Сейсенбі, 15 Қараша 2022 23:32

Түркістан облысының полицейлері автокөлік ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады

Түлкібас аудандық полиция бөліміне аудан тұрғыны құны 350 мың теңге болатын "ВАЗ" маркалы автокөлігінің ұрланғаны бойынша арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, танысы таңғы сағат 5:30 шамасында оның көлігін заңсыз айдап кетіп, белгісіз бағытқа жасырынған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас ауданының учаскелік полиция инспекторлары автокөлікті ұрлады деген күдікпен бұрын сотталған, жергілікті тұрғынды анықтады.

Белгілі болғандай, күдікті сол сәтте мас болған. Содан жеке тасымалдаумен айналысатын танысының көлігін күшпен тартып алып, қашып кеткен.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы "Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

ҚР Қылмыстық Кодексi 200-бабында «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу»:1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) – 
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) бiрнеше рет; 
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекет – 
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не iрi залал келтiрген іс-әрекеттер – 
бес жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған іс-әрекеттер – 
алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

Оқылды 417 рет