Түркістан: 1600-ға жуық құқық бұзушылық анықталды

Түркістан облысында жүргізушілер арасындағы көліктік тәртіпті арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасы өтуде.

Патрульдік полицейлер мас күйінде көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, төтенше жағдайды жасауға, басып озу, жол қозғалысы, маневр, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбауға және ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты ережелерді анықтауға назар аударды. Тәртіп сақшылары шара басталған 5 тәулік ішінде 1568 әкімшілік хаттама түзді.

Оның ішінде мас халде автокөлік басқарғаны үшін - 4, жалған мемлекеттік нөмір таққан – 2, қарсы бағытқа шыққаны үшін – 4 хаттама толтырды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қоғамдық автокөліктерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, 69 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтар болсақ, 4 автобус заңсыз жатын салонымен жабдықталғаны анықталып, мемлекеттік белгісі алынды. Жалпы айыптұраққа 39 автокөлік қойылды.

Тәртіп сақшылары бұл бағыттағы шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіп, жүргізушілерге жол қауіпсіздігін насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын жасайды.

Келес: Жасөспірім үйінен кетіп қалған...

Келес ауданының жергілікті тұрғыны 14 жасар ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, 2 күннен бері қайта оралмағандығын айтып, Келес АПБ-ға арызданады. Ауыл-аймақ, канал жағаларын қарап, іздестірген жақындары нәтиже шықпаған соң, бар үміттерін сақшыларға артады. Оның үстіне ұлының денсаулығында кінәраты бар екенін жеткізеді.

Жоғалған жасөспірімді іздеуге Келес АПБ-нің барлық тиісті полицейлері жұмылдырылды. Әр полицей өз аумағына қарасты үй-жайларды тексеріп, баланың баруы мүмкін деген орындарды шолып шықты. Бірнеше мобильдік топтар да құрылды. Осылайша полицейлер іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырды. Нәтижесінде сол күні түскі уақытта бозбала орталық саябақтардың бірінде жүрген жерінен табылды. Мән-жайға қаныққан тәртіп сақшылары, оның 2 күн бойы досының үйінде болғанын анықтады. Сондай-ақ ол өзінің бағып жүрген қойларын сатып жіберген үйіндегілерге ренжіп, кетіп қалғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ол дін-аман отбасымен қауышты. Ұлының аман-есен табылғанына қуанған анасы полицейлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырды.

Егерде жақындарыңыз бен балаларыңыздан көз жазып қалсаңыздар, уақыт жоғалтпай тез арада полицияға хабарласыңыздар. Сонымен қатар әрбір ата-ана өз баласына мұқият болып, қараусыз қалдырмау керектігін ескертеміз. Сондықтан үнемі балаларға жоғалудың қаупі жайлы ұғындырып отыру қажет.

Келес: Екінші рет мас күйде көлік басқарды

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы кезінде «Mersedes-Benz 230 E» маркалы автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Оның мас халде екендігіне күдік тудырған полицейлер жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізді. Сараптама қорытындысына сәйкес оның алкагольді масаң күйде екендігі белгілі болды.

Сонымен қатар ер адам бұған дейін де Келес аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Десе де, жүргізуші бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеуге алды. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ жолдардағы жылдамдықтан асып кетпеу, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да құқық бұзушылықтар жасамау керек. Жүргізушілер, есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.

Ордабасылық полицейлер тұрғындарға ескерту қағаздарын таратты

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол көлік оқиғаларын төмендету және жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында, «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасын өткізді. Шараға жеке құрамның 34 қызметкері жұмылдырылды. Олар жол ережесін өрескел бұзған автокөліктерді тоқтатып, оларға заңды шара қолданды. Мәселен іс-шараның 4 тәулігінде жол ережесін бұзған 160 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Атап айтар болсақ, Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша - 15, Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануымен - 16, Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау бойынша - 48, Маневр жасау қағидаларын бұзуы бойынша - 11, Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу - 3, Темiржол өтпелерiнен өту қағидаларын бұзуымен - 1, Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы - 2, Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша 64 тұлғаға хаттама толтырылған.

Мысалы тәртіп сақшылары аудан көшелерінің бірінде «Ваз 21102» маркалы автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің куәлігін тексеру кезінде жас жігіттің автокөлікті басқару құқығы жоқ екендігі және оның мас халде көлік басқарғаны анықталды. Полицейлер көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттама түзіп, жинақталған құжаттарды Ордабасы аудандық сотына жолдады.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жүргізушілерге жолда жүру ережелері мен қағидалары жазылған арнайы ескерту қағаздарын таратты. Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда жүру ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Сондай-ақ мас халде көлік жүргізбеуге кеңес береді.

Ордабасы: «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері» кейіпін жамылған ұсталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оған танысы «Алматы қаласындағы кедендік бақылауда тұрған бағалы заттарын алып беремін» - деп, сеніміне кіріп, 1 500 000 теңге ақшасын алған. Алайда, ер адам берген уәдесінде тұрмай, не ақшасын қайтармай қойған.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтады. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ешқандай қатысы жоқ және жұмыссыз екені де расталды.

Анықталғандай күдікті мен жәбірленуші Төрткөл ауылынан Темірлан ауылына жолға шыққанда көлік ішінде танысады. Сезікті ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған. Күдікті жәбірленушінің сөзіне сеніп, екеуі өзара келісімге келген. Алайда, ер адам ақшаны алған соң, хабарсыз кеткен. Күдікті ер адам алған ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жаратып жіберген. Полицейлер оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері таныс және бейтаныс адамдарға ақшаға қатысты шешімдерді сақтық шараларын сақтай отырып қабылдауға кеңес береді. Сонымен қатар күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға банк шот нөмірін, ақшаны сеніп тапсырмауды сұранады.

Түркістандық тұрғынның ауласынан сора есірткісі тәркіленді

Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендер, тасымалдағандар мен сатқандарға қарсы іс-қимыл шаралар күшейтті. Облысқа қарасты барлық қала, аудандарда рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізуде. Мәселен Түркістан ҚПБ қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер азаматты ұстады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» тіркеліп қылмыстық іс қозғалды.

Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласындағы бау-бақшасынан сора өсімдігін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Сараптама тағайындалды.

Қорытындыға сәйкес алынған түптер 100 грамға жуық «сора» есірткісі болып шықты.

Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның сора есірткісін өзінің ауласында не себепті өсіргенін анықтауда.

Тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеміз.

АЛАТАУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҮСІНДІРУ ШАРАСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

 "Түркістан - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова Төлеби ауданына қарасты бірқатар ауылдарда болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бойынша түсіндіру шараларын жүргізді. Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл проблемаға бүкіл әлемде үлкен көңіл бөлінетіні кездейсоқ емес.

БҰҰ Бас хатшысы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық елдің даму процесіне апатты әсерін тигізеді, өйткені мектептерге, ауруханаларға және басқа да өмірлік маңызды мемлекеттік құрылымдарға арналған қаражат тиісті жерлерге жіберілудің орнына қылмыскерлердің немесе арам шенеуніктердің қолына түседі. Сыбайлас жемқорлық зорлық пен тұрақсыздықты арттырады. Бұл мемлекеттік институттар мен тұтастай үкіметтің көңілін қалдыруы, халықтың ашуын келтіруі және тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін» деген.Еске салсақ, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналға Жолдауға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жалғасатын болады. Негізгі міндеттер ретінде келесілер анықталды:

1) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясындағы мемлекеттік қызметшілердің халықпен тікелей байланысын азайту. Жалпы, 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электронды форматқа, ал 2020 жылы – кемінде 90% мемлекеттік қызметке ауыстырылуы керек;

2) өздеріне бағынысты адамдармен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін арттыру;

3) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлер» жобалары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруда астананың тәжірибесін тарату.

Сандарды сөйлетсек, Қазақстан жүйелі реформа­лардың арқасында 10 жылдың ішінде Сыбайлас жемқорлық­ты қабылдау индексіндегі жағ­дайын айтарлықтай жақсартып, 133-орыннан 94-орынға көтеріл­ді. Ал Халықаралық заң үстем­дігі индексінде біздің еліміз 128 мемлекеттің ішінде 62-орында тұр. Осы ретте бұдан 10 жыл бұрын аталған тізімде 74-орында болғанымызды айта кеткен жөн. Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа назар аударылғандығы, әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша парақорлықтың үлкен үлесі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен байланысты екенін де атап өтіп, халық арасында пара беру жолының азаймағандығы туралы кеңінен сөз қозғап, ерекше тоқталды. Студенттерге бопсалау немесе қандай да бір заңсыз төлемдерді ұсыну қажет болған жағдайда, еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке колл-орталықтың 1424 телефон нөмірі бойынша жүгініп, өзінің азаматтық борышын орындай алатындықтарын ескертті. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді.

 - Қоғамдық тәртіпке қайшы, адамдық ұстанымға жат бұл құбылысқа етіміз үйреніп кеткені соншалық, біз үшін бұл қатардағы жай құбылысқа айналып барады. Ашып айтсақ, бұл қылмыстың мәні, біріншіден, мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, оның экономикалық және әлеуметтік үдерістерін реттеудегі орнын төмендетеді, екіншіден, қоғамда жалпы қылмыстың орын алуына түрткі болады, үшіншіден, соның салдарынан адамның бойында билікке, билік өкілдеріне, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қабілетіне деген сенімді жоғалтады. Оған қарсы іс-қимыл жасау кез келген өркениетті ел үшін маңызды мәселелердің біріне айналып, мемлекет саясатының басым бағытын құрайтыны да сондықтан.«Пара беру, пара алу және параға делдал болу – жемқорлықтың өте кең тараған түрі. Заңға жүгінсек, пара алу – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеті не әрекетсiздiгi. Ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы. Пара беру де осы қатарда, заңның қасаң тілімен айтсақ: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамына жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру, парақорлыққа делдал болу, яғни, пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету қылмыстары санатына жатады. Заң бойынша барлық бекітілген және заңмен қорғалатын қоғамдық және шаруашылық қатынастар жемқорлық нысаны болып саналады. Осыған қарамастан, парақорлық тергеу жөнінен ашылуы қиын қылмыстардың біріне саналады. Өйткені, мұндай қылмыс, біріншіден, куәгерлер болмаған жағдайда жасалады. Екіншіден, барлық қылмысқа қатысушы тұлғалар (пара беруші, пара алушы және делдал) қылмыстың жасалуына және қылмыстық іздерді жасыруға барлық шараларды қолдануына мүдделі. Үшіншіден, олар дұрыс айғақтар бермей, істеген қылмысты мойнына алмаудың қамын істеп, тергеу амалдарын жүргізу барысында өзара кепіл шеңберін құрып үлгереді. Төртіншіден, парақорлық жағдайлары мәдени-этикалық саламызда да кездесіп қалатынын жасырмауымыз қажет. Пара алу мен жемқорлықты сөз қылғанда, оның ұлтымыз үшін өте нәзік тұстары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені ол төл менталитетімізбен тікелей астасып жатыр»,-деді жиналғандар.

Соның ішінде, Алатау ауылдық округінде арнайы болған Н.Абуова елдің бәсекелестік қабілетін бәсеңдетуге қауқарлы індеттің салдары мен зардабын баса атап өтіп, жемқорлыққа қарсы күрестегі соңғы жаңашылдықтарды ортаға салды. Жиын соңында қойылған сауалдарға жауап беріліп, Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.

 

ТҮРКІСТАН: «ДІН ЖӘНЕ ОНЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ»

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бірнеше бағытта жұмыс атқарады. Соның бірі дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Облыс жер көлемі жағынан аса үлкен болмаса да, халқының тығыз шоғырлануы тұрғысынан Республикадағы көшбасшы аймақтардың бірі. Халқы – еңбекқор, қонақжай, пейілі дархан. Тұрғындармен кездесу форматы да әртүрлі болып келетін кезеңдерде біз барлық әлеуметтік топтарды мейілінше қамтып, дұрыс ақпараттармен қамтамасыз етіп келеміз. Осындай ашық форматтағы кездесулерде жастар, жұмысшы қызметкерлер, ауыл тұрғындары тарапынан түрлі сұрақтар қойылып жатады. Соның бірі халқымыздың санына шаққандағы елімізде тіркелген діни бірлестіктердің көптігі де тілге тиек етіліп жатады. Кейбір тұрғындар әрбір діни бірлестікті жеке-жеке дін деп түсінуінің салдарынан осындай мәселелер ортаға шығып жатады.

Ресми деректерге сәйкес, қазіргі таңда еліміздің аумағында әрекет ететін 18 конфессияға тиесілі 3853 діни бірлестік бар. Діни бірлестік дегеніміз ол дін емес. Әуелі осының ара-жігін ажыратып алсақ. 2011 жылдың қазан айында қабылданған қазіргі қолданыстағы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 1-бабы, 1-1)-тармақшасына сәйкес «діни бірлестік» ұғымына мынандай анықтама беріледі: «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі».

Ал дінге қатысты бірнеше анықтама беруге болады. Дінге теологиялық, философиялық, психологиялық, әлеуметтанулық, моральдық және т.б. тұрғыдан анықтамалар беріледі. Жалпылама айтқанда дін – адам мен мінсіз болмыстың (Алланың, Жаратушының) табиғи байланысы туралы сана. Ал, әрбір адамның санасы әртүрлі болуынан дін туралы түсініктің әралуан болуы заңдылық. Сондықтан да, дін туралы анықтаманың түрлері де көп.

Діндердің классификациясы жайлы түрлі көзқарастар мен теориялар бар. Дін бойынша жасалған классификацияларда, діннің өзін негізге алып жасалған сұрыптауды жүзеге асырған адамдарда дінді түсінуге тырысулары басым екенін көреміз. Мысалы, өткен ғасырда өзінің әсерін барлық салаларда кеңінен таратқан, дискурс ретінде сезіндірген, позитивистік парадигманы эволюциялық түсінуіне сәйкес діндердің типологиясын құруға тырысылды. Осыған байланысты діндер екі негізгі топқа біріктірілді: «Алғашқы қауымдық» және «дамыған діндер». Діннің артта қалғандығы мен дамығандығы тиісті дінге жататын адамдардың әлеуметтік-мәдени өмірі арқылы анықталды.

Екінші жағынан, діннің өзіне бағытталған классификация да өзгеше болды. Мысалы, әрбір діни қайраткер өзінің сенімдері мен құндылықтарын ортаға қою арқылы дінді классификациялауға тырысты. Осыған байланысты ол өзінің сенімін шынайы және дұрыс дін немесе жалғыз дін, ал басқа сенім жүйелері жалған діндер ретінде анықтады. Діндерің ақиқатты түсіну тұрғысынан жасалған жіктеулер үлкен проблемалар туғызады.

Дінді діни көзқараспен өз ішінен жасаған классификацияларда діннің дұрыс-бұрыстығы немесе хақ-батылдығы көбірек айтылады. Екінші жағынан, діндерді әр түрлі ерекшеліктерін ескере отырып жіктеуге болады, мысалы, уахидің бүкіл әлем үшін келгендігі, Құдай түсінігі, уахи дәстүріне жер беріп бермегендігі, орталық ұғымы мен құндылықтары, тірі дәстүр қатарына кіріп кірместігі немесе географиялық аймақтары сияқты түрлі қырларына орай классификациялау тәсілі де бар.

Құдайды білу және түсіну тұрғысынан агностикалық және гностикалық діндер, сондай-ақ сенілген тәңірдің әлем және адаммен байланысы тұрғысынан пантеистік, деистік діндер сияқты кейбір жіктеулер зерттелінеді.

Діннің ең алғашқы пайда болған кезеңін алғашқы қауымдық діндер деп атайды. Ондай діндерге тотемизм, шаманизм, анимизм және фетишизм жатады. Қазіргі таңда бұл діндердің қоғам арасында сарқыншақтары сақталғаны болмаса адамдар мұндай діндерді толығымен ұстанбайды.

Дінді таралу кеңістігіне қарай әлемдік және ұлттық діндер деп жіктейді. Әлемдік діндерге буддизм, христиан және ислам жатады. Ал, ұлттық діндерге тек бір ғана ұлт ұстанатын діндерді жатқызамыз. Оларға қытайлық конфуцийшілдік, даоцизм, яһудилердің иудизм, үнділердің индуизм, жапониялық синтоизм секілді діндерін жатқызамыз.

Ал, оны ислам тарихшылары хақ немесе батыл діндер деп бөледі. Хақ дін деп елшілер арқылы жіберілген, киелі жазбалар мен кітаптар түсірілген діндер болса, батыл дін деп адамдар тарапынан ойлап табылған, киелі кітап түсірілмеген, пайғамбар жеткізбеген діндерді атайды.

Мақаланың қорытындысын басқа арнаға бұрғым келеді. Мұндағы айтпағымыз дін қасиетті ұғым. Бірақ сол киелілікті пайдаланып бөлмесек, бөліспесек, адаспасақ және адастырмасақ.

Қорыта айтқанда Ш.Құдайбердіұлының мына бір өлең шумақтары дінді дұрыс түсінуга бастайтындай.

Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,

Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,

Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.

Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,

Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар...

Бір қарағанда адамды діннен сақтандырардай көрінген өлең жолдары діннің ақиқатын таразылауға жол сілтеп тұрғандай.