Түркістан: Заңсыз жүрген шетелдіктерді анықталды

Полицейлер Түркістан облысы аумағында «Заңсыз келуші-2022» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Шараның басты мақсаты - Қазақстан аумағына заңсыз келген, жұмыс жасап жүрген шетел азаматтарын анықтау. Сонымен қатар көші қон заңнамасын сақтау бойынша шетелдіктер мен оларды қабылдаушы азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Аталған іс-шара кезінде Қазығұрт аудандық полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасында заңсыз жұмыс істеп жүрген 7 азаматты анықтады. Нақтырақ айтар болсақ, шетелдіктерге ҚР ӘҚБтК-нң 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша хаттама толтырып, соттың қаулысымен 1 тәулікке арнайы арнайы қабылдап тарату бөліміне жабылды.

Сондай-ақ республика аумағына келіп уақыт мерзімі өтіп кеткен 1 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігімен «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сот қаулысымен 76 575 теңге көлемінде айыппұл салды. Тұрғын үймен қамтамасыз еткені үшін Қазақстан Республикасының 2 азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы 1-бөлігі «Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік шара көрілді.

Бұл бағыттағы шаралар Қазақстан аумағына заңсыз келушілер мен жұмыс жасайтын шетел азаматтарының санын азайтады. Алдағы уақытта мұндай тексеру жұмыстары полицейлер тарапынан өз жалғасын таба бермек.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сайрам: 3 күнде 32 жасөспірім мезгілсіз уақытта сыртта жүрді

Үстіміздегі жылдың 27-29 маусым аралығында Сайрам ауданы көлемінде «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді.

Шараның мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтарының бұзылмауын қадағалау.

3 күндік іс-шараға барлығы 15 тәртіп сақшысымен бірге балалардың құқықтарын қорғау органдарының, денсаулық сақтау органдарының, жастар және балалар ұйымдарының, ата-аналар қоғамдастығының өкілдері мен БАҚ тартылды.

Іс-шара барысында 37 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оларды тарқатар болсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-тармағымен (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) 32 хаттама, 442-бабының 1-тармағымен 2 хаттама, 127-бабымен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) 1 хаттама, 132-бабының 1-тармағымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейiн) заңды өкiлдерiнiң бірге жүруiнсiз ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) және 200-бабымен (Жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкоголь өнімін өткізу) 1 хаттамадан.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат 

Сайрамда «Автобус» жедел-профилактикалық іс шарасы өтуде

«Автобус» жедел-профилактикалық іс шарасы басталды.

Үстіміздегі жылдың 30 маусымы мен 4 шілдесі аралығында Сайрам ауданы аумағында автомобиль жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру, желіде қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын азаматтарға қатысты бақылауды жетілдіру, автожолдарда заңсыз көшіп-қонушылар мен заңсыз тасымалдаушыларды, әсіресе шетелдік азаматтарды тасымалдайтын және шетелдік тіркеуі бар автобустарды анықтау, жолаушылар және автомобиль көлігінің багажын тасымалдау қағидаларын бұзуды тексеру, заңсыз қайта жабдықталған автобустарды, сондай-ақ техникалық жағдайы мен конструкциясы бекітілген жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келмейтін автобустарды (такси) пайдалануға тыйым салуға шаралар қабылдау, шет мемлекетте тіркелген автокөлік құралдарымен Қазақстан Республикасы аумағында автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарын анықтау бойынша жұмыстар атқару мақсатында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіледі.

Аталған іс-шараға 50-ден аса полицей мен көліктік бақылау инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, мемлекеттік кіріс органдары мен көлік прокуратурасының қызметкерлері жұмылдырылып, 5 қызметтік автокөлік тартылды.

 

Сайрам тұрғынының көлігінен 1 келіден астам есірткі табылды

Бүгінгі күні әлемде есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне тосқауыл болар ауқымды бағдарламаларды іске асыруда. Осы тұрғыда Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасын ұйымдастырып, тұрғындардың бірінен 1 келіден астам есірткі алды.

Нақтырақ айтсақ, Сайрам аудандық полиция бөліміне тұрғындардың бірі хабарласып, көшеде жүріс-тұрысы күмәнді ер адамның жүргенін айтады. Хабар алысымен тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Полицейлер аталмыш азаматтың автокөлігінің ішінде отырғанын анықтап, одан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Оның өзін және көлігін тінту кезінде, көліктің артқы орындығынан полиэтиленді пакетке оралған есірткі затына ұқсас зат тапты. Оны полицейлер айғақты зат ретінде тәркілеп алып, сараптама тағайындады. Нәтижесінде ол салмағы 1 келіден астам «марихуана» есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сезікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды.

Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.

 

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Түлкібас: Ауылдасының ыдыс-аяғын ұрлаған...

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның үйінде ешкім болмағандығын пайдаланып, белгісіз біреу ұрлыққа түскен. Ұры жәбірленушінің үйінен түрлі ыдыс-аяқтарды ұрлап кеткен. Тұрғынға келген шығын көлемі 60 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына бірден келді. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде күдікті ер адам жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті ер адам ішімдік алу мақсатында осындай қадамға барған. Ол жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып, өзімен бірге арнайы шеге суырғыш құрылғысын апарып, ағаш есікті бұзып кірген. Сезікті ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Полицейлер оның сатқан заттарын айғақты зат ретінде алып, заңды иесіне қайтарып берді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысын болдырмау үшін жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді. Үйлеріңізге, ғимараттарға, дүкендерге арнайы бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыста қаржы пирамидалары бар, абайлаңыз!

Түркістан облысы аумағында 2022 жылы Қазақстан Республикасы ҚК-нің 217-бабы «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» жайты бойынша ешбір дерек тіркелмеген. Дегенмен облыс тұрғындарының «қаржы пирамидасының» құрбаны болуының алдын алу – Түркістан облысы ПД қызметкерлеріне артылған міндет. Осы тұста Сіздер үшін пайдалы ақпараттар ұсынсақ;

Қаржы пирамидаларын жасаушылар өздерінің алаяқтық схемаларын әртүрлі тәсілдермен жасыруға тырысады. Олар желілік маркетингпен, бағалы қағаздармен, зергерлік бұйымдармен, криптовалюталармен, туристік жолдамалармен және басқа да тауарлармен немесе қызметтермен сауда жасайтындығына және оның бәрі заңды түрде екендігіне сендіруге тырысады.

Алайда, бұл ұйымдардың жалғыз мақсаты – табысы жоғары жобаға сенетін аңғал азаматтардан ақша тарту екенін түсіну керек, бұл айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Кез келген қаржы пирамидасының басты ерекшелігі – өте жоғары табыс әкелетініне сендіріп, салынған ақшаны жылдам қайтаруға уәде береді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әр жаңа қатысушы үшін түрлі бонустар, жеңілдіктер немесе тіпті тікелей төлемдер ұсына алады. «Егер сіз тағы екі салымшыны алып келсеңіз, сіздің кірісіңіз 20% емес, айына 30% болады», – деп құрғақ сөзбен ауыз жыртады.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенді және ығыр қылатын жарнама да алаяқтық жобалардың ерекшелігі болып табылады. Ұйымға кіру немесе операцияларды жүзеге асыру үшін сіздің атыңыздан белгілі бір кіру жарнасын сұрауы немесе тіпті мерзімді негізде ақша салуды талап етуі мүмкін. Осы жағдайда бұндай ұйымдардың заңдылығына назар аудару қажет.

Қатысушылардың белгілі бір саны мен үлкен сома жиналған кезде ұйымдастырушы қатысушылардың барлық ақшасымен бірге жоқ болып кетеді. Ең соңында келгендер сыйақысыз және қаражатсыз қалады. Сондай-ақ оларда қандай да жолмен бір қорғану мүмкіндігі де болмайды, өйткені Қазақстандағы қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз, яғни пирамиданы ұйымдастырушылармен қол қойылған барлық құжаттардың заңды күші жоқ.

Қаржы пирамидасын қалай танимыз?

1) Нарықтағы деңгейден бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді.

2) Ұйымға тартқан әрбір клиент үшін сыйақы уәде етеді.

3) Компанияға мүше болу үшін міндетті түрде жарна талап етіледі.

4) Қаржы пирамидасының өз қаражаты, қымбат активтері болмайды.

5) Әлеуметтік желілерге агрессивті жарнама науқанын жүргізеді.

6) Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып қалады.

7) Жеке кездесуде ғана консультация береді.

8)Келісім шартқа ойланбай қол қоюға үндейді.

9) Компания корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақырады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Арыстық полицейлер «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде

Түркістан облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес 27-29 маусым аралығында облыс көлемінде «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның мақсаты – жасөспірімдердің қатысуымен болатын құқықбұзушылықтың алдын-алу, түнгі мезгілде көшеде жүру ережелері, бала еңбегін пайдалану деректерін анықтау.

Профилактикалық шара кезінде Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түнгі уақытта аудан аумағындағы адам көп шоғырланатын жерлерді, көлік жуу орталығын, базарларды барып тексерді.

Тәртіп сақшылары ата-аналар мен балаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ата-аналарға түнгі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүрмеуін қадағалап, балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүріс-тұрысын үнемі бақылауда ұстау және түнгі уақытта көшеге жібермеуге кеңес берді. Себебі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың басым бөлігі түнгі уақытта орын алады.

Айта кететін жайт бұл бағыттағы шаралар тәртіп сақшылары тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Облыстағы бейнебақылау камераларының жұмыс сапасы тексерілді

Бейнебақылау камералары – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, сонымен қатар қадағалауға пайдасы зор. Бұл камералар полиция қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Себебі, осы көмекші құрал арқылы іздеген жоғын табады, ұрының жолы кесіледі.

Осы тұрғыда Түркістан облысы әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтті. Бұл шараға Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі Сәбит Бахтығалиев, Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Дмитрий Буташев және Түркістан қаласы әкімі аппаратының Цифрландыру бөлімінің басшысы Аширхан Абдихадиров, облыс әкімдігінің цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Рахымбердіұлы, «Көркем Телеком» ЖШС Абзал Саттаров қатысты. Жиналғандар бейнебақылау камераларының тиімділігі мен болашақта азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын бейнебақылау камералары туралы кеңінен талқылап, зерделеді. Одан бөлек жедел басқару орталығына қосылған 1035 бейнебақылау камераларының жұмыс тиімділігін тексерді. Айта кетсек, облыс бойынша 1 303 бейнебақылау камералары орнатылып, оның 1035 данасы жедел басқару орталығына қосылған. Қазіргі таңда 81 камера істен шығып, жөндеу жұмысына берілді. Сонымен қатар «Сергек» камераларын қосымша қою туралы шешім қабылданды.

Ал облыс орталығы - Түркістан қаласында 56 дана «Пелко» бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде қасиетті өңірімізге келушілер саны жыл сайын көбейгендіктен және жаңа мөлтекаудандардың құрылуына байланысты бейнебақылау камераларын арттыру жұмысы басты орында. Осыған байланысты камераларды қажетті аумақтарға қою жұмысы қарастырылуда. Жиналыс соңында Полиция департаменті мен әкімдік қызметкерлері бейнебақылау камераларының жұмысы бойынша кездесулер ұйымдастырып, жұмысты жандандыруға уағдаласты.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат