Түркістан: 6,5 миллион айыппұлы бар көлік

«Қорғау» бағдарламасы арқылы 6,5 миллион теңге айыппұлы бар автокөлік анықталды

Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және қоғамдық тәртіп бұзушыларды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

Мәселен жыл басынан бері полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен, берешектері мен әкімшілік айыппұлдарын төлеуден жалтарған 20-дан астам автокөлік иесін анықтады.

Соның бірін атап өтсек, жақында Жедел басқару орталығына Шымкент қаласының жеке сот орындаушысынан "Тойота Камри" маркалы автокөлікті анықтауға көмек көрсету туралы сұрау түсті.

Белгілі болғандай, бұл көлік иесі 6,5 миллион теңге көлеміндегі қарызын төлемей жүрген. Полицейлер сол күні-ақ аталған автокөліктің орналасқан жерін анықтау мақсатында бейнебақылау камералары арқылы іс-шаралар кешенін атқарды.

Нәтижесінде Түркістан қаласындағы көшелердің бірінен күмәнді "Тойота Камри" автокөлігі анықталып, тоқтатылды.

Тәртіп сақшылары борышкердің автокөлігін айыптұраққа қойды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бейнебақылау камераларын пайдалану "нөлдік төзімділік" қағидаты бойынша құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Шымкент: «Отбасының бақыты – өз қолыңда» атты жиын өтті

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасының бақыты – өз қолыңда» және «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында іс-шара өтті. Жиын спикерлер және университет студенттерінің қатысуымен ОҚМПУ жатаханасында өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – бүкіл қоғамның қасіретіне айналған нашақорлықтың алдын алу, отбасы құндылығын сақтап қалу жолдарын жастарға түсіндіру. Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков жастар арасында есірткінің заңсыз айналымы бойынша құқық бұзушылықтың деректері өскенін атап өтті.

–Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 300-ден аса есірткінің заңсыз айналыммен қоса, түрлі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде нашақорлық және есірткі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр, – деді Бауыржан Карбеков.

Құқық қорғау органдары жыл басынан бері 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын, олардың ішінде 58-і 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуымен орын алғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен арнайы бекітілген жоспар аясында барлық білім мекемелерінде есірткінің зардаптарын жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ашық форматтағы дәрісте психологиялық коуч тренер Көмек Ертаев студенттерден сұрақ-жауап алып, тақырыпқа байланысты ойын жүргізді. Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де күрделі. Осы тақырыптың аясында «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзахова: «Бұл тақырып Қазақстанда - өзекті. Сондықтан студенттерге «Отбасының бақыты – өз қолыңда» тақырыбында іс-шара өткізгенді жөн көрдік. Осыған байланысты өңірімізде 2017-2018 жылдан бастау алған пилоттық жоба қолға алынған еді. Соның негізінде, осындай жобалар пайда болды», - деді.

Айта кетейік, зорлық-зомбылық әрекеттері байқалған жағдайда ұлттық сенім желісіне 111 және 150 нөмері арқылы тегін хабарласуға болады.

Егер көру, есту және сөйлеу қабілетіңіз нашар болса www.telefon150.kz порталына немесе 8-775-435-15-18 телефонына whatsapp арқылы хабарлама жаза аласыз.

Сенім желісі 8-7252-45-03-03 және ұялы 8-775-450-54-33 байланыс желісі тәулік бойы жұмыс істейді.

Түркістан облысының полицейлері 4 жайт алаяқтық жайтына қатысы бар келіншекті анықтады

Кентау ҚПБ-ға кезекші бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Әйелдің айтуынша, оның үйіне бейтаныс адам келіп, әлеуметтік көмек алып бере алатынын айтып, ұсыныс білдірген. Осылайша әлеуметтік көмек алып беремін деген сөзіне сенген тұрғын, оған 250 000 теңге ақша берген. Алайда айтылған уәде орындалмаған.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын, жас келіншек болып шықты.

Күдікті әйелдің бұдан басқа осындай 3 алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Жалпы тұрғындарға келтірілген шығын 1,5 миллион теңгеге жуық. Бүгінгі таңда сезікті жас әйелдің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Олардың саны көп болуы да мүмкін. Осыған орай сотқа дейінгі тергеу амалдары тыңғылықты жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуға немесе жұмысқа орналасуға күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.

 

Қазығұрт: «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық шарасы жалғасын табуда

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жаңа оқу жылының басталуына орай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарды күшейтуде. Осы тұрғыда «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Полиция қызметкерлері ауданда орналасқан Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесіп, оларға жолда жүру ережесін түсіндіруде.

Сонымен қатар мектеп оқушыларына жолда абай болу, қылмысқа, құқық бұзушылық пен теріс әрекетке бармау жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балаларға құқық бұзушылық пен қылмыс үшін заң алдында жауапты екендігін еске салды. Әртүрлі құқықбұзушылыққа бармауды қатаң ескертті. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданы аумағында балалардың қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Бұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Түркістанда көлік алып беремін деп тұрғынның ақшасын алған күдікті анықталды

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданған. Оның айтуынша өзінің танысы жеңілдетілген несиемен автокөлік алып беретінін айтып 800 000 теңгесін алып кеткен. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген автокөлікті де, не өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау мақсатында ақпарат жинады. Нәтижесінде күдікті деп танылған ер адам жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленушіні алдап, ақшасын қалтасына басқан. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, көлік алып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді.

 

Қазығұрт: Танысының алтын сақинасын ұрлап кеткен күдікті әйел анықталды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның үйіне келген танысы 2 дана алтын сақинасын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама алған бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар қылмысты ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Оқиғаның мән-жайына қанық болған тәртіп сақшылары, жедел-іздестіру шараларын бастап кетті. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты.

Тексеру кезінде анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақын құрбылар болып шықты. Жәбірленуші әйел танысына алдағы болатын тойға алған алтындарын көрсеткен. Осы сәтте күдікті әйел алтын бұйымдарды көріп болғасын қорабына салып қойғандай кейіп танытып, тек қорабын қойған. Ол ұрлаған бөтеннің мүлкін үйіне апарып қойған. Сезіктіден айғақты заттар алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін бағалы заттарыңызға сақ болуды ескертеді.

2 тәулікте "Жолда қабылдау" акциясына Түркістан облысының 1000-нан астам тұрғыны келді

9-10 қыркүйек күндері аралығында Түркістан облысының аумағында "Жолда қабылдау" акциясы өтті. Іс-шарада Әкімшілік полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі мен полицияның басқа да құрылым салаларының қызметкерлері тұрғындарға кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетті.

Акцияға келушілер, өздерінің полицияға қатысты мәселелерін, ұсыныс-пікірлерін алдын ала жазылусыз, әрбір аудан, қаладағы полиция бөлімдері мен басқармаларының жанынан ашылған азаматтарды қабылдау бөлмелерінде келіп жеткізді.

Атап айтсақ, азаматтарды қызықтыратын мәселелердің көпшілігі көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол белгілерін ауыстыру және әкімшілік айыппұлдарды төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау және т.б. болды.

Кейбір азаматтар өз шағымдары мен ұсыныстарын Түркістан облысы ПД-нің ресми парақшасы арқылы жеткізді. Яғни халыққа ыңғайлы болу үшін "Facebook" және "Instagram" әлеуметтік желілерінде "тікелей эфирлер" өткізіліп, онда пайдаланушылар өз сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Жалпы "Жолда қабылдау" акциясына облыстың 1000-нан астам тұрғыны, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, қатысты.

Түркістан облысының полицейлері "сервистік полиция моделін енгізу" мен "жұртқа жақын полиция қағидатын" қалыптастыруда мұндай іс-шаралардың берері мол дейді. Жолда қабылдау" акциясы алдағы уақытта да жалғасады.

Мақтаарал: «Борышкер айыппұл өтеуді кейінге қалдырма» акциясы өтуде

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ТО ПД-ның нұсқауына сәйкес, бұрын анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша аудандық соттың және полиция бөлімінің қаулыларымен салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмысы деңгейін жақсарту мақсатында, әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерімен аудан аумағында күнделікті рейдттік тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру бойынша аудандық полиция бөлімінде арнайы штаб құрылып, нақты атқарылатын жұмыстың жоспары әзірленіп, бұл тұрғыда қойылған тапсырмаларды барынша орындауға полиция бөлімінің жеке құрамы қызметкерлері жұмылдырылды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811 бабы 1-2 бөліктеріне сәйкес, анықталған құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 7 (жеті) тәулік ішінде төленсе, өзіне салынған айыппұл мөлшерінің елу пайызы мөлшеріндегі айыппұлды төлейтіндігі көзделген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 894-бабының 1-тармағына сәйкес, жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзгеде кірістерінен айыппұл соммасын мәжбүрлеу тәртібімен ұстап қалу үшін ол жұмыс істейтін не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкімшілігіне салынған айыппұлдардың өз еркімен уақытылы төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларға қатысты тиісті қаулылар жолданатындығын ескертеміз.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 894-бабының 3-тармағына сәйкес егер айыппұл салынған тұлға жұмыссыз болса немесе басқада себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзгеде табыстарынан өндіріп алу мүмкін болмаса салынған айыппұлдың өз еркімен төлеу уақыттарының өтуіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушысына жіберіледі.

Құрметті аудан тұрғындары сіздерден заңда көрсетілген жеңілдіктерді пайдалана отырып айыппұлдарыңызды уақытылы төлеулеріңізді сұраймыз. Салынған әкімшілік айыппұлды уақтылы төлемеген жағдайда, жоғарыда көрсеткендей борышкер тұлғаға қатысты арналған іс мәжбүрлі түрде өндіріп орындау мақсатында аймақтық жеке сот орындаушыларына жіберілетінін ескертеміз!