Шымкентте кәсіпкерлер бір терезе қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі

 

Шымкентте жобасы дайын инвесторлар үшін жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағынан жер учаскесі беріледі. Мұндағы мақсат - қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту.

Осыған орай әкімдік тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы жалпы ауданы 306 га жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылса, 132 га аумақта тамақ өнеркәсібі үшін «Бозарық» индустриялы аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы жалғасуда. Ао «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағы 175 га, сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 га кеңейтілуде.

«Оңтүстік» АЭА қызметінің басым түрлеріне (жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау) сәйкес келетін жобаны іске асыру үшін инвесторға мемлекет тарапынан келесідей қолдау шаралары ұсынылады:

тегін жер телімі;

дайын инфрақұрылым;

корпоративтік табыс салығын, жер салығын және мүлік салығын төлеуден босату;

АЭА аумағында өндірілетін тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босату;

шикізат және материалдар импортына қосылған құн салығын төлеуден босату;

инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтарды, жинақтауыштарды, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алып келу кезінде кедендік баждарды төлеуден босату;

коммуналдық қызметтердің төмен құны.

Бұл тұрғыда 2020 жылдан бері «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істеп тұр. Мұнда «бір терезе» қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі. Осы арқылы бұл салада әкімшілік кедергілер азайып, кәсіпкерлерді сүйемелдеу мен кеңес беру артып отыр.

Жалпы фронт-офис 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді: кеңес береді, жобаларды сүйемелдейді, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді.

Фронт-офис қызметін бастағалы бері келесідей қызметтер көрсетілді:

- Консультациялар – 12 282;

- Жобаларды сүйемелдеу – 1 217;

- Маркетингтік қызметтер – 539;

- Тауашалық жобалар – 100;

- Аналитикалық зерттеулер – 14.

Шымкент: Кәсіпорындардың жалдау ақысының 75% мемлекеттен төленуде

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов өнеркәсіптік парктерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

SILKWAY ALLIANCE паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.

Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдады. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 млн теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.

Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда.

Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде. Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады.

Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.

Өндіріс ошақтарының жұмысын бақылаған кала әкімі импорт алмастыруда жобалардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға инфрақұрылым сапасын жақсартып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.

 

 

Шымкентте ана мен баланың денсаулығын қорғау үшін барлық шаралар қолға алынған

Бұл жайында Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев пен қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленовтың жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамасында айтылды.

Медициналық қызмет түрлерінің ішінде стационарлық көмектің алатын орны ерекше. Бұл көмектің екі түрі бар. Бірі – жоспарлы түрдегі стационарлық көмек, екінішісі – шұғыл түрдегі стационарлық көмек. Б.Абдуллаевтың айтуынша, Шымкентте қазір науқастарға стационарлық қызмет көрсету ісі жанданған. Қаладағы 15 медициналық ұйымда 3407 орын әзірленіп, жыл басынан бері 35 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіпті. Оның ішінде, 11 386 науқас жоспарлы түрде медициналық көмекке жүгінсе, 23 756 науқас шұғыл түрде келіп түскен.

Шымкентте халықтың саулығын жақсартуда оңды игі істер іске асып жатыр. Соның ішінде мегаполис медицинасындағы стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, қазір қалада 1405 төсек-орын әзірленген көп бейінді 4 стационар, 5 монопрофильді стационар, 2 босандыру мекемесі және 4 оңалту орталығы халықтың денсаулығын сақтауда сапалы қызмет көрсетіп келеді, - деді Бақытжан Жүсіпбайұлы.

Брифинг барысында қалалық онкология орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов медициналық мекемеде атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

Қалалық онкологиялық орталығында 261 төсек-орын әзірленіп, оның ішінде 231 төсек орын ауруханалық, күндізгі бөлімшеде 30 орын және 150 келушіге арналған емханасы бар. Орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықта осындай 115 күрделі операция жасалынған. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық болып отыр, - дейді орталықтың бас дәрігері.

Өткен жылы онкологиялық орталықта 20 төсек-орынға арналған онкгематология бөлімшесі ашылып, қазір науқастарға жоғары дозалы химио-имунттерапиялық ем жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, орталықтың ішінен ашылған ядролық медициналық бөлімде жоғары сәулелі сызықтық үдеткішті 850 науқас ем алса, ал позитрон-эмиссиондық томография (ПЭТ) КТ арқылы 134 науқас тексеруден өткен.

Шымкент: Тұран ауданының көшелеріне шағал тас төселуде

 

Тұран ауданының тұрғындарын жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасын салу мәселесін алаңдатады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков айтты.

Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды. Қазір орталық пен 9 шағынаудан және 12 тұрғын алапта 40 мыңға жуық тұрғын үй бар. Соның ішінде көп қабатты үйлер – 544. Ауданның ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтылуы – 99,5 пайыз.

Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағында электр желілерін жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылы атқарылады. Ал, табиғи газ тарту жайына келсек, 2022 жылдың соңында Арғымақ және Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерінде табиғи газдың құрылысы толық аяқталды. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, ауданға табиғи газ жеткізу көрсеткіші 99 пайыз болмақ. Құрсай мен Жаңаталапқа газ құбырын тарту бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айкөл елді мекеніне жобалау жұмысы 2024 жылға жоспарланып отыр, - деді аудан әкімі.

Аудан әкімі Б.Болатбеков жыл басынан бері тұрғындармен 16 рет кездесу өткізген. Кездесу барысында 69 мәселе көтерілген. Оның 42-сі орындалып, 27 мәселе орындалу үстінде. Әр аптаның жұма күні сағат 15:00 – 19:00 аралығында аудан тұрғындарын жеке қабылдау да ұйымдастырылады екен. Бүгінге дейін өткен жеке қабылдауларда 81 мәселе қаралған. Оның 19-ы шешімін тауып, 62-сі орындалу сатысында.

Тұрғындардың ең көп көтерген мәселесі – жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасы. Биыл Құрасай елді мекенінде инфрақұрылым құрылыстары жүргендіктен жолдарын топырақ басып, тұрғындар көп шағымданды. Сондықтан, биыл Құрайдың өзінде 40 жолға шағал тас төселеді. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша өзге елді мекендердегі 45 көшеге де тас төсеу жұмысы жоспарланды. Сонымен қатар, 19,1 шақырымды құрайтын 29 көше орташа жөндеуден өтеді,-деді Б.Болатбеков.

Тұрғындардың ұсынымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 10 балалар ойын алаңшасы, 4 ашық спорт алаңы бой көтереді.

Шымкент мәдени ошақтарға бай

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар.

Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Шымкент қалалық орыс драма театры, өзбек драма театры, опера және балет театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, әзіл-сықақ және сатира театры сахналық қойылымдар арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді.

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі (23 филиал), орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі (14 филиал), жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана — мегаполистегі мол қорға ие қазыналы мекен.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.

Халық шығармашылығын дамытып, аймақтағы жас таланттарды танытып, халыққа рухани байлық «Шымкент қалалық мәдениет үйі» қомақты үлес қосып отыр. Ал, өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, отандық және әлемдік мәдениет пен өнердің үлгі өнегесін, Шымкент қаласының мәдени мұрасын насихаттауда «Көрме» орталығы игі бастамалардың ұйытқысына айналған.

 

 

Шымкент: Тәртіп сақшылары автокөліктің қосалқы бөлшектерін ұрлап кеткен азаматты ұстады

 

Үйінің ауласында тұрған «Ауди С4» маркалы автокөліктің бөлшек-аккумуляторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2023 жылдың 14-наурызында, Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, үйінің ауласында тұрған жеке өзіне тиесілі «Ауди С4» маркалы автокөліктің 30 мың теңге тұратын қуаттағышы (аккумулятор) мен 20 мың теңгелік 4 (төрт) дана радиаторын белгісіз тұлға жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 50 000 (елу мың) теңге.

Аталған дерек ҚК-тің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, жауаптар алынды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 40-та, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Сондай-ақ, өзі қолды еткен аккумуляторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, сатып жібергені белгілі болды.

Тергеу әрекеттері жалғасуда.

 

Шымкент: Ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады

2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ.

Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ұйым ғимараттарының жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы қалалық №2 оңалту орталығы мен №1 емхананың балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал, биыл №5 емхана мен №1 клиникалық аурухананың бір бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. №1 клиникалық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыс ауқымына қарай 3 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, былтыр қалалық балалар ауруханасынан онкогемотология, стоматология бөлімдері ашылған болатын. Биыл офтольмология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін инфекциялық модульдік орталық ғимаратын балалар ауруханасына бейімдеп, стационарлық орын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Қаладағы күрделі диагноз қойылған жүкті әйелдер қалалық перинаталдық орталыққа жолданып келеді. Алайда, тұрғындар санының артуына байланысты орталық жүктемесі шамадан тыс артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл №2 емханаға қарасты перзентхана бөлімшесінің қызметін 3 деңгейге жеткізу мәселесі қаралып отыр.

Айта кетейік, Шымкент жүрек орталығы да жыл сайын медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алғаш рет ЭКМО, Tavi, LVAD және стент-графттарды имплантациялау сынды жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесі артқан. Мәселен, былтыр орталық қызметіне 5501 адам жүгініп, оның 75 пайызына шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

Шымкенттегі индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды

 

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.

Қазір қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.

Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі.

Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Одан бөлек жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр.

Шымкент: «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» қайырымдылық жасады

 

Мұсылман баласы үшін мың айдан да қадірлі –қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Бүгін осыған орай, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы қайырымдылық шарасын өткізді. Аталған шара «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дюсеновтың бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Қайырымдылық акциясына «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, медицина қызметкерлері қатысты.

Рамазан – қайырымдылық айы, бұл айда игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз сауапқа еселенетіні белгілі. Осы сәтті пайдаланып, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы 50 отбасыға қаржылай көмек көрсетті. Жиналғандарға 20 мың теңгені құрайтын ірі сауда орталықтарының бірінен азық-түлік алуға сертификаттар табысталды.

Жиында сөз алған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек Рамазан айының қасиеті туралы айтып, жиналған қауымды құттықтады.

«Баршамызды Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады,» - деді АКБ төрағасының орынбасары.

Шара барысында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков қасиетті Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік болатынын және бұл айда мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаудың сауабы мол екенін айтып өтті.

«Рамазан – қайырымдылық пен сауаптың айы. Бүгін баршаңызды жинап отырғанымыз да осы. Баршаңызды сауапты істерімізге үлес қосып, жақсылықтың басы-қасынан табылып, белсенді түрде атсалысып келгендеріңізге алғыс айтамыз. Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін!» – деді салалық кәсіподақтың төрағасы.

Жиын соңында жиналған қауым қасиетті айда қайырымдылық шарасын ұйымдастырып отырған жомарт та сауапқа кенелген кәсіподақ ұжымына өз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Шымкентте бір жылда 300 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Мәселен, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 29-наурыз аралығында «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 298 922 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 99, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 7 537, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 2239 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 754, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 2060, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 1508, мас халде көлік басқарған – 284, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 1379 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 77, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 282 995 хаттама толтырылып, 7100 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан 9840 жол қозғалысы ережесін бұзған 3052 жүргізуші ұсталды.

Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!