ТҮРКІСТАН: «Жастар және діни экстремизм»

Қазір әлемде діни жағдай күрделеніп барады. Халықтың тұтастығы мен дін тұтастығы және мемлекет тұтастығы арасында бірегей қатынас немесе байланыс бар деседе болады. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланған, жымысқы әрекеттерімен ел ішінде өзара бүлік салып, қарапайым халықтың оңы мен солын тануға мүмкіндік бермей жатқандар қаншама. Олардың енді біреуі ұлттық діндер атын жамылып жүрген теріс ағымдар болса келесісі өз саясаты үшін дінді пайдалып, өз кәсібін тұрпайы жолмен алып жүргендер. Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы

Жансая Байгерей осы тақырыпта жастарға баяндама жасады.

Басқа халықты, ұлтты қойғанда қазақ халқының санасына қырық руға емес, қырық дінге бөлуге атсалысып жүргендер қаншама?! Өмірлік бағдарын әлі айқындай қоймаған жастар осындай ойындардың құрбаны болуға оңтайлы сәт. Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын-қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Діни экстремизм кең таралған әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізеді. ХХІ ғасырда интернет желісі экстремистік топтардың ең негізгі ақпараттық алаңына айналды. Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды өздеріне тарту үшін барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылады: әлеуметтік желілер, мессенджерлер, онлайн ойындар, белгілі бір бағдарламалар және т.б. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты – саяси идеологиялық көзқарастары толық қалыптастапаған жастарды өздеріне тарту. Қазіргі кезде осындай діни экстремистік топтарға қарсы тұруға көп әдістер қолданып жатыр. Интернет желісіндегі экстремистік ақпарат көздерін анықтап, бұғаттайтын бағдарламалар құрылуда және де интернетте ақпараттық сауаттылықты арттыру. Ақпараттық-сауаттылықты арттыру жастардың ойын өзгертіп, экстремистік идеяларының алдын алуға септігін тигізеді. Жалпы бұндай ұйымдармен күресті тек мемлекет емес, әрбір қазақстандық азамат жүргізуі тиіс. Жастардың санасын қорғау мен сауатын ашу қоғамдық жауапкершілікке айналуы қажет.

Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік орнатуда. Ең өкініштісі – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың санасын улап, дінимсауаттылықтың жеткілікті деңгейде болмауына байланысты экстремистік ұйымдардың арбауына түсіп қалуы. Сондықтан да жастардың дін¬и және құқықтық сауа¬тын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идео¬логияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Менің ойымша, бұндай ұйымдармен күрестің бір жолы – өскелең ұрпаққа кішкентай кезінен ата-анасы ұлттық тәрбиені, танымды, сананы бойына сіңіріп тәрбиелесе, осындай ұйымдарға алданып қалмайды деп ойлаймын. Жалпы, енді ер жетіп келе жатқан балаларға ұлттық дәстүр түсіндіріліп, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды, ақындар мен жыраулардың еңбектерін дәріптеп түсіндірілсе, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе, отбасылық құндылықтар насихатталып, дұрыс жолға сілтеу алатын болса енді дамып келе жатқан жастар арасында мұндай мәселелер кеңінен таралмас деп сенемін.

Экстремизм қатерлі ісікке ұқсас, егер алдын алу шаралары уақтылы жүргізілмесе, уақыт өте келе өсіп, терең тамыр алады. Сондықтан халықтың діни сауаттылығы өте маңызды және қажет. Ал діни сауаттылық – оқыту, ағарту және әдебиет арқылы алынған білім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев қара сөзінде: «Адам – өз заманының баласы. Егер ол жаман болса, оның замандастары да кінәлі». Қазіргі кезде мемлекет үшін жастарды тәрбиелеуге, физикалық және рухани түрде сау және толыққанды жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды мәселе деп ойлаймын.

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізеді деген ойдамын,-дейді Ж. Байгерей.

Сарыағаштық тұрғынның ауласынан 30 келіге жуық сора есірткісі тәркіленді

Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендер, тасымалдағандар мен сатқандарға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтті. Облысқа қарасты барлық қала, аудандарда полицейлер рейдтік-профилактикалық шараларды жүргізуде. Мәселен, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер азаматты ұстады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» қылмыстық іс қозғалды.

Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласындағы бау-бақшасынан сора өсімдігін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптер 30 келіге жуық «сора» есірткісі болып шықты.

Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның сора есірткісін өзінің ауласында не себепті өсіргенін анықтауда.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеді.

Қазығұрт: Техникалық тауар сататын дүкенге ұрлыққа түскен

Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз біреулердің дүкеніне ұрлыққа түскенін айтқан. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары шұғыл түрде ұрлық болған жерге шықты. Содан полицейлер әккі ұрылардың дүкенге кіріп, 6 дана ұялы телефон, 3 дана ноутбук пен оның 2 дана дискісін жымқырғандарын анықтады.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Дүкен иесіне келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрайды.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы, күдікті ретінде 3 ер азамат анықталды. Яғни күдікті 3-еу қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған.

Олар таңғы сағат 05:30 шамасында дүкенге терезе арқылы кіріп, өз арам ойларын жүзеге асырған. Бүгінде сезіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған барлық техникалық заттар алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған ұсталғандар қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болып сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылық пен жауапкершілікпен қарағанда ғана, мұндай жағдайларды азайтуға болатынын ұмытпаңыз.

 

Түркістан: «Үздік ерлік жасаған қайырымды батыр» полицей

Біреудің арманын орындау кез-келгеннің қолынан келмейтін үлкен ерлік! Бүгінде осындай игі істерді жасап, алғыс арқалап жүрген жастар саны жетерлік. Мәселен елімізде адамдарға жақсылық жасаудан жарысып жүрген «Мейірімді асыл адам» қайырымдылық қоры бар. Бұл қайырымдылық қорында еріктілер, халыққа қамқор болып, қолдау көрсетіп жүреді. Сондай-ақ әр жылы қорытынды мерекелік шарасын ұйымдастырып, қайырымдылық жасап, ел аузында қалған «Асыл адамдарды» анықтап, марапаттайды.

Күні кеше Түркістан төрінде қордың кезекті шарасы өтіп, Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейі Дінислам Перменов «Үздік ерлік жасаған қайырымды батыр» атағын алып, марапатталды. Осы тұста полицейдің қай әрекеті үшін мадаққа ілінгенін өздеріңізбен бөліссек: Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» атанып кеткен көпқабатты пәтерлердің тұрғындарынан полицияға хабарлама келіп түседі. Онда жалғыз тұратын егде жастағы әйел үйінде қамалып қалғаны, көмек қажет екені айтылды.

Ақпарат түскен бойда оқиға орнына сол аумақтың учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Дінислам Перменов пен әріптесі полиция капитаны Сәден Сырбаев жетеді. Шұғыл әрекет еткен полицейлер, 1 минутта уақытты бос өткізбеді. Бірден көмек қажет 2-қабаттағы қарт әжейдің пәтерінің қылтимасына секіріп мініп, есігін бұзып үйге кіреді. Содан әйелдің жуынатын бөлмеде құлыптанып қалғанын байқап, оны шығарып алады. 3 сағат бойы бөлмеде құлыптанып қалып, көршілерін бар дауысымен көмекке шақырған әйел, аздап мазасызданып тұрды. Полицейлер тұрғынға жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетті.

Осы оқиғадан кейін тұрғындар Дінисламмен әріптесін «біздің батырымыз, қорғанымыз» деп атап кеткен. Бұл оқиға қайырымдылықпен айналысатын ерікті жастардың назарына ілігіп, қордың мерекелік кешінде тәртіп сақшысын марапаттауға шешім шығарған. Осылайша елдің алғысына бөленген полицейдің мәртебесі артты. Полиция аға лейтенаты Дінислам Перменов ішкі істер саласында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Былтыр ғана сүйікті аруы Арайлыммен отау құрып, үйленген. Ендеше «Үздік ерлік жасаған қайырымды батырдың» қызметіне сәттілік тілейміз!

Сайрам: Полицейлер туысының телефонын ұрлаған жас жігітті ұстады

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның ауласында тұрған «Poco X3 Pro» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 200 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен бойда көрсетілген мекенжайға келді. Олар осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Оны тәртіп сақшылары 1 күн өтпестен, өзінің үйінен ұстады.

Анықталғандай, жас жігіт жәбірленушінің туысы болып шықты. Ол қарыздарын жабу мақсатында ұялы телефонды ұрлап, оны ломбардқа өткізіп жіберген. Ақшасын бас пайдасына жұмсаған. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ұрлықтың алдын алу үшін тұрғындарға өз мүліктеріне сақ болуды ескертеді. Тұрғын үйлер мен ғимараттара бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

 

ТҮРКІСТАН: "ҚАУІПСІЗ ҚАЛА" ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың тапсырмасына сай Түркістан қаласы аумағында "Қауіпсіз қала" шара барысында полиция қызметкерлері әрбір мекемеге арнайы кіріп, мүліктік қорғау яғни қылмыстың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертпе парақтарын таратты.

Түркістан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңашылдықтар таныстырылды

Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының ұйымдастыруымен өткен мәжілісте 2022 - 2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жеке құрам арасында таныстырылды.

Нұрдәулет Ильясұлы Тұжырымдамадағы ең басты жаңашылдық - ол негізсіз баюға жауапкершілік енгізілгенін, онда жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, парасатты қоғам қалыптастыру, жемқорлықты азайту, жазаның бұлтартпастығын күшейту, азаматтық қоғамды тарту және тағы басқа маңызды мәселелер қамтылғанын атап өтіп, жемқорлық құқықбұзушылықтары мен қылмыстарына қатысты енгізілген жауапкершіліктің қатаңдатылғанын баяндады.

Кездесу соңында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандарға қатысты түсірілген бейнероликтер көрсетілді.

Түркістан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мамандары уақытша ұстау изоляторының ахуалымен танысты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі - шенеуніктерді бас бостандығынан айыру орындарына апарып, парақорлық қылмысымен құрықталған азаматтардың тар қапастағы тіршілігімен таныстыру болып табылады.

 Осы мақсатта, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен және облыстық Полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерін уақытша ұстау изоляторының ахуалымен таныстыру жұмыстары басталды.

 Темір тордың арғы жағындағы қатаң тәртіппен таныстыру жұмыстары, ең алдымен сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінің негізінде Жетісай, Мақтарал және Шардара ауданындағы ауылшаруашылық және ветеринариялық саласының жауапты мамандары арасында өтті.

Уақытша ұстау изоляторын таныстыру барысында Жетісай және Шардара аудандық полиция бөлімдеріне қарасты қамаудағыларды ұстау шарттарымен, төсек орынмен, медициналық бөлме, жуынатын бөлме, аула сынды орындармен жіті таныстырып шықты.

 Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен ұйымдастырушылар лауазымды тұлғаларды тура жолдан таймауға шақырып, қызмет бабын асыра пайдаланудың соңы ауыр жазаға әкеліп соғатынын ескертті.

 Мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көрген лауазым иелері тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамауға ниетті екендіктерін жеткізді.

 Айта кетсек, Агенттіктің бастамасымен 2020 жылы Түркістан өңірінде қолға алынған бұл тәжірибе елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты уақытша тоқтатылып, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ел аумағында қайта қолданысқа енгізіліп отыр.