Қазығұрт: Жайылымнан мал ұрлаған шетелдік екі азамат қамауға алынды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, Қазығұрт ауданына қарасты жайылымдық жерден оның әрқайсысының құны 70 000 теңге тұратын 27 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 000 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабар алған бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті ретінде шетелдік екі ер адам анықталып, ұсталды. Олар Өзбекстан және Қырғызстан Республикасының азаматтары болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушінің малшысымен таныс болып шықты. Яғни, күдіктілер көрші жайылымда малшы болып жұмыс жасаған. Олар кешкі уақытта жиналып, бірге ішімдік ішкен. Содан сезікті шетелдіктер жәбірленушінің малшысының ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, жайылымнан қойларды «Нива» маркалы автокөлікке тиеп, алып кеткен. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда сезіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облысымыздың тәртіп сақшылары барлық тұрғындарға ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне жол бермеңіз.

Қазақстанда қаруға рұқсат алу тәртібі күшейтілді

2022 жылғы 11 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды.

Заңмен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне газды, травматикалық, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды заңсыз алып өткені үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу бөлігінде (ҚР ҚК 286-бабы «Контрабанда»)өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ 288-баптың диспозициясында (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қаруды заңсыз жасау») қаруға «негізгі (құрамдас) бөліктер» түсінігі белгіленген.

Бұндай норманы енгізу рұқсатсыз сатылатын жоғарыда көрсетілген қару түрлерінің (оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын, оларға негізгі (құрамдас) бөліктер) айналымын бақылауға мүмкіндік береді.

«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңға:

- қарудың негізгі (құрамдас) бөліктері, азаматтық қаруға жатқыза отырып оқсыз атылатын қару түсініктері енгізіледі;

- оқсыз атылатын қаруды әкелуге және айналымына рұқсат беру тәртібі (бүгінгі күні бақылау жоқ), сондай-ақ осы талаптарды бұзғаны үшін қылмыстық (контрабанда) және әкімшілік (заңсыз айналымы және пайдаланғаны үшін) жауапкершілік (Заңын 5-бабы) енгізіледі. Әкелу тек мәдени (кинематографиялық ұйымдардың, театрлардың, цирктердің, музейлердің), білім беру және коллекциялық ұйымдарында пайдалану үшін ІІО-ның рұқсатымен жүзеге асырылады;

- тегіс ұңғылы аңшылық қаруға рұқсат алудың шекті жас мөлшері 18 жастан 21 жасқа дейін ұлғайтылады(Заңның 15-бабы), (18 жастан бастап - өзін-өзі қорғау газды, электрлі қаруын, 21 жастан бастап - барлық аңшылық қаруды, 24 жастан бастап – ойық ұңғылы қаруды (аңшылық тәжірибесі 3 жыл болған кезде) алады).

- қаруға рұқсат алу үшін медициналық куәландырудан өту тәртібі

зорлық-зомбылыққа және құмар ойындарға бейімділіктің болуына міндетті түрде психологиялық тестілеуден өтуімен күшейтіледі (Заңның 15-бабы), (қазіргі таңда медициналық тексерулерді терапевт, невропатолог, офтальмолог, психиатр және нарколог жүргізеді (психо-наркологиялық есепте жоқтығы туралы анықтамалар ұсынылады). 5 жыл аралықпен психонаркологиялық міндетті психологиялық тестілеу арқылы медициналық тексеруден өтуі күтілуде (Денсаулық сақтау министрлігі белгілейді).

- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, қаруды қайтадан жоғалту, заңсыз митингілерге қатысу, төтенше жағдайды, құқықтық режимді бұзу, төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер, азаматтығы тоқтатылған кезде, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша қорғау нұсқамасы шығарылғанда, сондай-ақ қаруды иеленуге медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда рұқсаттардың қолданысын тоқтату енгізіледі (Заңның 19-бабы);

- заңды тұлғаларға қаруды атуға жарамсыз күйде сақтау міндеттемесі (бүгінде тек қару-жарақ дүкендерінің сауда залдарында, қазір барлық бөлмелерде) енгізіледі;

- қарудың, есірткі құралдардың, психотроптық заттардың заңсыз айналымымен байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін (соның ішінде мерзімі өткен немесе соттылығы алынып тасталған адамдарға) қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарға қару ұстауға өмір бойына тыйым салу туралы жаңа шектеу белгіленеді.

Бұдан басқа Заңмен азаматтық және қызметтік қару айналымы мәселелері бойынша бірқатар редакциялық түзетулер енгізілді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне 191-бапты (Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын иелену, сақтау, есепке алу, тасымалдау және олармен сауда жасау тәртібін бұзу) және 484-бапты (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) біріктіру арқылы жалпыға бірдей құқық бұзушылық жасау бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Лақтырылатын, оқсыз атылатын, белгі беретін және олардын негізгі (құрамдас) бөліктерін заңсыз иеленіп алғаны, бергені, өткізгені, сақтағаны, алып жүргені, тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді (ӘҚБтК-нің 482-бабының қолданыстағы редакциясында жауапкершілік жоқ) және елді мекендерде қаруды, оның ішінде оқсыз атылатын қаруды құқыққа сыйымсыз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді (ӘҚБтК-нің 485-бабы).

 

Түркістан облысының полицейлері Президент Жолдауына қолдау білдірді

Қыркүйек айының 1-і күні ҚР Президенті Қ. Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын арнады. Жолдаудағы бесінші бағдар, "Заң және тәртіп" тікелей қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстың алдын алуға бағытталған. Осыған орай Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдері бастықтарының қатысуымен жиналыс өткізді.

Облыстың бас полицейі М. Қабденов: "Ел Президенті бірінші кезекте отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесін көтерді. Отбасында қысым көрсететіндер жазаға тартылмаса, одан әрі басынып кетеді. Ал жәбірленушілер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп атап өтті. Сондықтан біз, полиция қызметкерлері, осы салада мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануымыз қажет.

Одан бөлек Жолдауда синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы ПД қызметкерлері тарапынан одан әрі қарқынды іске асырылуы тиіс. Сондай-ақ Президентіміз Қ. Тоқаев, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін жеткізді. Сол себепті, полицейлер ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруда БАҚ-ты пайдалана отырып, жұмысты жандандыруды тапсырамын"-деп атап өтті.

Өз кезегінде жеке құрам Жолдауға қолдау білдіріп, қарқынды қызмет атқаруға уәде етті. Сонымен қатар жиналыс, 2022 жылдың 8 ай қорытындысына арналған жедел кеңеспен жалғасын тапты.

 

Түркістан: Бас полицейі спорттық сайыстардан топ жарған полицейлерді қабылдап, марапаттау рәсімін өткізді

Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны. Қоғамда орын алған қандай да бір қылмысты ашуда, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тыныштықты сақтауда тәртіп сақшыларының еңбегі зор. Осындай ауыр жүкті арқалап, жауапкершілікті сезінетін полицейлер шымыр, спортты серік еткен, батыр да батыл азаматтар болуы шарт. Ал Түркістан облысының полицейлері спорттың барлық түрін жанына серік еткен нағыз сақшылар. Мәселен түркістандық полицейлер жарыста өзіне берілген міндеттерді зор сеніммен алып шығып, жүлделі оралуда. Сондықтан бүгін Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры байқаудан жеңіспен оралған түркістандық полицейлерді арнайы қабылдап, марапаттады.

Сондай-ақ генерал М.Қабденов: «Қызметімен қатар спортты кәсіби деңгейде алып жүрген полицейлерді жеңістерімен құттықтаймын! Әрдайым осылай тек биіктен көрініңіздер. Мұндай спорттық шаралардан біздің полицейлер қалыс қалмайды және жеңіске жету жолында әрдайым күш салады деп білемін. Біз сіздермен мақтанамыз!»-деп атап өтті. Генерал қолынан марапат алған полицейлердің арасында «Әлем полицейлері мен өрт сөндірушілері» қатысқан жарыста қол күрестен жүлделі орын алған полиция аға лейтенанты Нұрқанат Утешов бар. Одан бөлек Алматы қаласында ересектер арасында «Әмбебап» жекпе жек спорт түрінен ҚР Кубогіне қатысып, 85 келі салмақ дәрежесінде І-орынды иеленген оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Жәнібек Айдарбекті, арнайы диплом және медальмен марапаттады. Ал 95 келі салмақта қатысқан полиция капитаны Жолдасбек Ануаров, жүлделі І-орынды иеленіп, генерал-майордың қолынан марапатын алды. Сонымен қатар 75 келі салмақ дәрежесінде бағы мен бабын сынаған полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Аманқұлов, ІІІ-орынды қанжығасына байлап, абыройы асқақтады.

Ерекше атап өтетініміз, Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері полиция капитаны Нұрболат Орынтай. Ол осы жылдың өзінде 4 жарыстан жүлделі қайтқан. Оның бірі Түркістан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен 31-45 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер арасындағы бұқаралық жүгіру марафонында І-орынды алған. «Полицияның 30 жылдығына» орай ТО ПД-нің ұйымдастыруымен өткен «Кермеде тартылу» жарысында тағы да I орынды иеленген. Сонымен қатар «TARTYL FEST» фестивалі мен Шымкент қаласындағы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Брусья FEST» фестивалінде I-орынды иеленген. Біз де жоғарыдағы жүлделі орындарға ие болған полиция қызметкерлерін құттықтаймыз. Алар асуларыңыз бен шығар белестеріңіз көп болсын! Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Түркістан: Көршісінің құралдарын қолды еткен

Полицейлер көршісінің құрылысқа қажетті құрал саймандарын ұрлаған күдіктіні анықтады.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреулер оның тұрғын үйіне заңсыз кіріп, құрылысқа қажетті бұрғылағыш аппараты мен ұсақтағыш құралын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмысты ашу мақсатында бірден іске кірісті. Ұрлық болған аймақты шолып айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты.

Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар жергілікті тұрғын, жұмыссыз ер азамат анықталды. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты.

Белгілі болғандай күдікті ер адам мас халде көршісінің үйіне кіріп, құрылысқа қажетті құралдарды жымқырған. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер тұрғындарға өз мүліктеріне ие болуды, қараусыз қалдырмауды ескертеді. Егер, сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицейлерге хабарласыңыз.

Сайрам: Мемлекеттен 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін деп алдап кеткен

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы «Мемлекет тарапынан 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін» - деп сендірген. Әбден сенімге кірген ол жәбірленушіден 400 000 теңге ақша алған. Алайда, уәде бергеніне бір жылдан аса уақыт өтсе де, созбалаңқылыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екен. Белгілі болғандай күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысын болдырмас үшін сақ болуды ескертеді. Күмәнді қызмет ұсынатын таныс немесе бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді.

Арыс: Айдалаға есірткі еккен...

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ІІМ мен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының полицейлері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, есірткі егістіктерін анықтауда. Мәселен аталған полиция қызметкерлері мен Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы бірлесіп, тікұшақ арқылы бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде Арыс ауданы Байырқұм ауылы маңынан есірткіге ұқсас өсімдіктері бар егістікті анықтады. Бұл аймақ тікенек шөппен қоршалған. Осы бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер аталған егістікті қарау барысында 146 түп есірткі затын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер "сора" болып шықты.

Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді.

Полицейлер аталған есірткіні егіп, күтіп-баптаған арыстық ер адамды анықтады. Ол далалы, бос жатқан жерге есірткі еккенін мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде полиция қызметкерлері күдіктінің тыйым салынған құрамында есірткі заты бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, еккен, сақтаған күдіктілерді құрықтауда. Сондықтан сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.

 

Пәтердегі өрттен тұрғындарды аман алып шыққан полицей Олжас марапатталды

Күні кеше әлеуметтік желіде өрттен мүмкіндігі шектеулі азамат пен кішкентай қызды құтқарған түркістандық полицейдің бейнежазбасы кеңінен таралып, көпшілікті тәнті еткен еді. Осыған орай аталмыш учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Олжас Ерсұлтановты, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қабылдады. Міндетін адал атқарып, өз өмірін қатерге тіге отырып, тұрғындарды құтқарғаны үшін полиция капитаны Олжас, «Қазақстан Полициясына 30 жыл» төсбелгісі, «Алғыс хатпен» марапатталды.

Облыстың бас полицейі М.Қабденов: «ҚР ІІМ-де қызмет ететіндер үнемі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп жатады. Алайда бүгінгінің батыры Олжас, бастысы адамның өмірі бәрінен де маңызды екенін іс-әрекетімен дәлелдеді. Жедел шешім қабылдап, тәуекелге бел буып, өзгелерге үлгі бола білді. Сондықтан бейбіт күннің батыры атанған полицейге алғыс білдіреміз. Біз сенімен мақтанамыз! Әрқашан осылай халықтан алғыс алып, абыройың асқақтай беруіңе тілектеспіз!»-деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, бұл оқыс оқиға Түркістан қаласында орын алды. Күнделікті қызметтік міндетін атқарып, аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген полицей Олжас, көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқандығын байқаған. Содан бірден оқиға орнына жетіп, еш ойланбастан, өрт болып жатқан үйге кіріп кеткен. Кіргенінде, пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатқанын көреді. Алайда оған қарамастан, ішке еніп, үй ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды анықтап, екеуін де қауіпсіз жерге шығарады. Полицейдің бұл ерлігін тұрғындар жоғары бағалап, өздерінің шынайы ризашылықтарын жеткізді.