Түлкібас аудандық полиция бөліміне ойынхана қызметкерінен арыз келіп түсті. Оның айтуынша, таңғы уақытта жұмысшы қыздар ұйықтап жатқанда, белгісіз біреу кассадағы 1 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырып кеткен. Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР КҚ-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарламаны алысымен түлкібастық тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру шараларына кірісіп кетті. Көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Жан-жақты атқарылған іс-шаралар нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан санаулы сағаттарда ұсталды. Күдікті ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, жауап алынды.
Анықталғандай, күдікті осы ойынхананың тұрақты келушісі болған. Ұрлық болған күні ол ойынханада болған. Содан таңғы сағат 06:30 шамасында кассада отыратын қыздардың ұйықтағанын пайдаланып, ірі көлемдегі қаражатты жымқырып кеткен. Оңай жолмен келген ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда полицейлер ұрлық қылмысы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Сонымен қатар ойынхана қызметінің заңдылығын тексеру бағытында кешенді іс-шаралар атқаруда. Айта кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.
1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық –
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
1) ірi мөлшерде;
2) бірнеше рет:
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық –
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Мынадай:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) мұнай-газ құбырынан;
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық –
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.