Шымкент: Екі тәулікте ата-анасының бақылауынсыз жүрген 150-ге жуық жасөспірім анықталды

 

Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері қала аумағында кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз жүруінің алдын алу бойынша іс-шара өткізді.

Тәртіп сақшылары түнгі уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты немесе олар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында жастар көп шоғырланатын орындарға рейд жүргізді.

Шара барысында Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз жүрген 140 жасөспірім анықталды.

Атап айтқанда: ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша 83 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, сағат 20:00 мен 23:00 аралығында дәмхана, мейрамхана аумақтарында және көше қиылыстарында жарамазан айтып жүрген 57 жасөспірімнің ата-анасы шақыртылып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қадағалаусыз жүрген 9 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесу өткізіп, түнгі уақытта дәмхана, мейрамхана аумақтарында және көше қиылыстарында жарамазан айту баланың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіпті екендігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Шымкенттік шаруаларға мемлекеттік қолдауға 1 млн. теңге қаралып отыр

Шымкент - Қазақстанның республикалық маңызы бар қала қатарында болғанымен өзіндік агробелдеуі бар ерекше аймақ. Осыған сәйкес, қала аумағында мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді.

Осы орайда, шымкенттік шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып келеді. Атап өтетін болсақ, 2022 жылы 1 074,0 млн теңгеге 48 ауыл шаруашылы тауар өндірушілерінен келіп түскен 393 өтінімге сәйкес субсидиялар берілген болса, 2023 жылға жергілікті бюджеттен жалпы 1 071,8 млн.теңге қаралды.

Субсидиялау бағыттары бойынша берілетін қаржы көлемі:

Етті мал шаруашылығы

- Асыл тұқымды мал сатып алуға 150 000-300 000 теңге;

- Бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашыққа 200 теңге (1 кг тірі салмағына);

- Асылдандыру жұмысына жылына 1 басқа 10 000 теңге;

- Жұмсалған мал азығына 1 басқа 35 000-50 000 теңге

Сүтті мал шаруашылығы:

- Асыл тұқымды мал сатып алуға 200 000-400 000 теңге;

- Өндірілген сүттің 1 кг 20 теңге

- Асыл тұқымды ұрық сатып алу 5 000-10 000 теңге дозасы;

- Жұмсалған мал азығына 1 басқа 35 000-70 000 теңге

Жылқы, түйе, шаруашылығы:

- Асыл тұқымды мал сатып алуға 100 000 теңге;

- Өндірілген сүттің 1 кг 60 теңге;

- Жұмсалған мал азығына 1 басқа 30 000 теңге

Құс шаруашылығы:

- Асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алуға 60 теңге;

- Өндірілген 1 дана жұмыртқаға 3 теңге;

- Өндірілген құс етіне 1кг 50 теңге

Қой, ешкі шаруашылығы:

- Асыл тұқымды мал сатып алуға 15 000-40 000 теңге;

- Бордақылау алаңдарына өткізілген еркек тоқтыларға 3 000 теңге;

- Асылдандыру жұмысына жылына 1 басқа 2 500-4 000 теңге;

- Жұмсалған мал азығына 1 басқа 8 000 теңге

Доңыз шаруашылығы:

- Шет елден аналық асыл тұқымды мал сатып алуға 100 000 теңге;

- Асылдандыру жұмысына жылына 1 басқа 40 000 теңге;

- Жұмсалған мал азығына 1 басқа 7 000 теңге

Бал ара шаруашылығы:

- Селекциялық асылдандыру жұмысына 1 балұяға 5000 теңге.

Субсидиялауға өтінімдер қабылдау қала әкімдігінің 2023 жылға субсидиялау көлемдерін бекіту туралы қаулысы жарияланғаннан кейін жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін subsidy.plem.kz электрондық базасында көрсетілген нұсқаулықтарды қарап, субсидиялаудың әр бағыттарымен танысуға болады.

 

600-ге жуық шымкенттік тұрғын үй субсидиясын алды

Тұрғын үй субсидиясы — пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек. Бағдарлама іске қосылғалы 572 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде.

Бұл көмек түрін 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар ала алады.

Субсидия отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 айдағы орташа жиынтық табысының ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспаған жағдайда беріледі.

Үміткердің депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады.

Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.

Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші тіисті стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Баспананы жалға алу келісімшарты порталда көрсетілген үлгі бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды. Естеріңізде болсын! Аталған бағдарлама негізінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85678 теңгеден аспайды.Айта кетейік, Шымкентте 42 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде 17 мыңға жуық азамат әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар осал топтағы отбасыларға қолдау болатын осы бағдарламаны жүзеге асыру жолдарын тұрғындарға түсіндіріп келеді.

Шымкент: Қайнарбұлақтықтар 100 пайыз оптикалық интернетпен қамтылады

 

Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ елдімекені жеке инвесторлардың есебінен 100 пайыз талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылады.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі цифрландыру басқармасының жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап ұйымдастырған баспасөз турында белгілі болды.

Біз бұған дейін Самал 3, Асар 2, Солтүстік-батыс секілді бірқатар шағын аудандарды кабельді интернет желісімен қамтамасыз еттік. Биыл Қайнарбұлақ елдімекенінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір елді мекеннің 30 пайызы талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді, — дейді iLinkNet компаниясының құрылтайшысы Марат Боқаев.

Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбайдың айтуынша, биыл Шымкент қаласында инвесторлардың есебінен 20 елдімекенге талшықты оптикалық интернет және 15 елді мекенге сапалы мобильді интернет жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұрғын алаптардың координаты жолданып, желіні электр бағанасы арқылы жүргізуге келісім алынды.
Айта кетейік, 2021 жылы Шымкентте интернет сапасы төмен 14 елдімекенге базалық станция орнатылған болса, 2022 жылы 12 елдімекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесі 95 пайызға жетті. 2023 жылы 11 елдімекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек.

 

Шымкентте заңсыз құрылысқа жол жоқ!

 

Шымкент қаласы аумағында өз бетінше құрылыс салу, рұқсатсыз аула немесе көшелерде қазу, құрылыс пен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарын орындамаған тұлғаларға заңнамада белгіленгендей шара көріледі. Шымкент қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы мәліметінше, шаһарда 2022-2023 жылдары 30 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа талап арыз берілген.

Бекітілген жоюдан ауытқу, мемлекеттік нормативтерді бұзу, құрылыс материалдарын үйiп тастау да заңсыз әрекетке жатады дейді жауаптылар. Мамандар көп жағдайда құрылыс алаңдарында шыға берісінде көлік құралдарының дөңгелектерін тазалау, жуу пункттерімен жабдықтамау, қоқыс жинау бункерлерін орнатпау, құрылыс жүріп жатқан іргелес аумақты тиісті жағдайларда тазаламау сияқты бұзушылықтар жиі орын алатынын айтады.

Жыл басынан бері жалпы 43 (сапасына қатысты – 4, заңсыз құрылыстарға қатысты – 39) құрылыс объектісі бойынша 118 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. (8 866,5 АЕК – 30 589 425 теңге).

Жалпы, 2022-2023 жылдары 30 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы Қазақстан Республикасының азаматтық Кодексіне сәйкес, бұзу туралы сотқа талап арыз берілген. Қазіргі таңда 14 нысанды мәжбүрлеп бұзу бойынша сот шешімі шыққан. Қалған 16 нысан бойынша талап арыздар сотта қаралуда. Заңсыз құрылысқа қатысты 14 нысан бойынша сот шешімі шыққан. Оның ішінде 8 құрылыс нысаны бойынша мәжбүрлеп бұзылып орындалған. Қалған 6 нысанды мәжбүрлеп бұзу бойынша Шымкент қаласының Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімінде қаралуда.

 

Шымкентте «Халық жады» акциясы бастау алмақ

Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясының Жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова мәлімдеді.

Акция 1-30 сәуір аралығында өтеді. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының трагедиясын еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның куәліктерін жиналады.

Атап айтқанда, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша:

бай, кулактар;

халық көтерілісіне қатысушылар;

Қазақстаннаан мәжбүрлі босқындар;

ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары;

әскери тұтқындар;

жер аударылғандар;

арнайы қоныстанушылар;

діни қызмет өкілдері және тағы басқалары бойынша қызыл қуғындауға түскен құрбандардың ұрпақтарын өзінің ата-әжелерінің тарихынан естелік айтуға шақырады. Естеліктер Астана қаласында баспадан шығарылатын «Халық жады» атты жинаққа енгізіледі. Өз естелігін неғұрлым толық айта алатын, жадында көптеген оқиғалар тізбегі қалған және құжаттық материалдарды сақтай алған 1930-50 жж. өмірге келген аға буын өкілдерінің естелігі бейнетаспаға түсіріледі.

Саяси қуғын-сүргін алапат қарқынмен жүргізілген өткен ғасырдың 20-50-ші жылдарынан бері қарай да тұтас 100 жыл өткен екен. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» десек, өткен заман қиыншылықтары мен оның барысы біртіндеп халық санасынан өшіп, жойылып кетуі орын алып отыр.

Осы кері құбылыстың алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың арнайы жарлығымен 2020 жылы құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының Жобалық офисінің (жетекшісі қоғам қайраткері, «Ардагерлер» қоғамдық қорының жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты С.А.Қасымов) бастамасымен «Халық жады» (Память народа) атты 20 томдық жинақты баспадан шығаруды жоспарлады.

Шымкент қаласының Өңірлік комиссиясының Жұмыс тобы да аталмыш жинақтың жасалуына өз үлесін қосып, мегаполисіміздің халқының ата-бабаларының тарихын ұрпақтар естелігі түрінде жаңғырту ісіне үлес қоспақ.

Осы үшін 1-30 сәуір аралығында Шымкент қаласының тұрғындары арасында «Халық жады» (Память народа) акциясын жариялаймыз!

Құрметті, шымкент қаласының тұрғындары!

Сіздерді өз әулетіңіздің тарихына терең үңілуге шақырамыз!

Сіздердің естеліктеріңіз алдымен ел тарихын толықтыруға мүмкіндік береді және қуғын-сүргінге түсіп, бір ғасыр бойына іздеусіз қалған аталарыңыздың, әкелеріңіздің, аналарыңыз бен әжелеріңіздің, сондай-ақ басқа да туысқандарыңыз бен бауырларыңыздың алдындағы тағзымыңыз болмақ.

Байланыс телефоны 8 (707) 516-37-55

Шымкент: Сегізінші шақырылған мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

Жаңа депутаттық корпусқа 32 депутат сайланып отыр. Оның ішінде 16 депутат бір мандатты округ арқылы сайланған болса, партиялық тізім бойынша «Amаnat» партиясынан – 11 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 3 депутат және «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды.

Сессияда Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев хабарлама жасап, депутаттарға куәліктері мен төсбелгілерін табыстады. Жаңадан сайланған депутаттарды қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мәслихат төрағасы лауазымына Бахадыр Нарымбетов ұсынылып, шешім бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, олардың құрамын бекіту және тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау туралы шешімдер қабылданды.

Осылайша, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына – Альбина Елшиева, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Дариякүл Қожамжарова, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Шыңғыс Қозбахов, кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Айжан Наимбекова, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Мерлан Керімжанов, инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Ноян Төлегенов сайланды.

Шымкент: Жас оқырманға азық берітін жиын

Отбасылық балалар кітапхансының ұйымдастыруымен 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – ғажайып әлем» атты кеш өтті. Мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, балалар ақыны Дәркен Танабаев пен фантаст-жазушы Сарманбай Исақ және А. Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясы, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді.

«Кітап – ғажайып әлем» іс-шарасы өскелең ұрпаққа өте қажет. Өйткені, жастарды кітап оқуға кішкентай күнінен баулыған абзал. Қазіргі заманда ғылыми техниканың ерекше дамыған заманы болып тұрғандықтан көбіне жасөспірімдер кітапқа емес, ғаламтор желісіндегі ақпараттарды оқуға қызығады. Жастарды кітап оқуға баулысақ, адамгершілігі, ой-өрісі, сана-сезімі өте жоғары деңгейде дамитыны сөзсіз. Еліміздің келешекте дами түсуіне оқыған, түйгені көп жастар ауадай қажет,- дейді жазушы Сарманбай Ережепұлы.

Мерекелік кеште мектеп оқушылары Дәркен Танабаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, ән мен күйден шашу шашты.

Ата-аналар тарапынан балаларға кітап оқытудың маңызы зор екенін насихаттап отырмыз. Біздің кітапхана қорында 70 мыңға жуық кітап бар. Балалар әдебиетіне, танымдық кітаптарды іздеп келетін жас оқырмандарымыз да жетерлік. Технология дамыған дәуірде кітапқұмар өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады, - дейді Отбасылық балалар кітапхансының кітапханашысы Гүлдәурен Асқарбекқызы.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиыннан жас оқырмандар мол мағлұмат жинап, рухани азық алып тарқасты.

 

Шымкентте 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі «ерекше» бөбектер оңалту курсынан өте алады

«Елімізде 49 оңалту орталығы ерекше балалардың емінде маңызды рөл атқарып келеді. Оның ішінде мемлекеттік оңалту орталықтарынан бөлек, «Қамқорлық» бастамасының аясында ашылған 22 оңалту және ерте араласу орталықтары бар». Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова Шымкент қалалық №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің салтанатты жиынында мәлімдеді.

— №2 оңалту орталығы ұзақ жылдардан бері балалардың денсаулығын жақсартуға атсалысып, оңалту ісімен айналысып келе жатқан ұйым. Ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бүгін ерте араласу бөлімшесі ашылып отыр. Оған «Samruk-Kazyna Trust» қоры да атсалысты. Осы оңалту орталығында кешенді ем алуға жағдай жасап отырған демеушілерге алғыс білдіреміз, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шымкенттегі «Қамқорлық» ерте араласу орталығы елімізде биыл ашылатын 13 орталықтың алғашқысы болып отыр. Жыл соңына дейін Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында ашылады.

Айтпақшы, биыл ашылатын 13 орталыққа келер жылы тағы 6 орталық қосылмақ.

Елімізде жүз мыңнан астам оңалтуға мұқтаж бала бар. Олардың әрқайсысы үшін оңалту емінің маңызы зор. Халықаралық сарапшылар балалар оңалту емін ерте кезеңнен бастаса, олардың денсаулығы 60-80 пайызға жақсара түсетінін айтып жүр. Сондықтан осындай оңалту емінде ерте араласу орталықтарының жұмысын үйлестіру — елімізде ерекше басымдыққа ие, басты назардағы іс, - деді Мағрипа Хамитқызы.

Шымкент қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, орталық бүгінге дейін неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту емін жүргізіп келген. Жыл сайын 1500 бала 100 төсек орынды орталықта стационарлық үлгіде ем алған. Енді оған қосымша «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің көмегімен 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі бөбектер ем ала алады. Неврологиялық диагноздармен, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және мидың басқа зақымданулары бар балаларды амбулаторлық үлгіде қабылдауды жоспарланған. Яғни, бөлімше бір мезетте 50 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл бір жылда 600 балаға оңалту курсынын өтуге мүмкіндік бермек. Бір курс 21 күнтізбелік күнді құрайды.

Салтанатты жиын барысында қаламыздың оңалту орталықтарында тұрақты түрде ем алып жүрген бүлдіршіндер өнерлерін паш етті. Одан соң, Шымкент қаласының әкімі мен қор өкілдері ерте араласу орталығын аралады. Емдік дене шынықтыру залындағы «Бобот» функционалды кушеткасы, емдеуге арналған әртүрлі жұмсақ төсеніштер, валиктер, бұрыштар, «иппотренажер», «Мотомед» тренажері, «Атлант» пневмо-костюмдері, «Корвит» аппаратының қызметімен танысты. Сондай-ақ, су емдеу жабдығы – «Посейдон» құрғақ флоатинг ваннасы, тұзбен емдеу, шунгитті емдеу бөлмелерін және эрготерапевт кабинетінің жабдықталуын көрді.

 

Шымкентте биыл «Бозарық» индустриалды аймағы іске қосылады

Қазір «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аймаққа арнайы барып, инженерлік инфрақұрылымымен танысты.

132,9 га алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қосалқы станцияны іске қосып, кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтуды тездету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ инфрақұрылым жүйелерін биыл 90 пайызға аяқтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады” –деді қала әкімі.

Биыл іске қосылатын индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ қала әкімі «Қайнар бұлақ» шағын ауданының инфрақұрылымымен де танысты. Мұнда қазір елдімекенді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Одан бөлек жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр.