Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 14:20

Түркістан: «Ауыл аманаты» жобасымен биыл 2640 жоба қаржыландырылады

«Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен жиын өткізді. Облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талдап, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі - жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.

– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.

– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты - ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, - деді өз баяндамасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі - 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.

Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3220 несие алушыны қаржыландырып, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 соңғы несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, белгіленген жоспар 103 пайызға орындалған.

Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, несие қаражатын мақсатты жұмсамаған несие алушыларға кемшіліктерді жою үшін қосымша 1 ай мерзім берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған 6 несие алушының іс-әрекеті несие комитетінде қаралып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.Биыл 62 ауылдық округ жобаға қатысып, 62 коператив құрылады. Нәтижесінде 2640 жоба жүзеге асырылып, 4416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланғаны тағы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Төлеби ауданында да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып жатқан жеке шаруалар қатары күн санап артып келеді. Ауыл түрғындары мемлекеттің қолдауын пайдаланып, кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алған. Мәселен, Зертас елді мекенінің тұрғыны, бүгінде жеке кәсіпкер атанған азамат жаңа мүмкіндікті пайдаланып, қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамытпақ ниетте. Сонымен қатар алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді де жоспарлап отыр.

Ал Көксәйек елді мекеніндегі жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мал бордақылау ісін ұлғайтуды қолға алған. 7,5 миллион теңге несие алып, Жамбыл облысынан 22 бас ірі қара сатып алған ол алдағы уақытта қосымша жылқы бордақылауды жоспарлауда екен. Біреу білер, біреу білмес, Төлеби ауданында ағаш аралас көмір брикеттерін шығаратын цех ашылған. Мұндағы жеке кәсіпкер де жаңа бағдарламаның көмегімен кәсібін ұлғайтпаққа бел буған. Айтуынша, экологиялық тұрғыда тиімді тауардан түсетін табыс та жоғары көрінеді.

Көңіл бөлер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба Түркістан өңірі үшін өте-мөте маңызды екені аян. Себебі, облыс тұрғындарының негізгі бөлігі ауылдық елдімекендерде өмір сүріп жатыр. Ал «Ауыл аманаты» осы орайда ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Сол себепті барлық ауыл тұрғындарын республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырған болар едік.

Жалпы, облыс басшысы Дархан Сатыбалды аудан-қалаларды аралау барысында несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіріп-ақ келеді. Өйткені Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 264 рет