Дүйсенбі, 16 Маусым 2025 11:17

Түркістанда асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамытуға арналған көрме ұйымдастырылды

Түркістан қаласында алғаш рет «Сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ешкілер» республикалық көрмесі өтті. Ерекше бастама Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Сексек ата» шаруалары ұйымдастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар, ветеринария саласының өкілдері мен қонақтар арнайы келді. Көрмеге Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нуб, Бур, Камори, Гулаби сынды шетелден әкелінген, селекциялы және ең танымал тұқымдары қойылды. Жалпы асыл тұқымды 200-ге жуық мал басы қатыстырылды. Арасында сүтті ешкілер, текелер мен лақтар бар.

Көрменің мақсаты — елімізде асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамыту, халықты экологиялық таза өніммен таныстыру, ешкі сүтінің адам ағзасына пайдасын насихаттау, шаруашылықтар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Бұған дейін халықаралық деңгейде өткізілген көрме ел ішінде сұранысқа ие болған. Тіпті көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары қызығушылық білдіріп, тікелей эфир арқылы тамашалады. Өзгеше форматтағы жиынға ешкі тіркемесе де, аралап көру үшін әр аймақтан келген қонақтар кездесті.

Көрмеде ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшік, айран, көже және йогурт өнімдері ұсынылды. Ұйымдастырушылық топтың жетекшісі Амантай Жолдыбайұлының айтуынша, бұл өнімдердің адам денсаулығына пайдасы мол. Халыққа экологиялық таза өнімді тұтынуға шақырды. Ешкі сүтінің құрамында иммуноглобулиндер де бар және ежелден бері туберкулез сияқты көптеген ауруларды емдеу және алдын алу үшін қолданылады.Тіркеуден соң ешкілерден сынамалар алынды. Атап айтқанда, сырт пішіндері бағаланып, экстерьері қаралды. Бойлары мен салмақтары өлшенді. Сүтінің майлылығы мен құнарлығы зерделенді. Етті бағыты да ескерілді. Қазылар алқасы жеке-жеке ұпай қойып, әділ түрде ең ерекше ешкі түрін анықтауға атсалысты.

Қызықты сайыстың нәтижесі белгілі болды. Ең мол сүт беретін асыл тұқымды ешкі түрін баптаған Түркістан өңірі, экстерьері бойынша Шымкент қаласы, ең ауыр салмақ негізінде Жамбыл облысы үздік атанды. Жалпы жүлде қоры — 3,5 млн теңге.Бұдан бөлек, номинация иелеріне қосымша кубоктар және 300 мың теңгеге дейінгі бағалы сыйлықтар үлестірілді. «Сауыншылар»,«Асылдандыру», «Ең керемет сүт өнімдері» номинация иелері олжасыз қалмады. Сонымен қатар лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы көптің назарын аударды. Іс-шараны үйлестіруге үлес қосқан сала ардагерлеріне Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының төсбелгісі табысталды.Тың форматта ұйымдастырылған көрмеге 350-дей адам келіп, тамашалады. Бастама алдағы уақытта жалғасын табады.

Мал өсірсең – ешкі өсір, өнімі оның көл-көсір. Бұл байламның дұрыстығын қазақстандық және шетелдік ғалымдар дәлелдеген. Біріншіден, өзге малдарға қарағанда, Сексек атаның түлегі тез көбейеді. Жыл сайын екі лақтан бере алатын өте өсімтал. Екіншіден, мамандардың айтуынша, ешкi сүтi табиғи дәрумендерге бай, емдiк қасиетi мол. Үшіншіден, шетелде, соның ішінде ауқатты дамыған елдерде ешкі сүтіне сұраныс мол, әрі қымбатырақ бағаланады. Олай болса, перспективті экспорттық өнім.

Медицина мамандары айтып жүргендей, құрамында бета-казеин мол болуына байланысты ешкі сүті ана сүтiне жақын көрінеді. Сондықтан шетелде ешкі сүтінен сәбилерге арналған сүт қоспасы әзірленеді. Косметикада да кең қолданылады. Оның сүті асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы деген дерек айтылады. Швейцарияның таулы аймақтарындағы емдеу-сауықтыру орындарында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен емдеу қолға алынған.

Төртіншіден, ешкінің жүні, түбіті тоқыма өнеркәсібінде кең қолданылады. Бесіншіден, ешкінің еті кейбір елдерде тіпті "деликатес" саналады. Жалпы, ешкінің бір қасиеті – ол басқа төрт түлікті қынадай қыра алатын індеттермен, бруцеллезбен, басқасымен көп ауырмайды. Канадалық ғалымдар анықтағандай, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, кей жағдайда өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуге пайдаланылуы мүмкін.

Ешкі сүті денеде холестериннің жиналуына қарсы тұратын ерекше метаболизмдік қасиетке ие және ағзаның қорғаныш қызметін күшейтетін, қанықпаған майлы қышқылдардың 67%-ы бар. Адамның өміріне аса қажет кальций, магний, фосфор, марганец, мыс және басқасының қоры жинақталған. Ешкі шаруашылығы ерте кезден-ақ қой түлігімен қатар өсіріліп келе жатқан мал шаруашылығының байырғы саласының бірі. Мысалы, елімізде 1916-1928 жылдар аралығында ешкі саны 3,6-3,8 млн басқа жеткен.

Өкінішке қарай, нарық сұранысына сай  келетін осы салаға елімізде жеткілікті мән берілмей келеді. Әлемнің көптеген елдерінде ешкі саласына лайықты көңіл бөлінген. Мысалы, Индия мемлекетінде 150 млн, Қытайда 130 млн, Пәкістан, Бангладеш және Нигерия мемлекеттерінде 60,0-90,0 млн ешкі малы өсіріледі. Индияда жылына 6,0 млн тонна, ал  Қытай 2,5 млн тонна ешкі етін өндірсе,  Пәкістан мен Судан 1,0 млн тоннадан аса ешкі сүтін сауады.

Қазақстанда соңғы 10 жылда ешкі еті 16-21 мың тонна аралығында өндірілген, ал ешкі сүтінің өнімі 1,7 мың тоннаға жеткен. Осы орайда, кешегі Кеңес Одағы тұсында ешкі басының артуымен қатар өнім сапасына да көңіл бөлініп, бағалы тұқымдарды көбейтуге күш салынғанын атап өткен жөн. Ол кезеңдерде, ешкі еті мен сүтіне ғана емес, ешкі жүніне артқан сұраныс та ескеріліп, ангор тұқымын өсіруге де үлкен мән берілді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанда жергілікті қылшық жүнді, әсіресе ақ түсті, ешкілерді ангор тұқымы текелерімен будандастыру нәтижесінде ешкінің жаңа түрі «советтік жүнді ешкі» тұқымы шығарылды.

Қазақтың қылшық жүнді ешкілерін Ангор тұқымы текелерімен сіңіре будандастыру арқылы қалыптасқан ешкінің жаңа типіндегі әр ешкі 1,5-2,0 кг аралығында бағалы жүн берді. Осылайша, түрлі тоқыма бұйымдар жасауға қолданылатын біркелкі, жылтыр, бағалы жүн (могер) өндіру жолға қойылды. Осылайша, қатал табиғат жағдайында түбітті ешкілерді өсірудің ғылыми-әдістемелік негізі игерілген еді.

Бүгінгі таңда елімізде ешкі саны 2 млн бас деңгейінде тұрақталып тұр. Оның ең көбі Түркістан облысында. Дегенмен, қой түлігіне қарағанда өсімтал, тезжетілгіш келетін ешкі малының көптеген артықшылықтары өндірісте қолданыс таппай отырғаны қынжылтады. Мысалы, ешкі еті мен сүті, ешкі сүтінен өндірілетін алуан түрлі тағамдар балалар мен егде кісілер үшін аса бағалы диеталық өнім. Ешкіден алынатын түбіт әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Осы салада өндірілетін өнімдерге қысқаша тоқталудың өзі ешкі шаруашылығының экономикалық-әлеуметтік маңызын айқындап, көп жайға жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігін аңғартады.

Кеңес кезеңінде өндірісі жолға қойылған түбітті ешкі саласын ескерсек,  жіңішкелігі 18,0 мкм дейінгі 1 кг кашемир түбіті, бүгінгі таңда, сыртқы нарықта 150 АҚШ доллары мөлшерінде бағаланады. Азияның қылшық жүнді ешкілерінен ғана алынатын бұл бағалы өнімнің жалпы көлемі ғана емес, сонымен бірге осы түбіттен тоқыма бұйымдарын шығаратын жеңіл өнеркәсіп шектеулі елдерде (Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай және Моңғолия) шоғырланған. Бұл ретте, түбіт шикізатына сыртқы нарықта қалыптасып отырған жоғары сұранысты ел экономикасын көтеруге тиімді пайдаланып отырған Моңғолия елінің тәжірибесін назарға алып, елімізде түбітті ешкі саласын қайта жаңғыртудың мәні өте зор.

Әрине, ешкі малының өсімталдығы, тез жетілгіш қасиеті мен жайылымға бейімді болуы ешкі санының жоғары деңгейде сақталып қалуын қамтамасыз етіп тұр. Сонымен бірге, жіңішкелігі негізінен 14-18 мкм аралығындағы түбіт талшықтары, ешкінің бойында жылу сақтау ерекшеліктерін қамтамасыз етіп, соңғы жылдары орын алған қатал қыстың ызғар аязында мал басының сақталуына да ықпалын тигізді. Осы орайда, Қазақстанда да жергілікті қылшық жүнді ешкілердің климатымызға бейімділігін сақтай отырып, түбіт өнімін арттыру мен өнім сапасын жақсарту мақсатында жыл бойы жайылымда бағылатын моңғол ешкілерінің тектік қорын орынымен пайдаланудың мәні зор. Бұл ретте, отандық ешкілердің өнімділігі мен өміршеңдігін төмендетпей, олардан алынған төлдердің шетелдік бағалы тұқымдардың түбіт түсімі қасиетін тұқым қуалау деңгейінде орнықтыру бағытында селекциялық жұмыстарды тиімді жүргізуді қолға алу керек.

Отандық ғалымдардың зерттеулері бойынша қазақ ешкілерінің түбіт жіңішкелігі, талшық ұзындығы мен басқа да қасиеттері бойынша нарық талаптарына сай келеді. Дегенмен, түбіт үлесі мен сапасы және шығымы төмендеу. Кезінде шетелдік бағалы ешкі тұқымдарының тектік қорын қолдану бойынша жүргізілген ғылыми-тәжірибелік ізденістердің нәтижесінде жергілікті ешкі тұқымдары жіңішкелігі 18 мкм сәйкес 300 грамм түбіт өнімін бере алатыны шаруашылық тәжірибеде анықталған. Республикамыздағы 20 млн гектардан астам жайылым жерлер таулы-тасты аймақтарда орналасқан, осы алқаптарда түбітті ешкілерді өсіру жолға қойылса, оларды барынша тиімді игеруге мүмкіндік туатыны анық. Елімізде өсірілетін ешкілердің  90%-дан астамы қазақтың қылшық жүнді ешкілері екенін ескерсек, олардың тектілік қасиеттерін шетелдік тұқымдармен жақсарту арқылы түбіт өндіруге бағытталған ізденістердің өндіріске неғұрлым жедел енгізілгені тиімді. Әлеуеті зор осы бағыт мемлекеттік деңгейде шешімін күтіп тұрған өзекті мәселе.

Түбітті ешкілерді өсірудің тиімділігі әр жылдары жүргізілген ғылыми-тәжірибелік зерттеулерде толық қамтылған. Экономикалық тұрғыдан, ешкі жүнінің сатып алу бағасы 30 доллар шамасында болса, түбітті қылшықтан ажыратқан соң өнім бағасы – 70, жіп түрінде – 90, мата күйінде – 95, ал тоқыма бұйым ретінде 150 долларға дейін бағаланады. Демек, аталған өнімдерді өңдеу үрдісі барысында алынатын қосымша құн өндірістің тиімділігін өсіріп, табыстың артуын қамтамасыз етеді. Ешкі шаруашылығының кеңінен танымал өнімінің бірі, халық арасында сәби тамағы ретінде танылған – ешкі сүті. Аса бағалы әрі дәмді және емдік қасиеті бар өнімнің әлемдегі жан басына шаққандағы өндіріс көлемі 2,5 кг деңгейінде болса, бұл көрсеткіш Қазақстанда 0,15-0,25 кг аралығында, яғни 10-16,0 есе төмен. Бұл жағдай, әрине, біздің салауатты тамақтану мәзіріне жеткілікті мән бермей отырғандығымызды көрсетеді.

Сүтті бағыттағы арнайы ешкі тұқымдарының ішінде әлемге кең таралғаны және ең ірісі Швейцарияда шығарылған заанен ешкісі. Тұқымның тез жетілгіштігі мен төлшеңдігі өте жоғары. Әр 100 бас аналықтан 170-200 лақ алынады, сүт сауу кезеңі, әдетте 10-11 айға созылады, ал қысыр ешкілер жыл бойына сауыла береді. Асыл тұқымды ешкілер 1000 кг аса сапалы сүт береді, сүттің майлылығы – 3,8-4,5 % , ал қанттылығы – 3,9-4,2 %. Қазақстанда сүтті ешкілерді өсіру тәжірибесі тұралап тұрғандықтан, саланың жеткілікті дамуын қамтамасыз ету мүдіріске ұшырады. Шаруалар тарапынан ешкілерді азықтандыру мен өз төлінен өсіру технологиясы бойынша заманауи әдістерді жүзеге асыруға енжарлық бар және ешкі сүтін өңдеу технологиялары да кенжелеп тұр.  Сондай-ақ тұтынушылар арасында ешкі өнімдерінің танымалдылығы да төмен.

Сүтті ешкі шаруашылығы бойынша ғылыми ізденістер аз қамтылғандықтан, елімізде сүтті ешкілерді  азықтандыру нормалары заманауи талаптарға сай  нақтыланбаған және негізінен салмағы 40-50 кг, сүттілігі 600-700 кг ешкілерге арналған. Өндірісі өнеркәсіптік негізде ұйымдастырылған шаруашылықтарда сүтті сауын ешкілерінің жынысы мен жас ерекшеліктері орай оқшаулап өсірудің, күтіп-бағудың және азықтандырудың тиімді технологияларын игеру мен өндіріске кеңінен енгізу сүт өнімділігін 10-15% арттыратыны анық, бір аналыққа шаққанда  тауарлық сүттің көлемін 90-120 литрге көтеруге мүмкіндік бар.

Осы орайда, негізгі ірі шаруашылықтар сүтінің сапасын бағалау және талаптарды Евразиялық Экономикалық Одақ мемлекеттері стандартымен үйлестіру, лактация кезеңдерін ескеріп, сүтті алғашқы өңдеуден дайын өнімге дейін жеткізу технологиясын әзірлеу бағытындағы ізденістер өте өзекті. Бүгінгі таңда, ешкілердің ет өнімділігін бағалау бойынша нормативтік құжаттардың ахуалы Қазақстанда ғана емес, ТМД мемлекеттері аймағында да сын көтермейтін деңгейде. Ешкі етінің сапасы қой етіне қойылған талаптар бойынша жүргізіліп, ешкілердің өнімділік бағыттары мен тұқымдық ерекшеліктері ескерілмеген.

Республика үшін мал шаруашылығындағы жаңа бағыт – етті ешкі шаруашылығын отандық және шетелдік тұқымдар негізінде қалыптастыру жұмыстарының да ғылыми-өндірістік мәні зор. Бұл ретте, әлемдік етті бағыттағы ешкі тұқымдарының тектік қорын тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Қазақстанда етті бағыттағы ешкі малын өркендету тұрғысынан бурск тұқымының тектік қорын тиімді пайдалану арқылы жергілікті ешкілердің етті сүлесін (типін) шығаруға бағытталған ізденістердің ғылыми-өндірістік маңызы зор. Осы орайда, етті ешкілерді жасы мен жынысына қарай, генетикалық ерекшеліктерін ескеріп азықтандыру, оның ішінде әртүрлі жем-шөп қоспаларын сынай отырып, тиімді азық рациондарын игерудің де ғылыми-практикалық негізін қалыптастыру маңызды. Аталған іс-шаралар кешенді атқарылса, етті ешкі саласында тұқым асылдандыру жұмыстарының тиімді жүйесін қалыптастыруға болады. Осы орайда, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында ешкі саласын ғылыммен қамту жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуі өзекті мәселенің оң шешім табуына кедергі келтіруде.

Жалпы ешкі шаруашылығын нарық талабына сай өркендету барысында етті бағыттағы ешкілерді өсіруді жүйеге келтіріп, сүтті ешкі саласының дамуына  серпін беріп, түбітті ешкілерді де өсіруді жолға қою еліміздегі мал шаруашылығын кешенді әрі тиімді дамытудың баламалы жолы. Қазіргі таңда көкейтесті болып отырған мал өнімдерін өңдеу мәселесіне орай, ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты ескеріп, ешкі малының өнімдерін өндіру мен өңдеуге бағытталған технологиялық зерттеулерді жүйелі жүргізу саланың дамуына серпін беретіні – игерілмеген әлеуетіміздің бірі. Осы айтылған жайларды ескеріп, ешкі шаруашылығын ғылыммен қамту мәселесіне жеткілікті назар аударылса, осы саланың нарық талаптарына сай қарқынды дамуына серпін берері ақиқат. 

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 25 рет