Түркістан облысында экстремистік-террористік сипаттағы 9 қылмыс тіркелді

Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен өңірде экстремизм мен терроризм көріністерін болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде 2022 жылдың 10 айында 9 экстремистік-террористік сипаттағы қылмыстар анықталды. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 405-бабы (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу) бойынша 5 іс тіркелген.

ҚР Қылмыстық Кодексi 405-бапта «Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу»:

Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiн ұйымдастыру – 

шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу – 

шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескерту. Экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшіне енген сот шешiмi бар қоғамдық немесе дiни бiрлестiктің не өзге де ұйымның қызметіне қатысуды өз еркiмен тоқтатқан адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады деп жазылған.

Ал ҚР ҚК-нің 174-бабымен (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) 4 жайт анықталды.

ҚР Қылмыстық Кодексi 174-бабында «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру»:

5.   Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, – 

екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше рет жасалған немесе күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұласқан, сол сияқты адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – 

белгiлi лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескерту. 174-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.06.2020 № 349-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТIҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІНЕ
ЖӘНЕ ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
деп көрсетілген.
Оған қоса полицейлер заңсыз жұмыс істеп тұрған 3 намазхананы анықтап, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал жүргізілген рейдтік іс-шара барысында экстремистік құқық бұзушылықтардың 6 дерегі бойынша 428 діни әдебиет алынды. Жергілікті құрылымдармен деструктивті діни ағымдарының ұстанушылары жасаған жалпы 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шарасы көрілді. Барлығы 1 млн. 700 мыңға тарта айыппұл салынды.

Мысалы, ағымдағы жылы облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың тиісті рұқсатынсыз сауда орындарында, базарларда, дүкендерде діни әдебиеттерді сатқаны үшін 11 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сот шешімімен 1-ден 50 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 490-бабында «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу»:

1. Қазақстан Республикасының заңнамасында: 

1) дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге; 

2) қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға; 

3) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға; 

4) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) белгіленген талаптарды бұзу – 

қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – елу, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – 

жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

3. Миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы – 

Қазақстан Республикасының азаматтарына бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

4. Діни бірлестіктің өз жарғысында көзделмеген қызметті жүзеге асыруы – 

қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

5. Діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуы, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуы және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуі, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуы не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестіктер мүшелерінің иемденіп алуы – 

қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

6. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, мекемелерде, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құру – 

лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

7. Уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолданбауы – 

Республиканың шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.  

8. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – 

қызметке тыйым сала отырып, жеке тұлғаларға – екі жүз, лауазымды адамдарға – үш жүз, заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

Ескерту. 490-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ЖОЛДАРЫН ҚЫСҚЫ МЕЗГІЛГЕ ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Бүгін өңірлік комммуникациялар қызметінде Түркістан облысындағы автомобиль жолдары мен медициналық қызметтердің, жылыту пункттерінің қысқы дайындығы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов өңірдегі автожолдардың қысқы әзірлігі, техникалардың дайындығы туралы баяндады.

- Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы - 4014,74 шақырым. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдары болса, 434 шақырымы - таулы аймақтарда қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар. Өңірдегі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 125 арнайы техника жұмылдырылған. Жолдарды дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін 4636 м3 құм және 437 тонна тұз әзірленген. Бүгінгі таңда, инертті материалдар аудан, қалалардағы қоймаларға жиналған, - деді Ролан Бекмағамбетұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай жеткілікті. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, асуларда 4 жылыту бекеті әзірленді. Яғни, «Шыбықбел», «Одаманбұлақ», «Ащысай» және «Таскөмірсай» жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Төсек-орынмен және азық-түлікпен басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілген.

- Бәйдібек, Созақ, Төлеби аудандары аумағымен өтетін автомобиль жолдарының бойында, қар басып қалу ықтималдылығы жоғары аймақтарда жалпы ұзындығы 2560 қума/метр қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылған. Сондай-ақ, 715 дана ескертуші «Тайғақ жол» 1.15 жол белгілері қойылды, - деді Ролан Бекмағамбетұлы.

Брифингте Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Ерік Сарыбаев өңір тұрғындарын сақтық шараларына мұқият болуға, дауылды ескертулер берілген кездерде алыс жолға шықпауға шақырды.

- Қысқы дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Департамент тарапынан 502 адам, 33 техника дайындыққа келтірілді. Бүгінгі таңға облыс аумағында есепке алынған қар басатын жалпы 22 аумақ бар. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жалпы 11 жылыту пункті, 3 «Апаттар медицина орталығы» филиалының бекеттері дайындалған. Облыс тұрғындары мен қонақтарынан дауылды боран, қар т.б. ескерту алған соң ұзақ жолға шықпауды сұраймыз. Қыс маусымында ауа райының күрт өзгеруі кезінде жолдарды жабу барысында басқа айналма жолдармен автокөлік иелерінің жолға шығып кетудің соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін. Автобекеттер басшылары да қысқы маусымда жолға шығу мәселелерін пысықтап, яғни автобустардың доңғалақтарының сәйкестігіне, қыстық дизель отынымен қамтамасыз етілгендігіне және техникалардың жарамдылығына аса назар аудару қажет, - деді Ерік Темірханұлы.

 

Түркістан: Ынтымақ бұзылмайтын қорған

Ғасырлардан бері ұласып келе жатқан тағылымы мол үрдіс әлі де өз жалғасын тауып, елімізде сақталып келеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің байлығымыз. Қазақтың тарихына көз жүгірткенде небір зұлмат пен нәубетті, аштық пен қиындықты, тартыс пен езгінің іздерін көріп, осыншама зұлматтан аман қалып, бүгінде етек-жеңі жиылып келе жатқан тәуелсіз елдің бет-бейнесін көріп, таңдай қақпау мүмкін емес. Бұл елдікті еңсеруде қаншама қан мен сарқылған тер, қыршын кеткен ғұмырлар мен үзілген тағдырлар жатыр. Анығында, туған елдің ынтымағы мен бірлігін, тыныштығы мен тәуелсіздігін бейбіт күнде өмір сүрген қазіргі ұрпақтан, түрлі майдан мен жорықтан, соғыс пен сұрапылдан көз ашпаған алдыңғы ата-бабаларымыз тереңінен түсінген. Түсініп қана қоймай, ел мен жердің қадіріне жете біліп, Отанға деген шын махаббаттың бейнесін көрсетіп кетті десек артық айтқандық емес екені анық.

Бүгінде еліміз өзге елдер қызыға қарайтын мақсаты айқын, бағдары бүтін мемлекет болып қалыптасып келеді. Отыз жылдық тарихы бар егемен ел болса да, бүтіндейтін жеріміз бен дамытатын салаларымыз жоқ емес. Ең бастысы – әлемдегі алпауыт елдердің ыңғайына жұтылып кетпес үшін қазақ халқына бірлік керек. Хәкім Абай атамыз айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, бірлігіне сызат түскен елдің көгеріп, өсіп-өнуі екіталай. Өткеннен сабақ алып, тарихқа көз жүгіртер болсақ, мықты деген алпауыт мемлекеттер бірлік арқылы өз елдігін түрлі қиындықтан сақтап қалғанын көреміз. Керісінше жері байлыққа толы, халқы тоқшылықта бола тұрып, ел ішінде ынтымағы болмаған жұрт өзгенің қақпанына оңай жұтылып, жоқ болып кеткенін тарих сан рет дәлелдеген.

Бүгінгі таңда азат елдің таңы арайлап атуы үшін батыр бабаларымыз секілді басты бәйгеге тігіп, соғыс майданында жүру міндет емес. Қазір елдің ертеңі – бірлігі бекем, һәм білімі мықты ұрпақтардың уысында. Заман – оқыған, тоқыған, көкірегі ояу, көзі ашық адамдікі. Өткен тарихыңды, туған тіліңді, дәстүрлі дініңді, саралы салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңды білмесең «бірлік», «береке» деген ұғымдардың мәні тұрмақ, мағынасында білмей өтпекпіз. Өз ұлтын тереңінен танып, оны шынайы сүюге ұмтылғанда қоғамның ынтымағы үшін бас біріктірудің шын үлгісін көрсете алмақпыз.

Осы күні бізге жетпей жатқаны да – мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмашылдық. Көбіміздің бойымыздан мұсылман бауырымызға деген өшпенділік пен арам ниет, жаман ойлар байқалады. Кейбір жанды көрсең, құлшылыққа көп көңіл бөледі, жақсы сөз сөйлейді, сөз сөйлегенде алдына жан салмайды, ақын немесе шешен, бірақ мұсылман бауырының етін жеуге (ғайбаттауға) дайын тұрады. Егер тақуалық болмаса, адамға құрғақ білімнің, мағлұматтың пәлендей көмегі тимейді. Маңыздысы аз білсең де амалға асыру, тақуалық таныту, бауырыңды жақсы көру, жақсы көре алмасаң да ең азы қолыңмен және тіліңмен зияныңды тигізбеу, бұның өзі де бір ғанибет. Хәкім Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп ащы шындықты дөп басып айтқан.

Егемендіктің 30 жылында атқарылған ең маңызды жұмыстың бірі – еліміздегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылық деп білемін.

Осы тұста Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өміріндегі бір оқиғаға назар аударғым келеді. Ислам тарихында ол «Мәдиналық келісім» деген атпен белгілі.

Пайғамбар (с.а.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиісті нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.а.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтқа табынушылар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мәдиналық келісім келді. Оған сәйкес Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.

Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.

Бұл мысалы, қазіргі кездегі еліміздегі діни саясаттың бірден-бір көрінісі іспеттес. Біздің мемлекетіміз де тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап түрлі ұлттар мен діни-сенім конфессиялар арасындағы татулық және бірлігімен ерекшеленіп отырған жайы бар.

Қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында ғана өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді. Хәкім Абайдың да «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн қатуы да халқын ауызбіршілікке шақыруы болатын.

Дәстүрлі Исламда да ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналатындығы айшықтап жазылған. Біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Бас құжатымыз – Конституциямыздың «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуының мәні де осында. Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық міндетіміз.

Бүгінгі күн өткенімізге баға берудің, қол жеткізген барлық нәрсенің мәнін тарихи тұрғыдан ұғынудың, алда тұрған міндеттерді айқындаудың тамаша мүмкіндігі.

Сондықтан, елімізді қауіпті індеттер, ауыртпалықтар орын алып жатқан мына жағдайда үй ішінен үй тігіп, түрлі топқа бөлініп, бүлік шығару емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануымыз қажет. Бейбіт қоғамның негізі ауызбіршілік және түсіністікпен қаланады, ал,  «ынтымақ – бұзылмайтын қорған».

 

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы   

 

Түркістандық полицейлерге 250-ден астам жаңа қызметтік көлік берілді

Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаменті жаңа көліктермен толықты. Түркістан қаласындағы тікұшақ алаңында өткен салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов пен жеке құрам қызметкерлері қатысты. Бұл шарада полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілті табысталды.

Атап айтсақ, ҚР ІІМ мен жергілікті әкімдіктің қолдауымен өңірдің патрульдік полиция қызметкерлері - 94 бірлік, учаскелік полиция инспекторлары - 64 бірлік, уақытша ұстау изоляторы - 12 бірлік, аудандардың тергеу бөлімі - 17 бірлік, кезекші бөлімдер - 20 бірлік қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қала, аудандарға автобустар мен автозактар үлестірілді. Жалпы жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін сақшылар үшін берілген жаңа көліктердің саны – 252. Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған.

Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. JPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады. Салтанатты шарада облыс әкімі Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтіп, құттықтау сөзін сөйледі.

Аймақ басшысы Д.Сатыбалды: «ҚР Президенті Қ.Тоқаев тарапынан бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне қолдау жасалуда. Департамент жаңа ғимараты салынып, осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуде. Ал бүгін тапсырылатын автокөліктер полиция қызметкерлеріне қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенемін!»,–деп атап өтті.

Шараны қорытындылаған облыстың бас полицейі М.Қабденов: «Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Осы ретте алдағы уақытта Президент пен Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға сенім білдіремін. Сервистік полицияны жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады»,–деп түйіндеді. Салтанатты рәсім жаңа техниканың шеруі және жеке құрамның саптық байқауымен аяқталды.

 

Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Сауран бекетінің жұмысын тексерді

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев, Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан "Сауран" стационарлық бекетіне барды. Онда полиция полковнигі Б.Айтпаев, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Полиция қызметкерлерінің қалай қызмет атқаратынын тексеріп, стационарлық бекеттің материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді.

Атап өтсек, бүгінгі таңда бұл бекет жол қауіпсіздігін бақылау үшін қажетті заманауи техника, байланыс құралдары және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Мұнда тәртіп сақшылары тәулік бойы көрші аудандардан келетін және кері қайтатын көлік ағынын тексеруге мүмкіндік беретін планшеттермен жабдықталған.

Сондықтан бірінші орынбасар Б.Айтпаев, тәртіп сақшыларының қызмет атқаруға және тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережесін бұзушылардың жолын кесу бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайындығын бағалады. Соңында полицейлердің назарын көлік тәртібін нығайтуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, стационарлық бекет арқылы өтетін автокөліктердің қауіпсіздік шараларын ұстанып, ережені сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударды.

Түркістан облысында есірткі сақтаған зейнеткер сотталды

Түркістан облысында есірткі заттарын сақтауға қатысы бар қарт зейнеткерге қатысты үкім шықты. Ер адам ҚР ҚК-нің 296-бабында көзделген «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Естеріңізге сала кетейік, "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстаған болатын. Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру шаралары барысында Келес ауданы ауылдарының бірінде "Приора"автокөлігін тоқтатты.

Полиция қызметкерлері тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 1 келіден асатын "көкнәр" болып шықты. Күдікті Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Егде жастағы ер адам бұл әрекетін мойындап, есірткіні өзі тұтынуы үшін сақтағанын жеткізді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жинақталған іс құжаттары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Нәтижесінде сот үкімімен сотталушыға 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қаралғанын еске салады.

ҚР Қылмыстық Кодексi 296-бабында «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бұл туралы былай жазылған:

Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну – 

сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескертулер. 

1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді. 

2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 

Ескерту. 296-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2018 № 205-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

 

Жетісайда жасөспірімдерге «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында арнайы дәріс өтті

Жетісай аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Жанна Шалбекованың ұйымдастыруымен, аудан жөсөспірімдеріне әйелдерге және балаларға жасалынатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында арнайы сабақтар өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты - отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында жасалынатын зорлық-зомбылықтың тәсілін және әдісін, сондай-ақ, оның себептері мен жағдайларын анықтау және ерте жүктіліктің алдын алу.

Іс-шараға аймақ мектептерінің 7-11 сынып оқушылары қатыстырылуда. «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі. Зорлыққа жол бермеуіміз керек. Бұл денсаулық пен өмірге қауіпті мәселе гендерлік теңсіздік, билікті теріс мақсатта пайдалану және жағымсыз нормалардан бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Гендерлік зорлық-зомбылық отбасылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне жол бермейді. Гендерлік  зорлық-зомбылық жайттары экономикалық дағдарыс, конфликт немесе эпидемия сияқты кез келген төтенше жағдай кезінде өседі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш COVID-19 пандемиясы кезінде үйдегі зорлық-зомбылық туралы хабарламалар санының күрт өскенін атап өтті. Гутерриш мырза әлем елдерін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты қатаң шараларды қолға алуға шақырды. 25 қарашада біз Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша халықаралық күрес күнін атап өтеміз. Және бұл күні гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-әрекеттің 16 күндік науқаны басталады. Бұл науқан маңызды мәселелерді көтеру және гендерлік зорлық-зомбылық туралы күрделі пікірталастарды қолдау үшін таптырмас құрал болып табылады. Біз БҰҰ Бас хатшысының «2030 жылға қарай әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты бірлесіп тоқтатамыз» науқанына қосыламыз. Біз гендерлік зорлық-зомбылықты Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастық, Орталық Азия елдерімен аймақтық ынтымақтастық және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, көпжақты қолдау арқылы тоқтатуға тырысамыз. Біз Қазақстанмен серіктестікті жалғастыруға және тәжірибе алмасуға ниеттіміз, өйткені біз COVID-19-ға жауап беру және экономиканы қалпына келтіру бойынша жоспарлар мен стратегиялар әзірлеудеміз. Гендерлік зорлық-зомбылыққа және гендерлік теңдікке қарсы күрес кез-келген стратегияның ажырамас бөлігі болуы керек. Біз әйелдер мен қыздардың өз әлеуетін толықтай жүзеге асыруға, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге және, әрине, өз армандарын орындауға ресурстар мен мүмкіндіктерге ие болатын әлемге бірлесіп қол жеткізе аламыз»,-деген Жанна Шалбекова, кәмілетке толмаған қыздардың арасында тағы бір өршіп тұрған мәселе ерте жүктілік екенін айтты.  «Елімізде 15-19 жастағы қыздар арасында ерте жүктілік Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі жасөспірім қыздарға қарағанда 6 есе жиі кездеседіерте жүктіліктің көп жағдайда бойжеткен сенгіштігінен екені белгілі болды. Яғни, сценарий барлығына белгілі. Қыздар басқа қалаға оқуға келеді. Жаңа қала, жаңа ортада оларға қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ. Бұған дейін үлкендер тарапынан қойылған шектеуді аттап өткісі келеді. Келе сала танысқан жаңа құрбыларымен таңға дейін түнгі клубтарда уақытын өткізеді. Жігіттер де оларға қырындайды. Бойжеткен болса, кәмелеттік жасқа толғанмын деп алдайды. Сезім еркіне берілген жігіт те, қыз да жағдайдың байыбына бармайды. Көп жағдайдың соңында жігіт түрмеге түсіп, қыз құрсақтағы баламен қалады». Мамандарға салсақ, бұл дерттің дауасын жыныстық сауаттылыққа әкеп тірейді. Қыз да, ұл да бұл істе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мектепте үйренуі керек дегенді көлденең тартады. Өтпелі кезең деп аталатын уақытта жеткіншекте психологиялық тұрақсыздық болады. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздар жағдайды қабылдай алмай, соңында өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайды. Осы жаста жасөспірімдер психологиялық жағына қоса жүктілік қосылады. Ештеңені түсінбейтін қыз бұл проблемамен кімге және қайда барарын білмейді. Мамандардың пікірі бұл. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде балиғатқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болады. Дүниежүзінде не шаруамыз бар деуіңіз мүмкін, алайда, бұл біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Әлгі ДДСҰ жариялаған статистиканың көш бастаушылар қатарында Қазақстан да бар.Дәрігерлердің деректері бойынша жылына елімізде 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалады. Соның 30 мыңға жуығы Алматы қаласында екен. Түсік жасатқандардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар. Бүгінде 14 жастағы жасөспірімдердің 10 проценті, 15-17 жастағы қыздардың 21 пайызы жыныстық қатынас тәжірибесіне ие.Айта кетері, Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп.Сондай-ақ, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар. Осындай түрлі себептерден елімізде 17 мың отбасы бала сүйе алмай отыр.Сондықтан, мамандар мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керек дейді мамандар. Дәріс барысында инспектор Ж.Шалбекова, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды ақпарат беріп, қыз балалардың тәлім-тәрбиесі, өз құқығын қорғай білуі керектігін жеткізді. Сондай-ақ қандай да бір құқық бұзушылық жайты орын алған жағдайда, арнайы сенім телефондары мен полицияға хабарласулары қажеттігі ескертілді. Өз кезегінде жасөспірімдер полицейлер ұйымдастырған сабақ, ондағы айтылған құнды ақпараттар, мен ақыл-кеңестер үшін алғыстарын білдірді.

 

 

Келес: Полицейлер бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар ер адамды анықтады

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні анықтады. Атап айтсақ, алаяқ ер адам тұрғындардан қайтарымсыз несие алуға көмек беремін деп, алдау жолымен ақша алып отырған. Келес АПБ-ға жәбірленушілердің бірі арызданып, өзіне бейтаныс біреу мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беруге уәде бергенін жеткізді.

Осылайша алаяқ ауыл тұрғынының сеніміне кіріп, 370 мың теңгеден астам ақша алып, ұзақ уақыт уәдесін орындамай созып жүреді. Полиция бөліміне бұдан басқа алаяқтан зардап шеккен ауданның тағы бірнеше тұрғыны хабарласып, дәл осындай ақпараттарды жеткізген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде келестік қырағы полицейлер күдіктіні анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғын болып шықты. Бүгінгі таңда тергеу ер адамның алаяқтықтың 16 жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрады. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.