ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ АПАТЫ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ

Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік туралы айтты.

Министрдің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік жағдайы – елдің даму көрсеткішінің бірі. – Жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда. Онда 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алуда. Жалпы 2019 жылдан бері, әсіресе, пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блок-бекеттер алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр, – деді спикер. Ағымдағы жылдың сегіз айында апаттылықтың барлық көрсеткіштері өсті: жол-көлік оқиғасы – 14%-ға (8 307-ден 9 429-ға дейін), қаза тапқандар – 18%-ға (1 258-ден 1 478-ге дейін), жарақат алғандар – 13%-ға (10 947-ден 12 394-ке дейін). Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары.

– Барлық жол апаттарының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%–ы дәл осы өңірлерде орын алған, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендерге сақтандыру төлемі қарастырылған

ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы ПД Анықтау басқармасымен «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР 2003 жылғы 1 шілдедегі №446 Заңында жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендерге сақтандыру өтемақысын төлеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

Осыған орай жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқан, дене жарақатын алған және материалдық залал келтірілген жайттары бойынша жоғарыда көрсетілген Заң талабына сәйкес, сақтандыру төлемі қарастырылған.

Сонымен осы Заңның 24-бабына сәйкес (Сақтандырушының жауаптылық шектері)

1. Бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi мынаны құрайды (айлық есептiк көрсеткiшпен):

1) әрбiр жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн және ол мыналарға алып келсе:

қаза табуға – 2 000 АЕК; (6 360 000 тг)

мүгедектiктiң:

бірінші тобы белгіленсе – 1600 АЕК;

екінші тобы белгіленсе – 1200 АЕК;

үшінші тобы белгіленсе – 500 АЕК;

мүгедектігі бар балаға – 1 000 АЕК;

Мертiгуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де зақымдануына – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 300-ден аспауға;

2) бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 600-ден көп емес;

3) бір мезгілде екі және одан да көп жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ әрбір жәбірленушіге 600-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемдерінің жалпы мөлшері барлық жәбiрленушiге 2000-нан аспауға тиіс. Зиян мөлшері сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемінен асқан жағдайда сақтандыру төлемі әрбір жәбірленушіге оның мүлкіне келтірілген зиянға мөлшерлес дәрежеде жүзеге асырылады.

Заңның 26-бабына сәйкес (Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру тәртiбi)

1. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңның 25-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде төлейдi.

2. Бірнеше жәбірленушінің мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, сақтандырушы барлық жәбірленушілердің құжаттарын алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, бірақ басқа сақтандырылғандардың құжаттарды беруіне қарамастан, сақтандырушыға бірінші болып құжаттарын берген жәбірленушіден құжаттар алған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей сақтандыру төлемін бастауға міндетті.

Жоғарыда көрсетілген процедура қоғамдық көмектесушілерге жүгінбей тікелей жәбірленушінің өзі немесе оның өкілі тікелей сақтандыру компаниясына жазбаша арызбен жүгіну арқылы жүзеге асырылады.

Барлық қажетті ақпараттарды сақтандыру компанияларыңыздан білсеңіздер болады.

 

Түркістан облысында ірі қара малдарды ұрлаған тұрғын ұсталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлға оның қараусыз тұрған үйіне кіріп, ауласында жүрген 500 000 теңге болатын 2 бас жылқысын және 1 бас сиырын түнгі уақытта ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды.

Тұрғынның үйінде қараусыз тұрған малын жымқырған күдіктіні ұстау мақсатында учаскелік полицейлер оқиға орнына бірден жетті. Тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша жан-жақты дұрыс бағытта жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікке ілінген ер адам ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай күдікті ер азамат ешкімнің жоқтығын пайдаланып, өзінің жүк көлігіне малдарды тиеп, әлдебіреуге сатып жібергені анықталды. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігінің арқасында күдікті ұсталды. Қазіргі таңда сезікті деп танылған азамат қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Әрбір азамат өзінің жеке мал-мүлкіне қырағы болуы керек. Малдарын қараусыз қалдырмай, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қора-жайын мықтап бекітуі қажет. Егер де малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса, шұғыл 102-ге хабарлаңыз.

