ТҮРКІСТАН: ШЕТЕЛДІКТЕН ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ

Түркістан облысының полицейлері шетел азаматынан есірткі затын тәркіледі.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне "Жібек жолы" шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, шетелдік азаматтардың бірін бекеттен өткізу кезінде «Клементина» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.

Шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде, шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты "гашиш" болып шықты.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы "Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" бойынша тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Егер сіз, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қандай да бір ақпарат білсеңіз, тез арада полицияға 102 телефоны бойынша хабарласыңыз.

Жетісайлық полицейлер «Отбасы күніне» орай 3 отбасыға қуаныш сыйлады

Мемлекет - отбасыдан басталады. Сондықтан ел Президенті, отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып, қыркүйек айының екiншi жексенбiсiн «Отбасы күні» деп белгілеген болатын. Осыған орай Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшы құрамы игі іс-шара ұйымдастырды. Яғни полицейлер аз қамтылған, тұрмысы төмен 3 отбасыға қолдау көрсетті.

Атап өтсек, тәртіп сақшылары өз еріктерімен қаражаттарын жинақтап, арнайы қой сойып, оның етін және бірінші кезекте қажетті азық-түліктерді алып, таратты. Көмек алған отбасылардың тірегі болған жалғызбасты аналар, полицейлерге ізгі тілектерін білдіріп, ақ батасын берді. «Қолдау білдіріп, қайырымдылық жасап жатқан полицейлерге рақмет! Алла разы болсын! Жасаған жақсылықтары өздеріне еселеп қайта берсін!»-деп шынайы ризашылығын жеткізді.

Халқымызда «Кең болсаң, кем болмайсың», деген даналық сөз бар. Ал Түркістан облысы полицейлерінің бойында адамның жанына қуат беріп, көңілін қуанышқа бөлейтін мейірімділік, қайырымдылық секілді асыл қасиеттер әркез табылады. Сондықтан жасөспірімдермен болатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, көмекке мұқтаж отбасы балаларына жүрек жылуын, ізгілік нұрын беру мақсатындағы мұндай шаралар тәртіп сақшылары тарапынан үнемі өткізіліп отырады.

Шардарада көлік жүргізу құқығынан айырылса да, көлік басқарған

Шардарада көлік жүргізу құқығынан айырыла тұра, қайта көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты.

Полиция қызметкерлері - тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, қоғамның тыныштығын күзетуде жүйелі жұмыстар жүргізеді. Осы тұрғыда Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өздерінің аумағында рейд өткізді. Шара кезінде полицейлер, жүрісі күмәнді «Opel Vektra» маркалы автокөліктің жүргізушісін көріп, тоқтауды бұйырды. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қаша жөнелді. Десек те тәртіп сақшылары соңынан қуып тоқтатты.

Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкогольді масаң күйде екендігі дәлелденді. Сонымен қатар ер адамның бұған дейін Шардара аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеуге алып, сотқа жолдады. Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ жолдардағы жылдамдықтан асып кетпеу, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да құқық бұзушылықтар жасамау керек. Жүргізушілер, есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.

Сарыағаштық полицейлер дәмханадан телефон ұрлаған бойжеткенді анықтады

Сарыағаш ауданы ПБ-ға ұрлық жайтының құрбаны болған жәбірленуші бойжеткен арызданып, өзі жұмыс жасайтын дәмханадан «Айфон» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 150 000 теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.

Хабар алысымен сарыағаштық сақшылар толық құрамда оқиға орнына жедел жетті. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауға қажетті шаралардың барлығын жасады. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті жергілікті тұрғын, яғни жас қыз болып шықты. Бүгінде бойжеткеннен айғақты зат ретінде қолды болған ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, кешкі уақытта күдікті бойжеткен дәмханаға кірген. Содан соң айналада ешкімнің жоқтығына көз жеткізіп, үстел үстінде тұрған ұялы телефонды жасырын жымқырған. Өз арам ойын іске асырып болған соң, оқиға орнынан бой тасалаған.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Бағалы заттарыңызды бөтеннің көзі түспейтін жерде сақтауға кеңес береді. Егерде сіз, осындай ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

