Түркістан: «Мемлекеттен жәрдемақы шығарып беремін» деп тұрғындарды алдаған...

Түркістан ҚПБ-ға бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел «мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы шығарып беремін» деп сенімге кіріп, әрқайсысынан 150 000 теңгеден алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелді.

Хабар алысымен түркістандық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Осылайша жедел жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде орта жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Анықталғандай, күдікті әйел қайтарымсыз ақша алып беремін деп, 3 тұрғыннан 150 000 теңгеден алып, бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісіне хабарласыңыз.

Жетісайда жалған мүгедек болып, қайыр сұраған шымкенттік анықталды

Жетісай аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу, орталық көшелердегі адамдар көп келетін орындар мен базар маңында қайыршылықпен айналысып жүргендерді анықтау мақсатында, бақылап, қадағалау жұмыстарын жүргізді.

Мәселен осындай кезекті тексеріс кезінде полиция майоры Еламан Абишев, қайыршылықпен айналысуды әдет еткен 3 тұрғынды анықтап, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» хаттама толтырды. Аталған құқық бұзушы 3 ер адамның екеуі жергілікті, біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Олар орталық базарда қайыршылық жасап жүрген. Бұдан алдын тәртіп сақшыларымен ескерту де берілген. Сонымен қатар жұртқа алақан жайып, қайыр сұрап отырған шымкенттік ер адамның мүгедектер арбасында отырғаны жай көзбояушылық екені белгілі болды. Яғни тексеру кезінде оның өз аяғымен жүре алатыны анықталды.

Қоғамдық орында өзінің бас пайдасы үшін тәртіпсіздікке жол беріп, осындай заңсыз әрекеттерге баратындарға Заң бар. Қол-аяғы сау бола тұра, жеңіл жолмен ақша табуға әдеттенгендерге алданбаңыз. Сондықтан табысыңызды қайырымдылыққа аудармас бұрын, «кімге» аударып, ол ақшаның не мақсатта жұмсалғалы жатқанына мән беріңіз!

 

Түлкібас: Газ құю бекетінде қылмыс жасаған түркістандық тұрғын ұсталды

Түлкібас аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолындағы газ құю бекетінде жұмыс істейтін оны, таңғы сағат 04:30 шамасында өзіне таныс емес жас жігіт тонап кеткен. Яғни «Мерседес Бенц 124» маркалы көлік жүргізушісі газ құюға арналған 2 құрылғысын ашықтан-ашық тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайт ҚПР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды.

Хабарлама алысымен орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Учаскелік полиция инспекторлары іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Полицияға жеткізілген Түркістан қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады.

Анықталғандай, жүргізуші газ құйдыруға келгенінде, жәбірленуші көліктің ақауы бар, күте тұрыңыз сәлден соң құятын боламын деп жеткізген. Алайда түсінбеушілікке бой алдырған жүргізуші құрылғының бір бөлігін тартып алып, кетіп қалған.

Жалпы айта кетер жайт, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, әрбір ойын-сауық мекемелеріне, азық-түлік дүкендері мен жанармай құю бекеттеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Әсіресе учаскелік полицейлермен адамдар көп келетін ғимараттарда қауіпсіздік шарасын қатаң ұстану керектігі айтылады. Кәсіпкерлерге кеңес беріліп, ғимараттарына бейнебақылау камераларын орнатып, терезелеріне темір тор қойдыру қажеттігі ескертіледі. Осындай профилактикалық шаралардың нәтижесінде жоғарыда орын алған қылмыс тез арада бейнебақылау камерасының көмегімен ашылып отыр.

Осы ретте Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.

Түркістан: Зауытқа 4 000 000 теңгеге жуық шығын келтірген қоймашы ұсталды

Түркістан ҚПБ-ға құрылыс зауыттарының бірінен хабарлама келіп түскен. Онда аталған зауытқа тиесілі тауарлардың бірқатары жымқырылғаны көрсетілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 4 000 000 теңгеге жуық.

Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары аталған қылмысқа қатысты күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде күдікті азамат осы зауыттың қоймашысы болып шықты.Ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.

Белгілі болғандай, күдікті ер азамат өзінің қызметін асыра пайдалана отырып, зауытқа тиесілі техникалар мен тауарларды сатып жіберген. Ал ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері тұрғындарға барынша қырағы болып, өздерінің бағалы мал-мүліктерін кез келген таныс емес адамдарға сеніп тапсыруға болмайтынын ескертеді.

Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды

Түркістан облысы ПД ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторлары заңсыз аңшылық, балық аулау, сиреп бара жатқан өсімдіктер мен жан-жануарларды жоюдың алдын алу, болдырмау бағытында облыстың әр түкпірінде тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Осындай кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара жүргізу кезінде Шардара аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының инспекторлары мен су қорықшылары бірлесіп, Арнасай шығанағының аймағында «гарпун» құралын пайдаланып, заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады.

Хабарлама алысымен бірден оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғындардан айғақты зат ретінде 3 дана гарпун құралы, 2 дана суда жүзуге арналған киімдер жинағы мен 100 келіге тарта ақбалық балығын тәркілеп алды. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі “Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулауға болмайтындығын ескертеді. Сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы, заң алдында жауап беруге әкеліп соғатынын ұмытпаңыз.

 

Түркістандық полицейлер жоғалған 10 жастағы жасөспірімді тапты

Түркістан ҚПБ-ға күндізгі сағат 10:30 шамасында жергілікті тұрғын әйел 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Оның айтуынша 10 жасар баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Сондай-ақ анасының өз баласын іздеп жүргеніне 3 тәулік болған. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан ҚПБ қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қала көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде баланы Түркістан қаласында досымен бірге жүрген жерінен тапты.

Белгілі болғандай, жоғалған бала отбасындағы жанжалға байланысты үйінен кетіп қалған. Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

«Баламның із-түзсіз жоғалып кеткеніне 3 күн болды.

Өзіміз іздеп, таппаған соң полицейлерге хабарластық. Ал полицейлер баламды дер кезінде тауып берді. Түркістан қаласының полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын»!

Түркістан: Бас полицей саптық жиын өткізді

18 шілде яғни бүгін сағат 08:00-де Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев жеке құрамның дайындығы мен даярлығын тексеру мақсатында саптық жиын өткізді.

Іс-шара ең алдымен мемлекеттік ән ұранмен басталды. Шараға Түркістан қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы қызметкерлері қатысты.

Саптық жиын барысында тергеу бөлімінің, патрульдік полиция ротасының және жеке құрам қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, қызметкерлердің азаматтармен әдепті сөйлесуі, халықпен дұрыс қарым-қатынас орнату, сервистік полиция жұмысын жандандыру,қызметтік форма тазалығы, киім кию үлгісі, тәртіпке қатысты ескертулерге баса назар аудару керек екені айтылды.

Жетісайлық полицей егде жастағы әйелді өрттен алып шықты

Жетісайлық полицей Аян Рысбеков өрт ішінен егде жастағы әйелді алып шығып, ерлік жасады. Нақтырақ айтсақ, полицей Аян өзінің отбасымен бірге Шымкенттен көлікпен келе жатып, сусын алу үшін Қазығұрт ауданына қарасты күре жолдың бойындағы дүкені бар жазғы тамақтану орнына тоқтайды.

Осы сәтте көліктен түскен полицейге сол жердегі жас қыз жүгіріп келіп, өрт болып жатқанын, ғимарат ішінде апасы қалып қойғанын айтып, көмектесуін сұрайды. Мұны естіген полицей бір сәтте ойланбастан, өрт болып жатқан аймаққа қарай жүгіреді. Бар ойы іштегі адамды аман алып шығу. Содан алдынан тағы бір ер адам шығып, ішке кіре алмай тұрғанын, іштегі адамды құтқару керектігін айтады.

Содан екеулеп отырып, қызыл жалынған оранған қоймалардағы өртті сөндіруге кіріседі. Айналада су жоқтығын көріп, жерді қазып топырақпен сөндіруге әрекет етеді. Осылайша полицей іште екі қойманың ортасында жалын ортасында тұрған апаны шығару үшін, жерді қазып алған топырақпен жол жасай отырып, апаны өрттен аман алып шығады.

Тілсіз жаудан егде жастағы әйелді құтқарған ержүрек адам бұл - Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Хайруллаев Аян Рысбекұлы еді. Бейбіт күннің батыры өз сөзінде: «Ойланып тұруға уақыт болмады, содан бірден отқа оранып жатқан жерге кіріп кеттім де, апаны сыртқа алып шықтым. Қайғылы жағдайдың алдын алуыма қызмет барысында оқып-үйренген өрт қауіпсіздігі туралы ережесінің пайдасы тиді.

Біз үшін тұрғындардың амандығы, әрі тыныштығынан асқан бақыт жоқ!»-деп атап өтті. Осылайша полицей өрт сөндірушілер келемін дегенше, лаулаған өртті топырақ шашып ауыздықтады. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 202-бабымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Полиция капитаны Аян Хайруллаев, 2011 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолдарында Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана қаласында) жылдам қиылдайтын арнайы жасақ қызметкері болған. Қазіргі таңда Жетісай қаласында көші-қон қызметінде полицей.