Сейсенбі, 08 Қараша 2022 21:00

Түркістан облысында қарсы бағытқа шығып, авариялық жағдай туғызған жүргізуші жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында, рейдтік-профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Оның ішінде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта жүргізілген кезекті қызмет барысында, «Телеграмм» арнасынан Сарыағаш ауданы «DAEWOO NEXIA» маркалы автокөлігінің жолдың қақ ортасында қарсы қозғалыс жолағына шығып, өзге көліктерге кедергі келтіріп бара жатқан бейнежазбасын анықтады. Орын алған құқық бұзушылықты жасаған жүргізушіні табу мақсатында сарыағаштық тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көлік жүргізушісі Сарыағаш ауданының тұрғыны, жас жігіт болып шықты.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 2-бөлігі (жолдың қарсы бағытына шығу) мен ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі (авариялық жағдай туғызу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа қойылды.

Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 596-бапта «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу»:

1. Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

3. Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына , оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу – 

алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. 

4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 

отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

5. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет – 

елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады
делінсе,Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 606-бапта «Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы»

1. Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы – 

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – 

алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады деп жазылған.


Оқылды 315 рет