Облыстағы мектептерде заңсыз қаржы жинау жағдайларын алдын алу

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменттің 14.06.2022 жылғы №17/1-09-2454 хатына сәйкес агенттіктің 1424 Call орталығына Шардара ауданы «Достық» жалпы орта мектебінің мұғалімдерінен мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты заңсыз ақша жинау фактісі жүріп жатқаны туралы хабарламасы түскен болатын.
Осы мәселеге қатысты Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасында мектептерде заңсыз қаржы жинау жағдайларының алдын алу, «ТҮЛЕК 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарында Балалар жылына арналған мектеп бітіру кештерін өткізуде оқушылардың өмір қауіпсіздігіне байланысты шұғыл жиын өтті.
Жиынға Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысы Дінислам Болатқанұлы тікелей қатысып, аталған жағдайға байланысты жедел шаралар қабылдап, облыстағы барлық мектеп директорларына ақша жинау фактілерін тоқтату, ақша жинауды ұйымдастырған директор мен мұғалімдерді анықтап тиісті шара қолдану керектігі туралы қатаң тапсырма берді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы педагог қызметкерлерден заңсыз қаржы жинауға тыйым салатындығын, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіндігін және мектеп бітіру кештерін төмендегі тиым салынған ұсынымдарды басты назарға ала отырып, жұмыс жүргізу керектігін ескертті.
Жиынға Түкістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінің басшылары және барлық білім беру мекемелерінің директорлары, басқарма қызметкерлері қатысты.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

МАҚТААРАЛ: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты № 5 «Мақтаарал» мектеп-гимназиясының ДТІЖО М.Б.Досмугамбетова мен педагог-психолог Б.Темирбекованың ұйымдастыруымен «ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ» атты іс- шара өтті. Қазіргі күнде тұрақты проблемалардың бірі — отбасындағы зорлық зомбылық мәселесі. Біздің қоғамымызда зорлық – зомбылыққа жол жоқ!. Зорлық-зомбылық құқықта – бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы деп айтылған. Осы орайда жиынға қатысушылар тақырып аясында баяндамаларын жасап, жиналғандарға оқыды. -Бала-адамның келешегі, баланы тәрбиелеу, қоғамның сапалы мүшесі етіп өсіру ата-ананың ардақты борышы. Бала жасында қалай тәрбиеленсе, есейгенде соны істейді. Халқымызда «Баланы жастан» деген мақал бар. Бірақ үнемі «үйтпе,бүйтпе» деп отырса да бала ынжық,жасқаншақ болады. Бірақ, бала тәрбиелеудің жөні осы екен деп,тәрбиеден тыс қаталдық көрсетудің өзі бала өміріне қауіп туғызады. Қаталдық керек десек те... тәрбиелеудің дұрыс жолдарын қолданған жөн. Бала білуге құмар, көргеніне еліктегіш, түсінбесе сұрағыш, көкірегі таза, сыншыл және шыншыл болады. Баланың бойындағы осы қасиетін сақтау үшін оған тура шыншыл, адамгершілік тәрбие керек. Қазіргі уақытта балалардың телевизор, компьютердерден көретіні ұрып - соғу, жан-жануарларды жәбірлеуді көреді. Осыны көрген бала іштей ненің дұрыстығын, ненің бұрыстығын түсіне бермейді.

