Жиында сәулетшілер, инвесторлар мен құрылыс саласының мамандары Түркістанда және облыс аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалардың сәулетін таныстырды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында салынатын филармония мен галерея ғимаратына арналған жер телімдері ұсынылды. Жаңа қала аумағынан бой көтеретін 5 қабатты тұрғын үй кешені мен таунхаус жобасы қаралды. Ұлттық, азиялық және еуропалық тағам түрлерін ұсынатын мейрамхана кешенінің жобасы таныстырылды. Сонымен қатар Түркістан қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Дизайн код» бойынша ұсыныстар сараланды. Әрбір жоба жеке-жеке қаралып, ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев Түркістан облысына қарасты аудан, қалалардағы ғимараттардың сәулеттік үлгісін таныстырып, әлеуметтік нысандарды бір үлгіде салуды, коммерциялық нысандарды бір үлгіде абаттандыруды ұсынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жобаларды жіті зерделеп шығуды, нақты жоспарларды ұсынуды тапсырды.
Осы тұста айта кетсек, Түркістан қаласы тағы бір демалыс аймағымен толықты. Шаһардың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген жасанды көлі бар саябақ пайдалануға тапсырылды. Жаңа нысан Түркістан қаласына туристер тарту жолында үлкен рөл ойнайтыны анық. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
Қалалық саябақта Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.
Қалалық саябақ «Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан. Саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылған. 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 м3. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Сондай-ақ, Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жалғасуда. Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Көпфункционалды кешен ретінде салынып жатқан атшабар Халықаралық ат спорты федерациясының талабына сай бой көтеруде. Мұнда болашақта халықаралық жарыстарды өткізу көзделген. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ.Бұл нысанда 30-дан аса техника мен 71 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі нысанның құрылыс жоспарымен танысып, қолданылатын материалдары туралы мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты міндеттер жүктеді.
Одан кейін Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылыс барысын қалағалады. Ғимараттарын аралап, сапалы материал қолдану әрі сәулетін келісті ету жөнінде тапсырма берді. Бұл кешен елімізде ескек есу, академиялық есу спорт түрлерін, сонымен бірге туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізеді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Үш кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда үшінші кезеңнің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 адам және 24 техника жұмылдырылған.Кешенде 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан қаласы аумағындағы құрылыс жұмыстары мен сәулеттік жобаларға қатысты өзекті мәселелерді қарайтын арнайы кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен салалық мекеме басшылары, сәулетшілер мен жобалаушы ұйым өкілдері, сондай-ақ инвесторлар қатысты. Күн тәртібінде Түркістан қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, №29 және №30 блоктардағы 5 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы, «Ali Residence» таунхаус кешенінің жобасы, ӘІО аумағында, №11 және №38 көше қиылысында орналасатын террасасы бар мейрамхана кешенінің құрылысы, ӘІО, №11 көшесінде орналасатын қонақ үй мен мейрамхана кешенінің жобасы, қосымша 5 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы сынды алты мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «МПК-Проект» ЖШС өкілі Бекзат Әділов баяндама жасады. Ол өз баяндамасында Түркістан қаласының Бас жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың халықаралық стандарттарға, атап айтқанда, ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келуінің маңыздылығын атап өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағының шекараларын сақтау және тарихи мұраларды қорғау мақсатында жаңа құрылыс жобаларына қойылатын талаптар мен шектеулер егжей-тегжейлі талқыланды.
Сонымен қатар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Бердісүгіров баяндама жасады. Ол тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысы туралы баяндап, жобаларының әлеуметтік маңыздылығы мен қала инфрақұрылымын атап өтті. Жиын барысында әлеуетті инвесторлар мен жобалаушы компаниялар да өз жобаларын таныстырып, сәулет және қала құрылысы талаптарына сәйкестігі тұрғысынан талқылауға ұсынды. Мәжіліс барысында барлық мәселелер бойынша ұсыныстар қаралып, бірқатар жобалар мақұлданды.
Түркістан облыс орталығы болған 7 жыл мерзімде біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.
Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.
Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.
Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы салынып, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.
Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды.
Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде былтыр қырықтан аса іс-шара өткізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат