Сайрам:Азаматтық некедегі күйеуінің үстінен арызданды

Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Орта жастағы әйелдің айтуынша, сағат 08:00 шамасында бұрынғы азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасып қалған. Салдарынан күйеуі әйелінің сөмкесіндегі «Самсунг Ж1» маркалы ұялы телефоны мен 800 теңге ақшасын өзінше билік етіп, алып кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389/1-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар күдіктіні жедел-іздестіру нәтижесінде жарты сағат ішінде жақын аумақтағы дүкендердің бірінен ұстады.

Анықталғандай, күдікті ер адам Қостанай қаласының тұрғыны. Ол әйелімен 1 ай уақыт бойына ажырасып жүрген. Екеуі көшеде кездесіп қалып, ол әйелдің үйіне еріп келген. Арада болған жанжал салдарынан осындай әрекетке барған. Күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефон мен ақша алынып, иесіне қайтарылды. Сезікті ер адам бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият және өз мүліктеріне ие болуды ескертеді. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасамауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.

«Елеулі еңбегі үшін, Ел ардақтысы» медалін иеленген 22 жастағы полицей

Жігітке жеті өнердің өзі аздық етеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз полиция аға лейтенанты Думанжан Тұрсынбай өнерін өрге жүздіріп, қоғамға әр қырынан ат салысып жүрген жандардың бірі. Қазіргі таңда Мақтаарал АПБ ЖПҚ Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторының бұл салаға деген қызығушылығы мектеп жасында-ақ оянған. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің жан-жақты қырын көрсете білген алғыр жігіт мектептен түлеп ұшқан шақта да спорт пен шығармашылығын қатар алып жүрді. Спорттың еркін күрес, қолкүрес түрлерінен әбден шыныққан Думанжан өзінің мықтылығын талай мәрте дәлелдеп, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. Тіпті әлі күнге бұл спорт түрлерінен Мақтаарал ауданында жеңіс тұғырынан түспей, аймақтың бетке ұстар спортшыларының алдыңғы қатарында тұр. Ал шығармашылық қырына келсек, жас түлек алғаш Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға барған сәттен-ақ ақындық таланты қанатын кеңге жайды. Академияда оқып жүрген шағында түрлі тақырыптағы өлеңдері мен мақалалары газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде жарық көрген. Бұған қоса руханият саласына да өз үлесін қоспақ ниетпен академиядағы дарынды жастарды бір жерге жинап, шығармашылық орта құрды. Мұндай еңбектері әділ бағаланып, кейін республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының атынан «Елеулі еңбегі үшін, Ел ардақтысы» медалімен де марапатталған.

Осыншама өнерді бойына жинаған талантты жігіттің алдынан сан-тарау жол кездессе де бәрібір полиция қызметіне деген қызығушылығы ерекше болды. Және алға қойған мақсатын құқық қорғау саласымен тікелей байланыстырды. Ол 2019 жылы академия түлегі атанған соң, көліктегі Полиция департаменті Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінде алғаш қызметін бастады. Бұл қызметті абыроймен атқарып, 2 жылда жинаған тәжірибесімен 2021 жылы туған жері Мақтааралға қайта оралды. Содан бері аймақтағы жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын күзетіп, тынбай еңбек етуде. 24 жастағы аға лейтенант жас та болса оқығаны мен тоқығаны көп десек артық айтқандық емес. Қаламын қолынан тастамайтын ақынжанды полицей ерлігімен есте қалған батырларымыздың даңқын асқақтатып, қаһармандардың есімдерін дәріптеп, әр мерекеде жыр жазудан жалыққан емес. Жақында ғана Ұлы жеңіс мерекесіне орай «қанатты қыз» атанған әйгілі ұшқыш ару, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арнаған жап-жаңа туындысы жарық көрді. Міне жастарға тек құқықтық тәртіпті ескерте бермей, рухани тұрғыдан сәл де болса бағыт-бағдар көрсететін Думанжандай сақшылардың қоғамға тигізер пайдасы көп.

Тұрсынбайдың немересі жөнінде біздің айтарымыз мұнымен бітпейді. Себебі әріптестері бұл жігіттен зор үміт күтетіндерін айтып, оның нағыз білікті маманға айналып келе жатқандығын алға тартады. Ендеше палуан, ақын, полицей Думанжанның әрдайым жеңістің тұғырынан көрініп, қаламынан небір керемет туындылар жарық көріп, абыройлы қызметте дәрежесі жылдан-жылға биіктей берсін демекпіз.

Түркістан: «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Заңсыз есірткі бизнесі, есірткі қолдану, сақтау, сату деген қылмыстар баршамызға ортақ мәселе десек болады. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, біздің азаматтардың, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу жолына қуатты тосқауыл қою қажеттігін баса айтқан болатын. Ал ҚР ІІМ барша облыстық ПД-ға тапсырмалар беріп, жұмысты жүйелендіруде. Өз кезегінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарды ажырату, жасырын есірткі зертханаларын жою, есірткінің жастар арасында таралуына тосқауыл қою мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мәселен облыста 26 мамыр мен 26 маусым күндері аралағында 1 айға жоспарланған «Есірткісіз болашақ» іс-шарасы басталған болатын. Осы бағдарламаға сәйкес ПД-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, нарколог-дәрігерлердің қатысуында маңызы зор іс-шара өткізілді. Жеңіс саябағында «Есірткісіз болашақ» ұранымен өткен кездесуге 100-ден астам жастар қатысты. Студенттерге есірткінің зияндылығы және жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал нарколог дәрігерлер есірткінің адам ағзасына зияндылығын, өмір жалмайтынын айта отырып, зиянды әдеттерге мүлде жоламауға шақырды. Оған қоса «Есірткіге жол жоқ» жазуымен жасөспірімдерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

 

САУРАН: "ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМДІ НАСИХАТТАЙТЫН ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ҚАУІПТІЛІГІ" ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 Ағымдағы жылдың 8 маусым күні Қарашық ауылдық округінде ауыл тұрғындары мен жастар арасында кездесу өтті. Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің теолог маманы Н.Тәжібай, Түркістан облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің теолог маманы А.Тағай қатысты. Кездесу барысында теолог маман Айбек Тағай экстремизм мен терроризмді насихаттайтын әлеуметтік желідегі діни топтардан сақ болуға шақырды.

«Ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың белсенді дамуы, әдетте, белгілі бір тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға тұспа-тұс келеді. Еліміз соңғы онжылдықта әртүрлі саяси-тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Соның бірі діни экстремистік және террористік ұйымдардың халықаралық деңгейдегі қауіп-қатері мен зардаптары» деп бастады өз сөзін А.Тағай.

Жиын барысында теолог маман Н.Тәжібай әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдардың арбауына түспес үшін барынша сауатты болу қажет екендігін жеткізді.Елімізде діни экстремизмнің таралу көріністері бірнеше рет тіркелген болатын. Көп жағдайда экстремистік топтардың агенттері өз идеяларын насихаттау барысында ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысады. Осыған орай, 2011 жылы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңнама дайындалды. Ол діни әдебиеттер мен миссионерлік қызметті реттеу мен қадағалауда дер кезінде қабылданған құжат болып есептеледі. Мемлекетіміздің дін саласындағы қауіпсіздігін сақтау үшін бірнеше заңнамалық нормалар мен мемлекеттік бағдарламалар дайындалды.Осының барлығы дін атын жамылған экстремистік идеологиялардың таралауына жасалған үлкен соққы болды. Деструктивті діни қозғалыстар арзан әрі тиімді құрал ретінде ғаламтор желісін кеңінен пайдалана бастады. Ғаламтор ешқандай шекараларды ескермейтін, бір жерден отырып өз идеяларын мен көзқарастарыңды басқаға таңуда тиімді құрал болып табылады.Әсіресе әлеуметтік желілер жастар арасында  өте танымал. Көптеген жастар діни сауатын әлеуметтік желілер мен ғаламтордан ашып жатады.  Ғаламтор желісінде жастарды оқыту, дәріс беру бойынша ислам ресуртары кеңінен таралған. Мәселен, республика көлемінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінен  «Ислам» сөзі сұранысы бойынша 1357 қауымдастық, «Құран» сөзі бойынша 88 қауымдастық,  «Сунна»  сөзі бойынша 181 қауымдастық және т.б. ұқсас қауымдастықтар тіркелген.Әлеуметтік желінің іздеу жүйесінде «ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз.Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе деструктивті діни ағым өкілдерінің тұзағына түсу арқылы ҚР кей заңнамаларын бұзуға алып барады.Желі қолданушыларының деструктивті діни ағымдар қатарына кіріп кету факторларының бірі әлеуметтік желілердегі деструктивті қауымдастықтар мен топтарға жазылу болып табылады.Бұл топтар мен қауымдастықтардың атаулары әдетте мүмкіндігінше бейтарап болып көрінеді, мысалы: «Исламдағы махаббат», «Счастье в Исламе», «Пайдалы насихат» және т.б.қауымдастықтарды айтсақ болады. Алайда, атаулары мейірімге шақырғанымен қауымдастықтардың ішінде жүргізіліп отырған ақпараттық саясат мүлдем басқа және алдап-арбауды мақсат еткен ақпараттық тұзақ.Осыған орай 2020 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы және  Діндерді зерттеу орталығы бірлесіп  деструктивті қауымдастықтарға тіркелген желі пайдаланушыларын қауіпті ақпараттан аластату жолында арнайы хабарламалар жіберу жұмысы ұйымдастырылуда. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам хабарлама желі тіркелушілеріне жолданып отыр. Желі қолданушыларына жолданып жатқан бұл хабарламалар біріншіден алдын-алу, яғни азаматтарды білместіктен заң бұзушылықтарға алып баратын лайк, репост немесе комментарийлерден ескерту. Осындай іс-әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарын бұзады және оған 50 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.Осылайша, жастардың діни радикалдар қатарына «кетуіне» жол бермеу мақсатында дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес береміз. Ғаламтор желісі арқылы тек қауіпсіз және тексерілген ресми сайттарды, қауымдастықтарды және әлеуметтік желілердегі топтарды қарауды ұсынамыз дедітеолог маман Н.Тәжібай. Жиын соңында ауыл  тұрғындарының қойған сұрақтарына теолог мамандар жауап берді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Кентауда мейрамханадан 70 келі ет ұрлаған күдікті ұсталды

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі мейрамханасының асханасында тұрған 70 келі ет өнімдерін белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленуші ер адамға келген шығын көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама бойынша тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келіп жетті. Олар ұрлыққа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты.

Нәтижесінде күдікті ретінде Кентау қаласының тұрғыны, бұрын сотты болған жас жігіт анықталды. Белгілі болғандай күдікті ер адам сол мейрамханада жұмыс жасаған. Сезікті күзетшінің болмағандығын пайдаланып, сағат 04:00 шамасында ұрлыққа түскен. Ол ұрлаған етті, танысының үйінде жасырған. Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде етті тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін ғимараттарға, дүкендерге, тұрғын үйлерге, мейрамханаларға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Жайылымдық жерден мал ұрлаған күдікті үшеу қамауға алынды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылымда жүрген 6 бас саулық қойын, 2 бас қозысын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 430 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабарламаны естіген бойда оқиға орнына бірден жетті. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлер жақын аумақты түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде қылмысқа күдікті ретінде Түркістан қаласының үш тұрғыны ұсталды. Сезікті үш жігіттің екеуі ағайынды, үшіншісі досы болып келеді. Олар ұрлыққа түнгі уақытта бақташының жоқтығын пайдаланып барған. Күдіктілер ұрлаған малдарды сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатындығын айтады. Сондай-ақ келеңсіз жағдайларды бодырмас үшін жайылымдық жерлерде бақташысыз қалдырмай, үшжақты келісім жасау керектігін еске салады. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін малдарды құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

ТҮРКІСТАН: ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОРШАҒАН ОРТА ТАЗАЛЫҒЫНА МӘН БЕРУДЕ

    Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ағымдағы жылдың 3 айында 24 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, 35 тұлға тәртіптік, 51 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 109,6 млн теңге көлемінде қаржы бюджетке өндірілген. Заңды бұзған 51 тұлғаға 4,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Бұл туралы брифингте мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев мәлімдеді.

     «Өңір тұрғындарын табиғатты аялап сақтауға шақырамыз.Әсіресе кәсіпкерлерге Экологиялық кодексте талап етілгендей рұқсат қағаздарын, экологиялық сақтандыру шарттарын алуды еске саламын. Себебі, рұқсатсыз қызмет жасаған 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі 13 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олар қоршаған ортаға 500 млн теңгеден астам залал келтірген. Оның 100 млн теңгеден астамы өндірілді. Табиғатты аяламасақ, оның зардабы болашағымыз үшін ауыр, ал материалдық және моральдық жауапкершілігі өте жоғары», - деді Серік Үмбетұлы.

     Баспасөз мәслихатында спикер Сарыағаш және Арыс ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигондарның санитарлық-қорғаныш аймағы сақталмай тұрғын үйлер салынғанын сөз етті. Облыстағы 158 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының ішінде тек біреуіне ғана автоматтандырылған сұрыптау желісі орнатылған. Қазіргі таңда жергілікті ақтқарушы органмен бюджеттен қаржы бөлініп, қоқыс полигондарын заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ТҮРКІСТАН: ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР МЕН ӨСІМДІКТЕРГЕ ЗАЛАЛ КЕЛТІРГЕНДЕРГЕ 9 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында демалушылар мен туристерге қызмет көрсету мақсатында 7 бақылау өткізу бекеттері орнатылған. Парк аумағындағы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар түрлерін қолға түсіріп иемдену, залал келтіру факті тіркелсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Оған қоса, 3 000 АЕК айыппұл салынады (3000 АЕК - 9 189 000 теңге). Бұл туралы бүгінгі брифингте "Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек мәлімдеді.

 «Парк аумағына рұқсатсыз кірген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-бабы бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кетерлігі, орман өртінің алдын алу мақсатында ауыл әкімшіліктерімен, жергілікті тұрғындармен және ауыл орта мектептерімен құрылған 63 ерікті өрт сөндіру командаларына 566 азамат жасақталды. Қазіргі таңда өртке қарсы техникалық құралдар толықтырылып, жедел шақыртуларға сақадай сай»-деді туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев.

  Табиғи парк мамандары биылғы жылы «Парктер шеруі-2022» табиғат қорғау акциясын өткізбек. Акция аясында «Су айдындарын тазарту» сенбілігі және Халықаралық құстар күні аясында «Құстарды қорғау күні»  акциясын өткізу жоспарлануда.