Түлкібас: 230-ға жуық құқық бұзушылық анықтап, 9 автокөлік айыптұраққа қойылды

Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысы аумағында биылғы жылы 19 шілде мен 18 тамыз аралығында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы басты мақсат - жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, облыс жолдарында апаттылықты төмендету болып табылады. Іс-шара барысында қозғалыс қауіпсіздігі үшін автожолдардың апатты-қауіпті учаскелері мен жөндеу жұмыстары орындары да қосымша тексеріледі.

Патрульдік полицияның мақсаты – жол көлік оқиғаларының негізгі себептерінің алдын алу. Сонымен қатар жылдамдық режимін бұзу, басып озу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, мас күйінде көлікті басқару және тағы басқа құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі.

Осыған орай Түлкібас АПБ қызметкерлері күні-түні тыңғылықты жұмыстар атқаруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алып, көлік қозғалысын реттеу үшін арнайы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде түлкібастық полицейлер 4 күн ішінде 230-ға жуық құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік шара көрді.

Атап айтсақ, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы " Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау" - 73, 590-бабы "Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу"-22, 591-бабы "Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы" -23 және 595-бабы" Маневр жасау қағидаларын бұзу" бойынша 7 хаттама толтырылды. Сондай-ақ 9 автокөлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері барша көлік басқару құқығына ие азаматтарға құқық бұзушылыққа бармай, өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін жолда жүру ережелерін қатаң сақтап жүру керектігін ескертеді.

Қазығұрт: Мал ұрлап, қасапшыларға өткізгендер ұсталды

Қазығұрт АПБ-ға бірнеше жәбірленушілер арызданған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз біреулер олардың қора-жайларынан, жайылымдардан 10 бас ірі-қара малы мен 5 бас жылқысын қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 миллионға жуық теңгені құрады.

Орын алған қылмыстың ауырлығын ескерген Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Арнайы топ мал ұрлаушыларды ұстау мен қылмысты ашуға бағыт алды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауылдықтардан сұрастырды. Мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты. Нәтижесінде жедел уәкілдер екі ер азаматтың ізіне түсті. Оларды жергілікті мекенжайынан ұстады.

Белгілі болғандай, күдікті екеу өрістен қайтып келе жатқан, жайылымда жүрген малдарды ұрлап, өз арам ойларын жүзеге асырған. Бөтеннің малын жасырып отырған. Содан үй жануарларын ет соятын қасаптарға сатып жіберген. Қазіргі таңда күдікті 2-еу қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Малыңыз ұрланған немесе жоғалған жағдайда, өз бетіңізше іздеуге уақыт жоғалтпай, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Түркістандық полицейлер көлігінде 2 бірдей тапанша сақтаған азаматты анықтады

Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті көше бойын патрульдеу барысында, бір автокөлік күдік тудырады.

Полицейлер тексеру кезінде көліктің артқы бөлігіндегі қолсөмкенің ішінен «Макаров» тапаншасы мен оқ дәрілер, сондай-ақ сигналдық тапаншаны табады. Тәртіп сақшылары жүргізушіден айғақты зат ретінде қаруларды тәркілеп алып, ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Күнделікті жүргізілетін мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар түрлі қылмыстардың төмендеуіне септігін тигізеді. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі де өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.

Түркістан: Полицейлер 5 тәулікте 5700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады

Түркістан облысы аумағында 1 ай мерзімге жоспарланған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде. Полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды шараларды іске асыруда. Тәртіп сақшылары бірінші кезекте тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілігін қарастыруда.

Іс-шараның бес тәулігінде Түркістан облысының полицейлерімен 5786 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең көп орын алған құқық бұзушылық қатарында, қауіпсіздік белдігін тақпау. Бұл бойынша 1186 жайты анықталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден кесіп өткені бойынша 1100 дерек белгілі болды.

Көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданудың 527 жайтына хаттама толтырылды. Техникалық байқаудан өтпеудің 362 жайты анықталды. Маневр жасау ережесін бұзған 220 жүргізуші жауапқа тартылды. Ал жылдамдықты шамадан тыс асырған 184 жүргізуші әкімшілік айыппұл арқалады. Заңсыз қайта жабдықтау бойынша 62 дерек анықталып, ішімдік ішіп көлік тізгіндеудің 32 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар қоғамдық көлік жүргізушілерімен 5 тәулікте 143 құқық бұзушылық анықталды. Мысалы Қызылорда-Шымкент бағыты бойында «VAN HOOL 917» маркалы көлік тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігімен хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережесін сақтауды қатаң ескертеді. Сіздің бір қателігіңіз өз өміріңізбен қатар, өзгенің де өмірін жалмауы мүмкін екенін естен шығармаңыз!

Кентаулық полицейлер мас халде көлік тізгіндеген жігітті анықтады

Кентау ҚПБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері патрульдеу жұмыстарын атқару кезінде, жол бойында төбелесіп жатқан жүргізушілерді байқап, бірден мән-жайды анықтау үшін олардың жандарына барады. Содан бір-біріне күш қолданып жатқандарды ажыратып үлгереді.

Осы сәтте "Alphart" маркалы көлік жүргізушісі «Hyundai» жүргізушісінің үстінен арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, ол өзінің "Alphart" көлігімен келе жатып, абайсызда жол шетінде тұрған орта жастағы әйелді қағып кетейін деп қалады. Осы сәтте соңындағы көліктен әйелдің күйеуі шығып, оның тарапына қатысты түрлі балағат сөздер айтып, соққыға жыға бастайды.

Осылайша екеуінің арасында түсінбеушілік орнап, соңы үлкен дауға ұласады. «Hyundai» жүргізушісі ұрып-соққанымен қоймай, жәбірленушінің көлігінің терезесін сындырып, 200 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Мән-жайға қаныққан полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркеуге алды. Жүргізушілердің құжаттарын тексеру кезінде «Hyundai» жүргізушінің мас халде екеніне күмән келтіріліп, оның спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны расталды. Оған қоса автокөлік иесі бұдан алдын жүргізу куәлігінен айырылғаны белгілі болды.

Осыған сәйкес «Hyundai» жүргізушісіне, яғни бұзақылық жасап, онымен қоймай мас күйде көлік тізгіндеген жас жігітке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді және жол қозғалысының өзге де қатысушыларын туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер де, сіз, осындай оқиғалардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

КЕЛЕСТЕ АУЛАСЫНА СОРА ЕГІП, ЕСІРТКІ САҚТАҒАН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында рейд жүргізіп, есірткі заттарын жойды. Толығырақ айтар болсақ, учаскелік полиция инспекторларымен жүргізілген тексеру кезінде жергілікті тұрғынның ауласында ірі мөлшерде есірткіге ұқсас зат өсіретіндігі анықталып, 102-ге хабарланады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша тіркеуге алынып, полицейлер оқиға орнына шықты.

Күдікті тұрғынның ауласына тінту жүргізген полицейлер, 19 түп күтіп-баптап өсірілген есірткі затына ұқсас өсімдік пен кептірілген жайылып есірткі секілді ұнтақ тапты. Сондай-ақ есірткі қолдануға арналған арнайы бөтелкеден қолдан жасалған құрал тәркіленіп алынды. Алынған заттарға сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысымен өсімдік түптері 3,5 келіге жуық сора, ал кептірілгені «марихуана» болып шықты.

Сұрастыру барысында тұрғын есірткі заттарын өзі қолдану мақсатында өсіргенін мойындады. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» мен ҚК 296-бабына «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» сәйкес тергеу әрекеттері жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері заңмен тыйым салынған есірткі заттарын қолдану, сақтау, оны сатудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Түркістан облысында пара алған мектеп директорына үкім шықты

Ағымдағы жылғы 21 шілдеде Түркістан облысы Түлкібас аудандық соты Түлкібас ауданындағы Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры Ақмарал Айсадыковаға қатысты айыптау үкімін шығарды.

Сот үкімімен оған 6 млн. теңге айыппұл төлеу жазасы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салумен тағайындалды.

А.Айсадыкова ағылшын тілі мұғалімінен жұмысқа орналастыру және жалпы қамқорлығы үшін 200 000 теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

САЙРАМ: ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Сайрамдық сақшылар арбат аумағына рейд жүргізіп, 6 жүргізушіні жауапқа тартты

Сайрам АПБ полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын аймақтарда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейдтік-профилактикалық шара ұйымдастырды. Әсіресе Ақсукент ауылы Абылайхан көшесінде орналасқан Арбат демалыс аймағы жанында қауіпсіздікті қадағалады.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін орнатылған «сағат 20:00 - 06:00 аралығында көліктердің жүруіне тыйым салынады» деген жол белгісі мен шлагбаумға қарамай, арбатқа кіріп, жол ережесін бұзғандарды анықтады. Бұл жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабымен «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» 6 хаттама толтырылды.

Сондықтан полицейлер көлік тізгіндегенде жол бойына, көшелерге орнатылған барлық жол белгілеріне назар аударуды, жол қозғалысы ережесін сақтауды қатаң ескертеді.