Түркістан: Колледжде ақша жинау фактісінің жолы кесілді

1424 Сall-орталығына Түркістан қаласында орналасқан жоғары медициналық колледжінің ұстаздарының бірі, жазғы сессиядан өте алмаған студенттен заңсыз ақша қаражатын сұрап жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Аталған хабарлама негізінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Г.Төлегенқызы, «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Н.Абуова, колледж директоры Ғ.Бимурзаев, тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен ұстаздар қатысқан шұғыл жиналыс өтті. Жиын барысында сөз алған Гүлмира Төлегенқызы жаңа оқу жылының басталуымен облыстағы үздіктер қатарындағы оқу орнында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алып жатыр деген ақпараттың түсуі әрине өкінішті, болашақ үшін қауіпті дерт. Бұл құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сондай-ақ, жедел түрде ақша жинау мәселелерін тоқтату, жемқорлық көріністеріне жол бермеу, ақша жинауды ұйымдастырған тұлғаларды анықтап, тиісті шара көру ұсынылды. Колледж директоры Ғ.Бимурзаев колледжде жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жұмыстары жүргізілетінін, жиналыста айтылғандар мән-жайлар басты назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Білім беру ұйымдарында ақша жинау фактілеріне кездесіп, куә болып жатсаңыздар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің 1424 Call-орталығына хабарлауыңызды сұраймыз. Хабарыңыз назардан тыс қалмайды!

Түркістан: Ауыл әкімдері темір тордың арғы жағындағы тәртіппен танысты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі - шенеуніктерді бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қылмыс жасаған адамдардың ұстау шарттарымен таныстыру болып табылады. Ағымдағы жылғы 8 қыркүйек күні Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен облыстық Полиция департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен Отырар аудандық әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері уақытша ұстау изоляторының ахуалымен танысып көрді. Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 30-ға жуық лауазым иелерін уақытша ұстау изоляторының жұмысымен, яғни қамаудағыларды ұстау шарттарымен, айыпталушының жататын жерінен бастап, медициналық бөлме, асхана, аула сынды жерлермен жіті таныстырып шықты. Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен ұйымдастырушылар лауазымды тұлғаларға тура жолдан таймаңдар деген сөздерін бірнеше рет қайталап, пара алудың, яғни қызмет бабын пайдаланып ақша табудың соңы осылай болатынын ескертті. Әрине, көзге жақсы көрініс бермейтін шараның куәгерлері мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көріп, тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамайтынын білдірді. Темір тордың арғы жағындағы тәртіппен танысу жұмыстары әрі қарай жалғасын табатын болады.

Түркістан: Халықаралық білім ордасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қожа Ахмет Ясаи атындағы Халықаралық Қазақ - Түрік университетінде өткен  кезектен тыс Сенат мәжілісіне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты. Мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселе - сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аталған мәселе бойынша Жол картасын қабылдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты одан әрі жандандыру. Басқосуға арнайы қатысқан Департамент басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетов университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алдын-алу, ұжым мен студенттерге түсіндіру және т.б. жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек екенін айтты. «Педагогтердің сыбайлас жемқорлық жасауы - өте ұят және қоғам үшін қауіпті жағдай. Себебі, олар - келешек ұрпақты тәрбиелейтін мамандар. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Қажет болса, департамент те көмектесуге әзір», - деді ол. Ректор Жанар Темірбекова соңғы бір жыл көлемінде университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, заң бұзушылықтарды анықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Мәселен, бұған дейін студенттік жатақхана ақысы қолма-қол ақшамен жиналғаны сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына әсер ететіні ескеріліп, жатақхана ақысы электронды төлем жүйесі арқылы банктерден қабылданатыны және өзге де бірнеше саладағы сыбайлас жемқорлық жойылғанын тілге тиек етті. Жиын соңында Сенат мүшелері де сыбайлас жемқорлық мәселе бойынша өз ойларын айтып, Департамент тарапынан ұсынылған Жол картасымен танысып, оны қабылдауға келісті. Сондай-ақ, университеттің Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген құндылықтарды оқытушыларға да, студенттерге де терең түсіндіру керек екені айтылды.

Түлкібас: Өзгенің атынан несие алған алаяқ

Жүргізуші куәлігін жасап беремін деп тұрғынның атынан 3 бірдей несие алған ер адам анықталды.

Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол 2022 жылдың тамыз айында бейтаныс ер адаммен танысқан. Содан әңгіме барысында ол жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендірген. Осыдан соң жәбірленуші бейтаныс ер адамға жеке куәлігінің көшірмесі мен 250 000 теңге ақша берген. Алайда 1 апта ішінде бітеді деген жалған уәде 2 айға созылған. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды.

Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленуші азаматтың сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Сондай-ақ күдікті жәбірленушінің ақшасын ғана алып қоймай, оның жеке куәлігі арқылы атынан 3 бірдей несие рәсімдегені анықталды. Жалпы шығын көлемі 3 000 000 теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, кез келген адамның күмәнді ұсынысын қабыл алмаңыздар. Оңай жолмен заңсыз қызмет ұсынған адамның, алаяқ екені белгілі. Сондықтан, сақ болыңыз!