Дүйсенбі, 03 Сәуір 2023 16:36

600-ге жуық шымкенттік тұрғын үй субсидиясын алды

Тұрғын үй субсидиясы — пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек. Бағдарлама іске қосылғалы 572 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде.

Бұл көмек түрін 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар ала алады.

Субсидия отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 айдағы орташа жиынтық табысының ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспаған жағдайда беріледі.

Үміткердің депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады.

Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.

Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші тіисті стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Баспананы жалға алу келісімшарты порталда көрсетілген үлгі бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды. Естеріңізде болсын! Аталған бағдарлама негізінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85678 теңгеден аспайды.Айта кетейік, Шымкентте 42 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде 17 мыңға жуық азамат әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар осал топтағы отбасыларға қолдау болатын осы бағдарламаны жүзеге асыру жолдарын тұрғындарға түсіндіріп келеді.

Оқылды 327 рет