Түркістан облысында мас халде көлік басқарған ер азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Төлеби ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады. Яғни полицейлер Төлеби ауданы Адыраспан көшелерінің бірінен түнгі сағат 00:30 шамасында «Ваз-2106» маркалы автокөлігінің жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер, жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Аталған жайтты нақтылау үшін, медициналық сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің мас халде екені белгілі болды.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жинақталған іс-құжаттар Төлеби аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

Түркістан полицейлері тұрғынның жоғалған сиырларын тауып, алғыс алды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көмектесулерін сұрайды. Оның айтуынша, Қосмезгіл ауылына қарасты 2 шақырым жердегі мал жайылымында жүрген оның 2 бас сиыры түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоқ болған. Аяқ асты жоғалған сиырларын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.

Аталған ақпаратты алысымен саурандық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, жоғалған сиырлар 10 шақырым жердегі егістік алқаптан табылып, егесіне қайтарылды.

Осы орайда малдарының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Түнгі уақытта сиырларымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар барлық күшті жұмылдырып, малдарымды тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға, мал иелеріне төрт түлікті мүлдем қараусыз қалдырмау керектігін айтады.

Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Имерек» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқанда мазасызданып, белгі береді.

Содан полицейлер күдік тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Белгілі болғандай күдікті азаматтың күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.

Сондай-ақ ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қатаң жаза көзделгенін ескертеді.

МАҚТААРАЛ: Қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді

 Мақтаарал аудандық прокуратура қызметкерлері, аудандық полиция бөлімі, ауыл әкімі, ауыл имамының қатысуымен қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі-балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін.

Ең бірінші отбасындағы бала тәрбиесі мен жасөспірімнің араласатын ортасының үлкен әсері болады. Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі түрі – ұрлық. Одан бөлек төбелес, қарақшылық және ішімдік ішу, есірткі тұтыну жатады.Біз мектептер мен орта білім мекемелерінде құқықбұзушылық пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында дәрістер оқимыз. Күнделікті профилактикалық іс-шаралар өткізіп отырамыз.

Әңгімелер жүргіземіз. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық нормаға сай онлайн форматта да дәрістер оқып жүрміз. Және де ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың сабаққа қатысуын, тәртібін қадағалаймыз.

Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөсіпірімдермен ашық сөйлесіп, полиция қызметкерлері тек қана жауапкершілікке тартумен ғана емес, сонымен қатар жасөспірімнің құқығын қорғау мақсатында жұмыс жасайтындығын түсіндіреміз.

 

Егер жасөспірім сабаққа қатыспаған жағдайда, себепсіз 10 күннен артық босататын болса, оқушылардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127 бабы бойынша іс құжат жиналып, сотқа жөнелтіледі. Содан кейін сот өзі шешім қабылдайтын болады. Ал егер түнгі сағат 22.00-ден кейін жасөспірім ойын-сауық орталықтарында, кинотеатрларда заңды өкілінсіз жүретін болса, онда ол жасөспірімнің заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 142 бабы 1 бөлігі бойынша 3 АЕК көлемінде айыпппұл салынады. Егер жасөсіпірім ішімдік ішіп, ұсталған жағдайда заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің заңды 440 бабы бойынша әкішілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жасөсіпірім қандай да бір құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңды өкілі жауапты болады. Себебі бала кәмелеттік жасқа толмаған. Қылмыстық жауапкершілікке кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірім 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершілікке 16 жастан бастап өзі жауапты болады,- дейді мамандар.

Төлебилік қос қарияға мерекелік көңіл-күй сыйланды

Қарты бар елдің-қазынасы бар. Олардың орны әрқашан төрде. 1-қазан Қарттар күні қарсаңында, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев бастаған, полиция басшысы Руслан Ендібаев, басқа да мекеме басшылары бірге жұмыс күнін үлкендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, құрмет көрсетуден бастады. Яғни өмірден көргені мен түйгені мол асыл әжеміз бен ақсақалды қариямызды арнайы мерекелерімен құттықтап, қал-жағдайларын біліп қайтты.

Атап айтсақ, ауданның өсіп өркендеуі жолында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қазыналы қарияларымыз, ҰОС-ның ардагері Рысмет ата мен тыл еңбеккері Майдан апаға ізгі тілектерін жеткізіп, естелікке сый-сияпат тапсырды.

"Сіздер елдің тыныштығы мен тұтастығы, бірлігі мен берекесінің сақталуына қосқан үлестеріңіз зор. Сіздердің үлгі-өнегелеріңіз біз үшін баға жетпес байлық болып саналады. Ұзақ жасаңыздар, дендеріңіз сау болсын"-деген ақжарма тілектер айтылды. Соңында қарияларымыз қызметте жүрген ұл-қыздарына ақ батасын берді.