Полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас халдегі «Зил» жүк көлігінің жүргізушісін анықтады.
Төлеби аудандық полиция бөліміне түнгі сағат 00:40 шамасында Мәдени ауылы көшелерінің бірінде жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы шықты. Полицейлер тексеру барысында жанармай құю бекетінің алдында «Зил» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі «Volrswagen touareg» көлігімен соқтығысып, жол апаты орын алғанын анықтады. Жүргізушілердің құжаттарын тексеру кезінде «Зил» жүргізушінің мас күйіне күмән келтірген полицейлер, оны медициналық сараптамадан өткізді.
Нәтижесінде жергілікті тұрғын егде жастағы ер адамның «орта дәрежелі» мас халде екені анықталды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен тіркеуге алып, жинақталған іс құжаттарын сотқа жолдады. Ал Төлеби аудандық соты жүргізушіні кінәлі деп танып, 20 тәулік әкімшілік қамаққа және жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды.
Сондай-ақ Леңгір қаласында да мас жүргізіші анықталды. Нақтырақ айтсақ, қала көшелерінің бірінде жүргізуші куәлігі жоқ жас жігіт «ВАЗ 21074» маркалы автокөлікпен «Тойота Камри» көлігін соққан.
Оқиға орнына шыққан полицейлер «ВАЗ 21074» көлігінің жүргізушісі мас екенін анықтады. Нәтижесінде Төлеби аудандық сотымен жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 тәулікке қамауға алынды.
Жалпы жол апаттарының алдын алу, болдырмау мақсатында төлебилік тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет етуде. Мәселен жыл басынан бері ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 39 жүргізуші анықталған. Аталмыш жүргізушілердің 38-і әкімшілік қамауға алынып, тиісті жауапкершілігі қаралған. Біле жүріңіз! 608-бап. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру: 1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер –жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған.