Шымкент қаласы Полиция департаментінде Тергеу құрылымының 60-жылдығына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға тергеу саласының майталмандары, ардагерлер, үздік тергеушілердің аналары, прокурорлар мен департаменттің басшылық және жеке құрамы қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тергеу саласының тарихына жеке тоқталып, оңтүстік өңірде елеулі еңбек еткен ардагер тергеушілерге айрықша алғыс білдірді.
Сондай-ақ, полициямен бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Шымкент қалалық прокуратурасының қызметкерлерін де мерекемен құттықтады. Сөз соңында, қатардағы әріптестері мен тергеу басқармасының жұмысына қажымас қайрат пен толағай табыс тіледі.
«Баршаңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қызметте абыройларыңыз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін.» - деп, қорытындылады генерал Қайрат Дәлбеков.
Ізгі тілектің соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, 10 үздік тергеушінің анасына ІІМ-нің атынан алғыс хат пен гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, зейнеттегі ардагерлер «Тергеу құрылымына - 60 жыл» медалімен марапатталды. Бұған қоса, қызметтік міндеттерін үздік атқарғаны үшін Ішкі істер минстрлігінің бұйрығымен полиция подполковниктері Ақмолда Ержан мен Тұрлыбаев Жәнібекке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Тағы 6 тергеушіге ІІМ-нің Алғыс хаты мен Грамотасы берілді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы прокурорының бұйрығымен жұмыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізген 7 тергеуші «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Оның ішінде, полиция майоры Мажимбеков Нұртас, Арипбаев Нұржан есімді тегеурінді тергеушілер бар.
Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарған 6 тергеуші алғыс хат иеленді. Ал, полиция департаменті бастығының атынан, «Үздік тергеуші» номинациясымен полиция капитаны Бердіқұлов Еркебұлан, Қуанышбек Рүстем есімді тағы 4 төрт тергеуші марапатталды. Бұған қоса, 52 қызметкерге алғыс жарияланды. Марапаттау рәсімінің соңы эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.