Жасөспірімдер кинологиялық орталыққа экскурсия жасады

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Балалар жылы" аясында Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырды. Бүгінгі күні аталмыш орталықта 6 полиция иттері қызмет етеді. Олардың көмегімен қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді ұстау, жарылғыш заттарды, оқ-дәрілер мен есірткі заттарын анықтау жұмыстары жүргізіледі.

Экскурсия барысында полицей-кинологтар оқушыларға үйретілген қызметтік иттердің кәсіби дағдыларын, шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ көмекші иттер берілген командаларды орындап, "қылмыскерді" залалсыздандырды, "есірткінің" жасырын муляждарын іздеді. Мәселен ит үйретушінің басшылығымен Гарди есімді қызметтік ит контейнерлердің бірінен есірткі муляжын тапты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары ұшқыштарды, жаттығуға арналған арнайы құралдарды және қызметтік иттерді тасымалдауға арналған автокөлікті көрсетті. Бұның барлығын оқушылар асқан қызығушылықпен қарады.

Соңында балалар кинологиялық орталыққа танымдық экскурсия ұйымдастырғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, естелікке суретке түсті.

Сарыағаш: жылқы ұрлаған күдікті қамауға алынды

Сарығаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта өз үйінің маңындағы жайылымдық жерден жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 700 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеуге алды.

Хабарламаны естіген бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырып, жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті жергілікті тұрғын екені белгілі болды.

Анықталғандай күдікті ер адам түнде жылқыны ұрлап, оны Шымкент қаласына апарып сатқан. Ұрлаған жылқыны сатып, ақшасын қажеттілік үшін жаратып жіберген. Полицейлер сезіктінің бұдан өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жайылымдық жерге малдарды бақташысыз жібермеуге кеңес береді. Сондай-ақ үш жақты келісімшарт жасау керектігін еске салады. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Тәртіп сақшылары 7 түрлі спорттық ойын түрінен жарысты

23 маусым - Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл! Бұл еліміз Тәуелсіздік алған жылдары халық арасында тыныштықты сақтап, аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету күні. Сондай-ақ қазіргі таңда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктікті қамтамасыз етіп, күні-түні қызметте болатын тәртіп сақшыларының еңбегі еленіп марапатталатын күн. Қызмет бабында қаза тапқан батыр полицейлерді еске алып, гүл шоқтарын қоятын күн!

Осы айтулы мереке күні жылда дәстүрлі түрде Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің арасында кең көлемде спорттық жарыс ұйымдастырылады. «Қазақстан полициясына 30 жыл» қарсаңында да бұл жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Салауатты өмір салтын ұстанып, жылдамдыққа, икемділікке бағыттайтын жарыс, Департамент аппараты және қала, аудан Полиция басқарламаларының арасында ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанатына, ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев қатысып, қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, спорттық сайыста сәттілік тіледі. Жалпы ТО ПД-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан спорттық жарыс 20-21 маусым күндері өтті. Оған Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты қала, аудан полиция басқарма, бөлімдерінен 20-дан астам команда қатысты. Спорттық жарыс: «Макаров танашасынан» оқ ату, волейбол, гір тасын көтеру, кермеде тартылу, қол күресі, шағын футбол, арқан тарту секілді спорт түрлерінен өткізілді. «Дені саудың –тәні сау» дегендей, полицейлерден құралған командалар жарыстың алғашқы күнінде-ақ бір-бірінен шеберліктері арқылы асып-түсіп, жеңіске жету үшін барын салып ойнады. Тартысты ойын өрнегін көрсеткен полицейлер арасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар алға суырылып шықты. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтсақ, «Макаров тапаншасынан» оқ ату бойынша І-орынды полиция майоры Марат Тұңғатов, ІІ-орынды полиция подполковнигі Мұрат Ермеков, ІІІ-орынды полиция подполковнигі Берік Аманбаев иеленді. Ал волейбол жарысынан «Үдік шабуылшы» номинациясын полиция подполковнигі Самат Дәуленов, «Үздік үйлестіруші» атағын полиция капитаны Ерлан Наматуллаев, «Үздік ойыншыны» полиция аға лейтенанты Болат Ділдахан иеленді. «Гір тасын көтеру» бойынша І-орынды полиция капитаны Салық Ануаров, ІІ-орынды полиция капитаны Евгений Кульков, ІІІ-орынды Ақжігіт Турегелдиев жеңді. «Кермеде тартылу» жарысында І-орынды полиция капитаны Нұрболат Орынбай, ІІ-орынды полиция аға лейтенанты Бағдат Ақылбеков, ІІІ-орынды полиция майоры Саламат Нұрмағамбетов қанжығалады. «Қол күресінен» І-орынды Нұрқанат Утешов, ІІ-орынды Бақытжан Нұрходжаев, ІІІ-орынды Төребек Молдасу жеңіп алды. «Шағын футбол» ойынында командалық есеппен І-орынды Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің жүйрік командасы иеленді. ІІ-орынды оқу-жаттығу взводы, ІІІ-орын Патрульдік полиция батальонының тобына бұйырды. Ал «Үздік шабуылшы» номинациясын полиция аға лейтенанты Сағи Мәди жеңсе, «Үздік қорғаушы» номинациясы полиция майоры Азат Мұсырманқұловқа берілді. «Үздік қақпашы» полиция капитаны Бейбіт Ажибаев болса, «Ардагер ойыншы» полиция полковнигі Ерлан Шәмшат болды. Оған қоса «Арқан тарту» ойыны бойынша І-орынды патрульдік полиция, ІІ-орынды жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, ІІІ-орынды оқу-жаттығу взводы алды. Осы тұста ел мен жердің қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылап отыратын, жалпы түрлі қылмыстарды болдырмауға, алдын алуға қызмет ететін полицейлерді мерекелерімен құттықтаймыз!

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Шымкент: Полицейлер жоғалған ұл мен екі қызды тапты

Еңбекші ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша, 12 жасар жасөсіпірім бала үйінен шығып, қайта оралмай, телефон қоңырауларына жауап бермеген.

Өз бетінше іздеп, таппаған ата-анасы полицияға жүгінген. Хабарды алған бойда Еңбекші ауданы Полиция басқармасынан жедел тергеу тобы оқиға орнына жетіп, ата-анасынан мән-жайды сұрастырады. Содан жедел-іздестіру жұмыстары жүргізлді. Баламен жақын арада байланыста болған куәлерден жауап алынып, жүруі мүмкін жерлер қаралды. Саябақтар мен ойынханалар тексерілді. Нәтижелі жұмыстың арқасында жасөспірім бала дін аман табылып, ата-анасына табысталды.

Осы түста айта кетейк,  Шымкент полицейлері із-түссіз жоғалған қыздарды да анасына қайтарды.

Шымкент қаласының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 8 жастағы екі қыздың жоғалып кеткені туралы арызданған. Анасының сөзінше: “ Балалары «Нұрсәт» ықшам ауданындағы би үйірмесіне автобуспен барған. Содан кейін олар байланысын тоқтатыпты. Ал, тәрбиешілерге телефон соққанда ол қыздардың сабаққа келмегенін біліп, дереу полицияға жүгінген. Жоғалған бүлдіршіндерді іздеуге шұғыл түрде Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторлары мен ювеналды полиция қызметкерлері жіберілді. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды түгелімен тінтіп, түрлі куәгерлерден жауап алды.

Нәтижесінде, Шымкент қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы полицейлер жасөспірімдердің дұрыс емес аялдамадан түскендерін анықтады. Анықталғандай, олар жолда ұйықтап қалып, аялдамаларын өткізіп алған. Тәртіп сақшылары қыздарды аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.

Мегаполис тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларына жауапкершілік танытып, олардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін бақылауды күшейтуге шақырады. Әр ата-ана өз баласына деген жауапкершілікті жіті түсінгені жөн. Егерде сіздің балаңыз немесе жақыныңыз із-түссіз жоғалып жатса, онда уақыт өткізбей тез арада полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

ТҮРКІСТАН: ТАБИҒАТ ЖӘНЕ БАЛЫҚ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Шымкент қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары шегіндегі бассейндік жүйе бойынша балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырып келеді. «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы Балық ресурстарын және олардың тіршілік ету ортасын сақтау, табиғи өсімін молайту мақсатында республика көлемінде жыл сайын акциялар өткізіліп келеді. Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Түркістан балық инспекциясы бөлімінің бөлім басшысы Боранбай Шәкен Қанайұлы атап өтті.

Акция нәтижесі бойынша,тазалау жұмыстарына 457 адам қатысып, 57 арнайы техника және 17 шағын көлемді жүзу құралдары жұмылдырылып, 44 тоннаға жуық әр түрлі қоқыстар мен суда қалған 494 дана аулардың қалдықтары жиналып тиісті орындарға шығарылды.

Ал, «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы басталғалы Инспекция бойынша 214 балық қорғау заңнамасының бұзушылығы анықталып, оның ішінде 5 қылмыстық іс ішкі істер органына жолданды. 209 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 54 әкімшілік ісі сот органдарының қарауына жіберілді. Сонымен қатар, жыл басынан балық аулау ережесін бұзғаны үшін 151 жеке тұлғаға 2 млн 388,8 мың теңге айыппұл салынып өндірілуде.

 

"Aq-qara.kz"- ақпарат

САРЫАҒАШТА ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ НАСИХАТ ЖҮРГІЗІЛДІ

26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күні.
Сарыағаш қала аумағындағы халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда «Жастар есірткіге қарсы» акциясын өтті. Акция барысында тұрғындарға ғасыр індетіне айналған есірткінің зияны мен зардабы түсіндіріліп, тұрғындарға брошюралары таратылды.

1987 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жыл сайын 26 маусымды өзінің есірткіні теріс пайдаланушылықтан еркін халықаралық қоғам құру мақсатында қызметін және ынтымақтастығын күшейту табандылығын білдіру үшін Халықаралық есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына, заңсыз түсік жасатуға қарсы күрес күні ретінде атап өтуді белгіледі (International Day Against Drug Abuse and Illicit Trafficking). Сондай-ақ, осы күні өткізілген Халықаралық конференция барысында ВИЧ ауруының таралуына жол ашатын ине арқылы есірткі қабылдауға қарсы күресу мақсатында бағдарлама даярланады. Жалпы есірткіні таратуға қарсы күрес шаралары 100 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ең алғаш рет 1909 жылы шанхайлық апиынға қарсы ұйымының мүшелері әлемдегі дамыған 13 мемлекетті жинап, есірткі тасымалдануына тосқауыл қою шараларын ойлап табуға тырысқан болатын. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мәселенің шешімі нақты табылған емес.

Сандарды сөйлетсек, БҰҰ нашақорлық және қылмыс басқармасының бағасына сәйкес, есірткі пайдаланушылардың саны 200 млн. адамға жеткен, ол бүкіл жер шарының 3,4% немесе 15 жас және одан жоғары халықтың 4,7% құрайды. Қазіргі таңда 160 млн-ға жуық адам каннабистік есірткі пайдаланушылар тобында, 42 млн. САР (олардың ішінен 8 млн, экстази) және 14 млн. артығы кокаин, 15 млн-нан азы апиынды пайдаланады (олардың ішінен 10 млн. героин). Және оны тұтынушылардың үлесі жылма-жыл артып келетіндігі көңілге қаяу салады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасы бойынша, елімізде әрбір оныншы адам өмірінде бір рет болса да есірткі пайдаланған көрінеді.

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымға шығуына қарсы күрес күні бұқаралық қоғамға қазіргі уақытта есірткі мәселесіне баса аударуға себепші болып отыр. Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, планетамыздың әрбір тұрғыны қарсы күрес  жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімі табылмақшы. Сондықтан да, сіз болып, біз болып салауатты өмір салтын қалыптастырайық! Дәл осындай деген

жастар үн парақшаларын тарату барысында “Есірткіге ЖОҚ деп айтуға тұратын 10 себеп қандай?”, “Нашақорлықтың салдары”, “Есірткіден қалай бас тартуға болады”, “Бас тарту тактикасы” жайлы халыққа түсінік берді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Кентау: Криминалистика – жалпы алып қарағанда үлкен ғылым

Полицияның қызметі қашан да халықтың көз алдында. Олар әрдайым тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болады. Бірақ бәрі бірдей емес. Әр полицейдің өзінің қызметіне сай жүктелген міндеттері бар. Осылардың ішінде жұрт көзіне түсе бермейтін, алайда жұмыс барысында ең маңызды орынды иеленген криминалистика саласы. Бұл қызмет мол тәжірибе мен төзімділікті қажет етеді. Ол үшін біршама жылдар қажет. Алайда жас та болса алғырлығымен көзге түсіп жүрген 25 жастағы Әлихан Әмірдің бұл қызметке деген құлшынысы ерекше. Қызметке келген күннен бастап 3 жыл ішінде бірталай білім жинап үлгергені де байқалады.

Жалпы қылмыстардың ашылуы криминалистердің сауатты жұмысына тікелей байланысты. Қазіргі таңда бұл қызметке озық технологиялар мен жаңа құрылғылар келсе де бәрібір адамның жүйелі әрекетінсіз ештеңе бітпейді.

– Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын 2019 жылы тәмамдаған соң Кентау қалалық полиция бөлімінде анықтаушы болып, алғаш еңбек жолымды бастадым. Содан аздап тәжірибе жинақтаған соң көп ұзамай Мақтаарал аудандық полиция бөліміне криминалистика саласы бойынша қызметке ауыстым. Жас болған соң білгің келетін, үйренгің келетін дүниелер көп болады. Криминалистиканың да қыр-сырын меңгеру оңай емес. Аз уақыт ішінде бірталай білім жинағаным да рас. Бірақ «білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» дегендей, өз ісіңнің білікті маманы болу үшін, көп тер төгуге тура келеді. Криминалистика бір жағынан алып қарағанда үлкен ғылым. Мұндай ғылым алғаш Грекия елінде пайда болған. Содан бері өз маңызын жоғалтпаған криминологиялық сараптаулар қылмысты ашу кезінде шешуші рөл атқарады.

Полицей болуды бала кезден армандаған аға лейтенант қашанда айналасындағыларға көмек беруге дайын жүреді. Керек жерінде мұқтаж жанға қол ұшын беру парыз деп түсінетін Әлихан тұрғындардан мақтау сөздер естіп, алғыс алған сайын жұмысына екі есе құлшыныспен кіріседі. Себебі ол кім үшін қызмет етіп, не үшін жұмыс жасап жүргенін жақсы біледі. Қазіргі таңда 1 қыздың әкесі көп уақытын жұмысқа бөліп жүр. Жас кезінде қиналып, ауырдың астымен жүруге дағдыланып, сынақтардан дер кезінде өтіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенді жөн көреді. Жас криминалистің талабына нұр жауып, қабілет-қарымы шыңдалып, келешек барлық атақ-дәрежеге адал еңбегі, темірдей төзімділігінің арқасында жетуіне тілектеспіз!

жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда!

Адам баласы кез-келген жағдайда жазатайым жағдайға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Төлеби аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында полицейлер кездесу өткізді. Жиынға бастауыш, негізгі, орта және жалпы білім беру мектептерінің қызметкерлері қатысты. Тәртіп сақшылары келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында кезекшілік-мобильді топтық жұмыстар жасалатындығын айтты. Кезекшілік-мобильді топтың жоспары бекітіліп, білім алушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікпен жол қозғалыстарын сақтау мақсатында жұмыс атқаруды бастап кетті. Сонымен қатар жазатайым жағдайды болдырмас үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жиналғандар осы тақырып аясында өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Полицейлер жиынға қатысушыларға балаларының өміріне жауапты болып, оларды қадағалау керегін ескертеді. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге жол қозғалысы ережесін сақтау, сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеге шықпау керектігі жайлы да айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар бұған дейін де тұрақты күн тәртібіне енген. Алдағы уақытта да бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат