталған қылмыстар ішінде ұялы телефондарды ұрлау жиі орын алуда. Мұндай қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер құқық бұзушылардан жасы кіші, әлсіздеу, кәмелеттік жасқа толмағандар болып табылады.

Ендеше келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» — деп тұратын азамат етіп өсірейік.

 Жиын соңында «Ситуациялық жағдаяттар», «Не байқадым, не білдім?» атты ойын өткізілді.