Соған бейм болып өсуі мүмкін. Сондықтан өскелең жас ұрпаққа ненің дұрыс ненің бұрыс екенін түсіндіру керек,-деп бастады баяндамашы М.Б.Досмугамбетова. 2020 жыл қорытындысы бойынша, Қазақстанда тұрмыстық қылмыс алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4,7% өскен.  Дағдарыс орталықтарына 11 мыңнан астам әйел хабарласыпты. Көрсеткіштің бұлай жоғарылау себебі неде? Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адам қайда хабарласуы керек? Ішкі істер департаменті хабарлауынша, отбасындағы қылмыстың артуына карантин мен оқшаулану әсер етті. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндердің 50%-і — әйелдер, 6,4%-і — кәмелет  жасқа толмағандар. Зорлықшылардың жартысы мұндай қылмысқа, әдетте мас күйінде барады. Жауапкершілікке тартылғандардың 81%-і еш жерде жұмыс істемеген. Қазір Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмектесетін 40-қа жуық дағдарыс орталығы бар. Олардың 30-ында зардап шегушілер тұра алатын баспана қарастырылған. Былтыр осы оралықтарға 11 мыңнан астам әйел хабарласқан, ал сенім телефоны арқылы 8 мың рет консультация беріліпті. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрген адам не істеуі керек? Қазақстанда карантин кезінде «Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған іс-қимыл алгоритмі» жасалды. Отбасында зорлық болса, мынадай әрекет жасау керек: Бірден 102 нөміріне хабарласып, полицияға ауызша зорлық көргені туралы арыз беру немесе Qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-өтінім беру қажет. Зорлық көрген адамның полицияға дереу жетіп, құқық бұзушыға шара қолдануын талап етуге құқы бар. Зорлық көрген адам жарақат алса, 103 нөміріне хабарласып, жедел-жәрдем шақырғаны дұрыс. Содан кейін полиция қызметкерлерінен сот-медициналық сараптамаға жолдама алуы керек. Тегін 150 нөміріне хабарласуына немесе +77081060810 (WhatsApp) нөміріне, www.telefon150.kz уеб-сайтына жазуға болады. Бұл — зорлық-зомбылық жағдайындағы балаларға, жастарға және өзге де адамдарға арналған Ұлттық сенім телефоны. Сенім телефоны тәулік бойы істейді. Олар психологиялық және құқықтық көмек береді, учаскелік инспектордың, дағдарыс орталықтары мен басқа да қажет ұйымдардың байланыс нөмірін береді. Хабарласқан адамның аты-жөні жарияланбауына және өтінімнің құпиялығына кепілдік беріледі. Қазақстанның барлық аймағында тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары бар. Өмір мен денсаулыққа қауіп төнсе, осы орталықтарға хабарласып, сонда тұруға болады. Әр аймақта әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істейді, олардан кеңес алып, қолдау табуға болады. Осы орайда,әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция бөлімінің капитаны Түзелов Құрманғазы «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, Г.Айтуреева баяндама жасады. Соңынан педагог-психолог Б.Темирбекова тренинг өткізді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысы Әділет департаментінің «Түркістан облыстық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлім»филиалының қызметкерлері және Құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің қызметкерлеріне семинар дәріс өткізілді. Онда Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптары бойынша, сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмауды және жеке және заңды тұлғалармен қарым қатынаста барлық заң талаптарын сақтау арқылы сыбайластыққа жол бермеуге азаматтармен іскерлік қарым-қатынаста әдептілік нормаларын сақтау туралы айтылды.

 

«Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік құбылыс. Оның себебін, мағынасын толық түсіну мүмкін емес, деп есептейді ғалымдар. Бір ғана факт бар: жемқорлық – қоғамның дамуын тежегіш фактор. Бұл ұғымның ресми түсіндірмесі бар. Латын тілінен аударғанда сыбайлас жемқорлық – сындыру, бүлдіру, зақымдау, құлдырау деген мағынаны білдіреді. Латын термині «corruptio» екі түбірден құралған сөз: «cor» - жүрек, жан, рух, ал «ruptum» - бүлдіру, бұзу. Демек, «сыбайлас жемқорлық» сөзінің астарында тек лауазымды тұлғаның пара алуы немесе бюджет қаржысын қалтасына басуы емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйе, мемлекеттік билік жүйесінің құлдырауы ұғымдары жатыр. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – бұл адамдардың жемқорлық әрекетті әлеуметтік зұлымдық әрі қауіпті әрекет деп қабылдуы, оған қарсы пайда болатын ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы»,- деп бастады әңгімесін баяндамашылар.

Жиынға қатысушылар жемқорлықтың тарихына да тоқталып өтті.

«Сыбайлас жемқорлық ежелден келе жатқан құбылыс. Тіпті жер бетіне адам пайда болғаннан бері келе жатқан құбылыс болуы мүмкін. Әрине, тарихи процесс барысында жемқорлық түрлері өзгеріп келеді. Қазіргі таңда жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзге адамның пайдасына шешілген әрекеті үшін ақшалай, бағалы қағаз немесе мүлік ретінде алған парасы, лауазымды адамның қызметін пайдаланып туысын, жақынын қарамағына жұмысқа алу, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына салу, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу. Атақты француз философы Шарль Монтескье: «ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасайды», - деп жазды.

Әр елдің тарихында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер туралы жазба деректер бар. Ресей тарихында бірінші сыбайлас жемқорлық әрекеттерін шектеу заңнамасын III Иван жазыпты. ХVI ғасырдың ортасында Иван Грозный парақорлыққа қатаң тыйым салып, өлім жазасына кесуді бұйырған. Ол 1561 жылы Сот грамотасын енгізді, онда жергілікті земство басқармасының сот шенеуніктеріне пара алғаны үшін өлім жазасы түрінде санкция белгіленді. А.М. Романовтың кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жалғыз халықтық бүлік болды. Ол 1648 жылы Ресей жерінде мәскеуліктердің жеңісімен аяқталды. Қаланың жартысы бейбіт тұрғындарымен өртеніп кетті, алайда патша екі министрді — Земстволық бұйрықтың басшысы Л.Плещеевті және Пушкарлық бұйрықтың бастысы П.Траханиотовты көпшілікке азаптауға берді. 1649 жылы қабылданған Соборлық Ережеде парақорлық үшін қылмыстық жауапкершілік және пайда табу мақсатында қызмет бабын теріс пайдалану сұрақтары көрініс табады. Соборлық Ереженің 5 және 7- баптарында сот органдарының лауазымды тұлғаларының сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, ал 6-бапта субъектінің шеңбері кеңейтілді, сот шенеуніктері қызметін атқаратын тұлғаларға пара алғаны үшін жауапкершілік көрсетілген. I Петр кезеңінде сыбайлас жемқорлық етек жайды және онымен қатал күрес жүргізілді. Зар заман ақындарының шығармаларында жемқорлық жиі сөз болғанына қарағанда, ХІХ ғасырда қазақ даласында сыбайлас жемқорлық болған»-деді олар.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңдары

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтардың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдаған.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы Заң 1998 жылы шықты. Ол заң ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңы деп аталды. 17 жылдан соң 2010 жылы екінші Заң қабылданды. Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңы деп аталды.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілген, сыбайлас жемқорлықты жою және оның көріністерін болдырмау жөнінде қоғамдық және саяси күштермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында мүдделер қақтығысы «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін» деген тармақ бар.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаза аса ауыр: ол ұзақмерзімді бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметке тағайындалуға өмір бойы рұқсат берілмеу. Соған қарамастан мемлекеттік қызметкерлер бұл әрекетке жол береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, адамдар арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз – бұл адамның саналы түрде және адамгершілік қасиетімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, пара сұрамау, пара бермеу, мемлекеттің мүлкіне қол сұқпауы.

Жиналғандар өз баяндамаларында «Жемқорлықсыз елдер» деп төмендегі елдерді мысаалыға келтіріпті.

Әлемде Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксенбург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияда сыбайлас жемқорлық әрекеттері көп болмайды. Себебі билік жемқорлыққа қарсы саясатты табысты жүргізіп отыр. Қытай заңы бойынша парақорлық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. ОАР-да сыбайлас жемқорлықты азайту үшін заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеген. Олар шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау арқылы біршама жетістікке жетті.

1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы жариялады. Олар:

1. Риясыздық. Лауазымды қызметкерлер қоғамдық мүддені жоғары ескере отырып, бір шешімге келеді.

2. Сатылмастық. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс.

3. Әділдік. Жоғары қызметке тағайындау, келісім шарт жасау, марапаттау мәселелері бойынша шешім қабылдағанда лауазымды қызметкерлер үміткердің кәсіби қабілеттерін, іскерлігін ескеруі тиіс.

4. Есептілік. Лауазымды қызметкерлер қоғамның алдында өздерінің істеген ісі, қабылдаған шешімдері бойынша есеп беріп отыруы керек.

5. Ашықтық. Лауазымды қызметкерлердің шешімдері мен істері қоғамға ашық болуы тиіс. Әр шешім дәйектеліп отыруға міндетті.

6. Арды, абыройды сақтаушылық. Лауазымды қызметкерлер өздерінің мүдделері туралы ашық айтып, егер де осы мүдделері олардың істеген жұмысына қайшылық келтірсе, қоғамның пайдасына әкелетін шешімге келуге тиісті.

 

7. Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінез-құлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті.

                                                                     «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ОБЛЫСТА «ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

2022 жылдың маусым айының 17-18 (жұма, сенбі) күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін Түркістан облысының полицейлері әрбір полиция басқарма, бөлімдері жанынан ашылған «Азаматтарды қабылдау бөлмесінде», «Жолда қабылдау» акциясын өткізеді.

Акцияның басты мақсаты – халық көп шоғырланатын орындарда олардың ұсыныс-пікіріне назар аудару, азаматтардың құқықтық сауатын, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, құқықтық кеңес беру.

Сондықтан полиция қызметіне қатысты сауалдарыңыз болса, басқа да мәселелеріңізге қатысты заң аясында көмек керек болса, өз аумағыңызға жақын тұрған полиция басқарма, бөлімдеріне баруыңызға болады.

Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирлер жүргізіледі.

Ендеше берілген мүмкіндікті жіберіп алмаңыз, полиция сіздер үшін ашық, кері байланысқа дайын!

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Бәйдібек: Мас күйде көлік жүргізді...

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы кезінде орын алатын оқыс оқиғаларды болдырмас үшін рейдтік шаралар ұйымдастыруда.  Осындай шара кезінде Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің  қызметкерлері Сарыбұлақ ауылында қызмет атқару барысында, «Нексия» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның 2018 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша жауапқа тартылып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары оның масаң халде екендігіне күмән келтіріп, сот медициналық куәландыруға жіберді. Нәтижесінде оның мас күйде екендігі анықталды. Полицейлер жүргізуші ер адамды полиция бөліміне жеткізіп, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкагольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немсе көлік құралын осындай адамның басқаруына беру» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда жүргізуші қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

 Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңға бағынуға кеңес береді. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз айдамауды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзған жағдайда арнайы шара көрілетіндігін еске салады.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Қазығұртта түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қазығұрт ауданының полицейлері түнгі рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осы бағытта полиция қызметкерлерінен арнайы топ құрылып,  кәмелет жасына толмаған 100-ден аса жасқспірімге ата-аналарының қарауынсыз жүрмеуін ескертті. Полицейлер қала аумағында халық көп баратын орындарға,  саябақтарға барып, түнгі сағат 22:00-ден соң, жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынатындығы жайлы ескертулер жасады. Егер де, екінші рет қайталанған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынатындығын түсіндірді.

Сонымен қатар полицейлер кәмелет жасына толмағандарға тыйым салынған уақытта қызмет көрсеткен ойын алаңшаларының, компьютер клубтарының, кафелер мен мейрамханалардың иелеріне шара көрілетіндігі туралы еске салады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың басты міндеті. Олардың қатысуымен болатын түрлі құқық бұзушылықты болдырмас үшін, ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы керек. Түнгі уақытта қараусыз жібермей, оларға жауапты болуы тиіс.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Жыл басынан бері 22 хаттама толтырылған

Түркістан облысының полицейлері бұған дейін тұрғындарға хабарландыру таратып, үйінде сақтаулы тұрған қаруларды полиция бөліміне өткізу керектігін айтқан болатын. Яғни ол үшін арнайы сыйақы төленетіндігі жайлы да хабарлама жасады.  Полиция қызметкерлері әр әкімшілік аумақтағы қаруы бар азаматтардың үйлеріне арнайы барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның мақсаты – аудан көлемінде орын алып жатқан отты қарумен жасалған қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, болдырмау. 

Тәртіп сақшыларының тыңғылықты тексеру жұмыстарының  нәтижесінде аудан тұрғындарына ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» бойынша 11 хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы «Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» бойынша 8 хаттама, сонымен қатар ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша 3 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

 Атап айтар болсақ, Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылдық округі Ағанай ауылының тұрғыны өзінің атындағы аңшы қаруының сақтау талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылған. Яғни ер адам темір сейфтің ішінде қарудан басқа заттардың және аспалы құлыптың болғаны үшін айыппұл төледі. Осы секілді сақтық шаралары үшін полиция қызметкерлері жүйелі жұмыстарын жүргізе бермек.

 Сондай-ақ жыл басынан бері Қазығұрт ауданы бойынша ерікті түрде 9 қару өткізілген.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Сайрамда 1 келіге жуық гашиш табылды

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын сақтап, тасымалдаумен айналысты деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Нақтырақ айтсақ, полицейлерге есірткі қылмысы бойынша шұғыл ақпарат түскен. Осының негізінде тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау, күдіктіні ұстау мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Күдіктінің жүруі мүмкін аймақ анықталып, жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Осылайша жедел уәкілдер Сайрам ауданына қарасты республикалық «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетінің маңында күдікті ретінде жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде, қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Әрі қарай күдікті өз еркімен өзіне тиесілі әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты заттар толығымен тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес сөмкеден алынған  заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қамауға алынды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқық бұзушылыққа заңға сәйкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат