Биыл Абай ауданындағы Асар-2, Қайнарбұлақ /1-2 кезең/, Бозарық /74 га/ Нұршуақ елдімекендері табиғи газға қосылады.
Қазір халық саны 11 мыңнан астам Асар-2 шағынауданын газдандыру жұмыстары 70% аяқталды. Ұзындығы 24,1 шақырым газ құбырының құрылысы толық аяқталғанда мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылады.
Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағынауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекеме анықталды. Жоспарға сәйкес 2024 жылы қамту көрсеткіші ауданда 100 пайызға жетеді.
Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов брифинг барысында мәлімдеді.
Әкім Шымкент қаласы Абай ауданындағы 27 елдімекеннің 25-і мемлекеттік электр жарығымен қамтылғанын да тілге тиек етті. Яғни Абай ауданының 92,7 пайызы мемлекеттік электр жарығына қосылған. Ал, Асар-2 шағын ауданының 70 пайызы, Қайнарбұлақ тұрғын алабының 24%-ы электр жарығымен қамтылған. Одан бөлек, өткен жылы Абай ауданындағы 160 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 12,5 пайызға жетті. Биылғы жылы осы көрсеткішті арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 54 көшеге жарықшам орнату жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған көрсеткіш 13,6 пайызға жететін болады. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары жарықтандырлған көше саны 410-ға жетеді. Айта кетейік, Абай ауданы аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 61 орын анықталған. Аталған су басу орындарын 2023 жылға дейін шешу жолы қарастырылуда. Оның ішінде 2022 жылы 7 мекенжайға ирригациялық жүйелер салынды. 2023 жылы 5 көшеге 68,4 миллион теңге қаралып, конкурс өткізілуде. 2023 жылға қосымша 9 көшеге 3,7 шақырымға 116,4 миллион теңге бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар, 2024 жылы қосымша 18 көшеге ирригациялық жүйе орнату жоспарлануда.