Төлебилік тұрғынның арыз-шағымын қабылдады

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің нысандарын жою бойынша зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Отбасындағы түрлі кикілжіңдер мен түсініспеушіліктер адамның психологиясына әсер етеді. Бұл ретте полиция қызметкерлері осындай зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда тиісті шаралар қолдану керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 

Мәселен, Төлеби аудандық полиция бөлімінің полиция капитаны Ақмарал Боташева мен полиция майоры Садат Асанова, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторы қызметінің қызметкері Ердос Байсариевпен бірге орталық базарға барып, тұрғындармен кездесті. Тиісті мамандар зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың сауалдарына жауап берді.  Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда олардың құқықтары қорғалатындығын ескертті. Қолдау білдіру үшін арнайы ұйым барын, сонымен қатар оларға психологиялық көмек ұсынылатындығы айтылды. 

Осы шарадан соң аудандық полиция бөліміне 35 жастағы әйел көмек сұрап келген. Оның айтуынша, заңды некедегі күйеуі үнемі жанжал шығарып, келіспеушілік туындағанда қол көтереді. Сонымен қатар, ол күйеуінің атынан арыз түсіруден бас тартып, алайда күйеуінен қорғауды сұраған. Өтініш айта келген тұрғынға полиция қызметкерлері құқықтық көмек көрсетіп, заң шеңберінде оның құқығын түсіндірді. Және де полицейлер аталған ер азаматты профилактикалық есепке алып, онымен 30 күн бойы іс-шара жүргізетін болды. Яғни, құқық бұзушы қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылады. 

Полиция қызметкерлері  әр тұлға өзінің құқығын қорғай алатындығын тұрғындардың есіне салады. Барлығы заң аясында шешіліп, құқық бұзған әр тұлға жауапкершілікке тартылады. Сондықтан құқығымызды қорғай білейік!

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Түркістанда бір миллион теңге салынған сөмке табылды

Түркістан облысының полицейлеріне Қызылордалық тұрғын шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдады.Мұнда әйел: «Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырдым, діттеген жеріме келген соң түсіп қалдым. Арадан  бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 миллион теңге ақшасы бар кіші қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта келгеніммен, ол көлікті таппай қалдым. Білетінім тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс телефондарынан мүлдем хабарсыз едім. Содан жүгіріп жақын маңдағы полиция пунктіне хабарласып, көлікті табуға көмек берулерін сұрадым. Бірақ іштей күдерімді үзген едім, табылмайды-ау деп. Алайда Түркістан облысының қырағы, кәсіби шебер полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында 4 сағат ішінде көлік, сөмкем, ақшам да табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!»-деп шынайы алғысын білдірді.  Нақтырақ айта кетсек, Түркістан ҚПБ-ның полицейлері ақпарат алысымен тез арада әйелдің ірі көлемде ақша салынған сөмкесін тауып беруге кіріскен. Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырған. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы бірнеше сағат ішінде тұрғынның сөмкесі қалып кеткен көлік табылған. Яғни полицейлер тез арада облыс орталығында орналасқан бейнебақылау камераларын жіті тексеріп, автокөлікті анықтап, тапқан. Жоғалған сөмке, ішіндегі барлық ақшасымен заңды иесіне қайтарылған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарыңызға, сөмкелеріңіз бен ұялы телефондарыңызға барынша сақ болуға кеңес береді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН-АЛУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ӘДЕПТІЛІК НОРМАЛАРЫН САҚТАУЫ

Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Осы мақсатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ТО бойынша департаменті ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ТО бойынша департаменті және «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалымен Меморандум жасалды. Соған сәйкес, сыбайлас жемқорлықты алдын-алу және мемлекеттік қызметшілердің тарапынан әдептілік нормаларының сақталуын, сондай-ақ қызметкерлер арасында мүдделер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында кездесу өтті.

Аталған жиында Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев төрағалық етті.

Шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдаулет Сәмет және превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Асылбек, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Өркен Балажанов , «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков қатысты.

Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орган жұмысының негізгі бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады,өйткені азаматтардың мемлекеттік органдармен жасайтын кез келген қарым-қатынасы ашық,айқын әрі нақты болуы қажет.

Қатысушылар аталған бойынша қолға алынған қадамдарға оң бағасын бере отырып, елімізді өркендету жолында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау, алдын алу бағытында аянбай, бірлесе қызмет атқаруға шақырды.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Келес: Дәріханаға кетіп, із-түссіз жоғалған

Келес аудандық полиция бөліміне әйел адам арызданды. Оның айтуынша,  кешкі сағат 18:30 шамасында жасөспірім қызы дәріханаға барып келетінін айтып, қайта оралмаған. Жақындары өздері  күні бойы іздеп таппаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. 

Тәртіп сақшылары жоғалған қызды бірден іздеуге кірісті. Жас қыздың баруы мүмкін жерлерді қарап, жақын достарынан, таныстарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.  Полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жұмысының нәтижесінде жас қыз 1 күн ішінде  Шардара ауданында қыдырып жүрген жерінен табылды. 18 жасар қызды полицейлер отбасына қайтарды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде полиция қызметкерлеріне қыздың анасы алғысын білдірді:  «Полиция қызметкерлері қашанда халыққа демеу бола біледі. Олар үнемі қолдарынан келетін барлық жақсылықты жасауға тырысады. Бүгін жоғалған қызымды тауып берді. Тәртіп сақшыларының жұмыстарына дән ризамын! Табыс, сәттілік тілеймін. Елдің қамқоршысы болып жүре беріңіздер!» - деп аналық ақ тілегін жеткізді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыста «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Түркістан облысының полицейлері 13-17 маусым күндер аралығында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Шараның мақсаты – мемлекетке айыппұл берешегі бар және салық төлемдерді төлемеген азаматтарды, сондай-ақ көлік жүргізушілерін тексеру, оларға ескерту жұмыстарын жүргізу. 

Аталған  іс-шара кезінде Кентау қалалық полиция қызметкерлері алғашқы тәулікте 2 құқық бұзушылық  ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы «Құжаттары және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша тіркеп, көлікті айып тұраққа қойды. 25 көлік жүргізушіге айыппұл төлеу керектігі ескертілді. Мәжбүрлеп өндіру үшін 50 қаулы, 2 жеке тұлғаның жұмыс орындарына және жеке сот орындаушыларға жолданды.  Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға егер де әкімшілік құқықбұзушылық жасап, хаттама толтырған жағдайда  оны 7 тәулік ішінде төлесеңіз 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік  барын ескертеді. Және де айыппұл төленбеген жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарып, 100% төлеу міндеттеледі. Қаулы шыққан күннен бастап, 30 күн ішінде айыппұл ерікті түрде төленбеген жағдайда мәжбүрлеп өндіру үшін жұмыс орындары мен сот орындаушыларға жолданатындығын хабарлайды. Сондықтан жүргізушілер, жолда абай болып, қауіпсіздік шараларын сақтап жүріңіздер.

 

Ордабасы: Екі бірдей тұрғынның атынан несие рәсімдеген

Ордабасы аудандық полиция бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда жәбірленушілер өздерінің танысы жеке басын растайтын мәліметтерді пайдаланып, шағын несие беру ұйымдарының бірінен несие рәсімдеген. Олардың біріншісінен 40 000 теңге, екінші жәбірленушінің атынан 240 000 теңге несие алған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 300 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Сақшылар жас әйелді аудандық полиция бөліміне жеткізді. Тексеру кезінде күдікті әйелдің бұған дейін де сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері алаяқтың құрбаны болмауға шақырады. Күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға жеке басты куәландыратын құжаттарды бермеуге кеңес береді. Егер де, сіз, алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Кентау: Алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған

Кентау қалалық полиция бөліміне әйел адам арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер дүкен ішінде тұрған қара сөмкесінен алтын бұйымдары мен ақшасын, сонымен қатар сөреде тұрған 8 дана ішімдікті ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 400 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. 

Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған екі ер адам ұсталды. Олар бір-біріне көршілер болып келеді. Анықталғандай екі көрші зат сатып алуға дүкенге кірген. Содан ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, оңай олжалы болуды көздеген. Қолдарына ілінген бөтеннің мүлкін жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қос ер азаматтан алтын бұйымдар тәркіленіп алынды. Күдіктілер ұрлаған алтын бұйымдарды жасырып қойып, ұрлаған ішімдіктерді ішкен. Қазіргі таңда екі жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін дүкендерге, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар, өздеріңіздің жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебиде жемқорлыққа қарсы жиын өтті

Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы аса қауіпті індет болған соң, елімізде оған қарсы күрес қарқынды жүруде. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп, жиындар  ұйымдастырылып келеді. Мәселен, жуырда Төлеби аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлықты болдырмау хақында  мәжіліс өтті. Жиынға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша басқарма басшысы Ержан Жүнісов, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев пен қоғамдық кеңес мүшесі Сейтхан Ақтаев және полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.  Шара барысында жемқорлыққа жол бермеу және тосқауыл жасау туралы өзекті мәселелер талқыланды. Полиция қызметкерлеріне қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу барысында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыру жайлы сөз қозғады. Кездесуге келгендер біріккен  арнайы  бағдарламаларды  жасақтауды, оларды  жүзеге  асыруда  насихат жұмыстарын жүргізуге  қолдау  білдіретіндіктерін айтты. Жиын соңы өзара пікір алмасуға ұласты.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат