Дүйсенбі, 03 Сәуір 2023 16:25

Шымкент: Қайнарбұлақтықтар 100 пайыз оптикалық интернетпен қамтылады

 

Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ елдімекені жеке инвесторлардың есебінен 100 пайыз талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылады.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі цифрландыру басқармасының жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап ұйымдастырған баспасөз турында белгілі болды.

Біз бұған дейін Самал 3, Асар 2, Солтүстік-батыс секілді бірқатар шағын аудандарды кабельді интернет желісімен қамтамасыз еттік. Биыл Қайнарбұлақ елдімекенінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір елді мекеннің 30 пайызы талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді, — дейді iLinkNet компаниясының құрылтайшысы Марат Боқаев.

Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбайдың айтуынша, биыл Шымкент қаласында инвесторлардың есебінен 20 елдімекенге талшықты оптикалық интернет және 15 елді мекенге сапалы мобильді интернет жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұрғын алаптардың координаты жолданып, желіні электр бағанасы арқылы жүргізуге келісім алынды.
Айта кетейік, 2021 жылы Шымкентте интернет сапасы төмен 14 елдімекенге базалық станция орнатылған болса, 2022 жылы 12 елдімекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесі 95 пайызға жетті. 2023 жылы 11 елдімекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек.

 

Оқылды 2134 рет