Шымкентте бір жылда 300 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Мәселен, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 29-наурыз аралығында «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 298 922 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 99, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 7 537, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 2239 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 754, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 2060, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 1508, мас халде көлік басқарған – 284, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 1379 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 77, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 282 995 хаттама толтырылып, 7100 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан 9840 жол қозғалысы ережесін бұзған 3052 жүргізуші ұсталды.

Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!

 

Шымкент: Жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 350-ге жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды

 

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарып жатқаны жазылған. Азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.

"Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзған 348 (үш жүз қырық сегіз) азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды" делінген хабарламада.

Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 2 АЕК (екі айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

 

Шымкенттегі Еңбекші ауданы биыл ауыз сумен толық қамтылады

 

Бұл туралы Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек брифинг барысында мәлімдеді.
Оның мәліметінше, 2022 жылы Еңбекші ауданы бойынша ауыз сумен қамту көрсеткіші 94,5%-ға жетті. Бүгінде Еңбекші ауданына қосылған 7 елді мекеннің құрылысы аяқталу жоспарлануда. Олар Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптары.
Қазір Қарабастау шағынауданында ауызсу құбырлары жүргізілуде. Елдімекенді сапалы сумен қамту жұмыстары 48% аяқталды. Ұзындығы 74 шақырым құбыр 1 жарым мыңнан астам абонентті тіршілік нәрімен тәулік бойы үздіксіз қамтиды. Жұмыстар биыл қараша айында толығымен аяқталады.

Одан бөлек, Жаңақұрылыс аймақтарын ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізуде. Аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде. Одан бөлек, Бадам тұрғын алабының жаңақұрылысында - 340 учаске, Оңтүстік-Жаңақұрылыста - 989 учаскеге жобалау сметалық құжат әзірленуде.
Сондай-ақ, биылғы жылы Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай, аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Одан басқа, Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағында орналасқан елді мекендердің 99,5%-ы ауыз сумен қамтылған. Бүгінгі күнге дейін кестемен ауыз су тұтынып келген Құрсай елді мекенін ауыз сумен қамту құрылысы 2021 жылы басталып аяқталды. Бүгінде құбырларды жуып-шаю, дезинфекциялау жұмысы жүргізіліп, ауыз суды қосу жұмысы рет-ретімен жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы ауданындағы елді мекендер 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.

Шымкентте ІІМ-нің бұйрығымен 10 үздік тергеушінің анасы марапатталды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Тергеу құрылымының 60-жылдығына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға тергеу саласының майталмандары, ардагерлер, үздік тергеушілердің аналары, прокурорлар мен департаменттің басшылық және жеке құрамы қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тергеу саласының тарихына жеке тоқталып, оңтүстік өңірде елеулі еңбек еткен ардагер тергеушілерге айрықша алғыс білдірді.

Сондай-ақ, полициямен бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Шымкент қалалық прокуратурасының қызметкерлерін де мерекемен құттықтады. Сөз соңында, қатардағы әріптестері мен тергеу басқармасының жұмысына қажымас қайрат пен толағай табыс тіледі.

«Баршаңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қызметте абыройларыңыз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін.» - деп, қорытындылады генерал Қайрат Дәлбеков.

Ізгі тілектің соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, 10 үздік тергеушінің анасына ІІМ-нің атынан алғыс хат пен гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, зейнеттегі ардагерлер «Тергеу құрылымына - 60 жыл» медалімен марапатталды. Бұған қоса, қызметтік міндеттерін үздік атқарғаны үшін Ішкі істер минстрлігінің бұйрығымен полиция подполковниктері Ақмолда Ержан мен Тұрлыбаев Жәнібекке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Тағы 6 тергеушіге ІІМ-нің Алғыс хаты мен Грамотасы берілді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы прокурорының бұйрығымен жұмыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізген 7 тергеуші «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Оның ішінде, полиция майоры Мажимбеков Нұртас, Арипбаев Нұржан есімді тегеурінді тергеушілер бар.

Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарған 6 тергеуші алғыс хат иеленді. Ал, полиция департаменті бастығының атынан, «Үздік тергеуші» номинациясымен полиция капитаны Бердіқұлов Еркебұлан, Қуанышбек Рүстем есімді тағы 4 төрт тергеуші марапатталды. Бұған қоса, 52 қызметкерге алғыс жарияланды. Марапаттау рәсімінің соңы эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.

 

Шымкент: Қоғамдық көлік жүргізушілерінің талабы кәсіподақ назарында

 

Осыған дейін Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүргізушілері еңбекақының аздығын айтып шағымданған болатын. Оған шаһардағы 2023 жылдың 1 наурызынан бастап қалалық қоғамдық көліктерде кондукторларды қысқартып, электронды билетке толығымен көшуі негіз болған. Аталған мәселеге байланысты «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы құрамындағы «ТТК» ЖШС, «Радуга» ЖШС, «T-BUS» ЖШС және автопарктерінің қоғамдық көлік жүргізушілері өздеріне жалақы мөлшерін көбейтуді талап етті. Орын алған жағдай шұғыл түрде кәсіподақтың назарына алынып, бақылауда болды. Аталған мәселені алдын-алу мақсатында 02.04.2023ж. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұхтар Қоқанбаев, төлем жүйесінің мамандары мен автопарк басшылары 100-ге жуық жүргізушілермен кездесу өткізді. Кездесуде жүргізушілер өз талаптарын қойып, еңбек ақыны 320-360 мың тенгеге көтеруді сұрады. Бүгінгі күнге дейін жүргізушілер 15 күндік жұмыс күніне 150-160 мың тенге көлемінде айлық алып келген. Ал компания басшылығы қызметкерлерінің талабын орындауға қауқарсыз болды. Себебі, компанияның бүгінгі таңда банк алдында лизингтік несие қаражатын төлеу жауапкершілігі бар екенін атап өтті. Автопаркке түскен табыс және мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемімен шығыстарды есептей келе, бүгінде жүргізушілерге белгіленген 15 күндік айлық көлемі 275 мың теңге болып отыр. Төленетін салық және әлеуметтік салықтардан кейін қалатын, қолдарында таза алатын айлықтары 225 мың тенге болып тұр. Бұрынғы алатын айлықтарының үстіне 70 мың тенге көлемінде қосылып тұр. Алайда, жүргізушілер ол еңбекақыны қанағат тұтпай, жалақыны 320-360 мың тенгеге көтеруін талап етті. Ол жөнінде жазбаша талап та қойылған еді. Кездесу барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселені оңтайлы шешу үшін алдағы уақытта шұғыл түрде Келісім комиссиясы құрылатыннын айтты. Жүргізушілерге заң бұзушылыққа жол берілмеу керек екендігі де айтылды. Сондай-ақ, кәсіподақ еңбек адамының құқығын қорғап, мәселенің оң шешілуіне демеу болатынын жеткізді.

Аталған мәселеге байланысты, 04.04.2023 күні, Кәсіподақ бастамасымен Келісім комиссиясы құрылды. Комиссия аясында мәселеге қатысты ақпараттар жиналып, жағдай пысықталды. 05.04.2023 күні Келісім комиссиясының бірінші отырысы болып өтті, оған жұмыс беруші өкілдері мен кәсіподақ мүшелері қатысты.

Комиссия аясында Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ мен Жұмыс берушілер конфедерациясы бірлесе жеткен нәтижені негізге ала отырып, Шымкент қаласы мәслихатының 14.12.2022 жылғы №23/217-VII шешімі және Шымкент қаласы әкімдігінің 23.12.2022ж. №2580 қаулысы негізінде осы салаға бөлінген қаражат субсидия есебінен бөлінетін болып шешілді. Осылайша, кәсіподақтың қолдауымен мәселе оңтайлы шешіліп, жүргізушілердің талабы қанағаттандырылып, жалақы мөлшері 375 мың теңгеге өсті. Сүйінші жаңалықты естіген жүргізушілер жалақының көтерілуіне оң ықпал еткен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеевке алғысын айтып, өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Келісу комиссиясының қорытындысына сәйкес, бүгінде екі тарап келісімге келіп, еңбек дауы тоқтатылды.

 

Шымкент: Тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде

Ел аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, қарқынды түрде жалғасып жатыр. Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып- қайтатын, олар жиі баратын көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.

Акция аясында Қаратау АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы Б. Айкөзов бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.

«Сабақ барысында оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді тәртіп сақшысы.

Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті. Полиция қызметкерлері дәрісті қорытындылай келіп, оқушыларға жолда абай болуға шақырды.

Шымкент жасыл желекке айналады

Қала әкімі Мұрат Әйтенов магистральды жолдар мен саябақтарды абаттандыру және көшелердің тазалығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады.

Алдымен Бозарық айналма жолындағы көріктендіру жұмыстарын тексеріп, мердігерлердің жоспарымен танысты.

Мұнда қазір ұңғымалар орнатылып, жер қопсытылуда. Жоба бойынша 13 мың шаршы метр айналма жолдың жиегі қазақы ою-өрнек эскизінде қызыл сальвия, лимонды тагетис секілді гүлдермен көмкеріледі.

Мұрат Дүйсенбекұлы Бәйдібек би көшесіндегі этносаябақта да болып, ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Мұнда алдағы уақытта балалар автодромы орнатылып, шығармашылық орталық ашылады.

«Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді.

Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады» - деді қала әкімі.

Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартуда жоспарларымен танысты. Бұл жұмыстар 5 бағытта жүргізілетін болады.

Бірінші санаттағы күре жолдарда механикалық, санитарлық тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Екінші санаттағы орталық көшелер айына үш рет, аудандық маңызы бар орталық көшелер айына бес рет арнайы техникалардың көмегімен жуылады. Қосымша 50 адамнан құралған арнайы бригадалар сенбілік ұйымдастырады.

Абаттандыру жұмыстарын тексерген қала әкімі жауаптыларға жасыл желекті көбейтіп, көріктендіру жұмыстарын, көшелердің тазалығын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Шымкенттік 40 бозбала отан алдындағы борышын өтемек

Бүгін қалалық Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына қаланың 40 жас сарбазын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Аталған кешке қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев әскерге шақырылғандарға сәттілік тіледі.

Әскер – жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасы мен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ал болашақ жауынгерлердің әзірліктерін көтеру, Отан қорғайтын батыр, рухы мықты сарбаздарды дайындау — бізге жүктелген міндет, - деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Қарулы күштер сапында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны жете түсінген жігіттер Отан алдындағы борыштарын атқаруға дайын.

Биылғы шығарып салу салтанатында әншілер әннен шашу шашып, 35-740 әскери бөлімі бірнеше музыкалық шығарманы орындап, қару қолданудың түрлі әдісін көрсетті.

Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен ҚР ҰҚК шекара қызметінің қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ге жуық бозбала шақырылды.

Айта кетейік, Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер шақырылады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың  парызы мен міндеті болып табылады. Алайда бозбаланың әскерден уақытша және тұрақты негізде босатыла алатын бірқатар жағдайлар бар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес). Егер соңғысы азаматты әскери қызметтен толық босатуды болжаса, мерзімін кейінге қалдыру – бұл белгілі бір жағдайлар бойынша әскери қызметке шақыру мерзімін уақытша ауыстыру.

Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін.

 

Шымкент: Жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 8 мыңнан аса жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесі осындай.

Хабарламада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарып жатқаны жазылған. Жүргізушілер арасында көп кездесетін жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – қауіпсіздік белдігін тақпау болып табылады.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 8279 (сегіз мың екі жүз жетпіс тоғыз) жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.

Аталған жүргізушілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 5 АЕК (бес айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.

Осы ретте тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол үстінде көлік тізгіндегенде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

Шымкенттегі Абай ауданы келесі жылы 100% газбен қамтылады

Биыл Абай ауданындағы Асар-2, Қайнарбұлақ /1-2 кезең/, Бозарық /74 га/ Нұршуақ елдімекендері табиғи газға қосылады.

Қазір халық саны 11 мыңнан астам Асар-2 шағынауданын газдандыру жұмыстары 70% аяқталды. Ұзындығы 24,1 шақырым газ құбырының құрылысы толық аяқталғанда мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылады.

Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағынауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекеме анықталды. Жоспарға сәйкес 2024 жылы қамту көрсеткіші ауданда 100 пайызға жетеді.

Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов брифинг барысында мәлімдеді.
Әкім
Шымкент қаласы Абай ауданындағы 27 елдімекеннің 25-і мемлекеттік электр жарығымен қамтылғанын да тілге тиек етті. Яғни Абай ауданының 92,7 пайызы мемлекеттік электр жарығына қосылған. Ал, Асар-2 шағын ауданының 70 пайызы, Қайнарбұлақ тұрғын алабының 24%-ы электр жарығымен қамтылған. Одан бөлек, өткен жылы Абай ауданындағы 160 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 12,5 пайызға жетті. Биылғы жылы осы көрсеткішті арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 54 көшеге жарықшам орнату жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған көрсеткіш 13,6 пайызға жететін болады. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары жарықтандырлған көше саны 410-ға жетеді. Айта кетейік, Абай ауданы аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 61 орын анықталған. Аталған су басу орындарын 2023 жылға дейін шешу жолы қарастырылуда. Оның ішінде 2022 жылы 7 мекенжайға ирригациялық жүйелер салынды. 2023 жылы 5 көшеге 68,4 миллион теңге қаралып, конкурс өткізілуде. 2023 жылға қосымша 9 көшеге 3,7 шақырымға 116,4 миллион теңге бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар, 2024 жылы қосымша 18 көшеге ирригациялық жүйе орнату жоспарлануда.