Шымкент: «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы бойынша дәріс өтті

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі осылай хабарлайды.

Қаратау аудандық полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының инспекторлары «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» тақырыбында білім ұяларында сабақ өтіп, оқушылардың жол қауіпсіздігі бойынша сауаттарын арттыруға атсалысып жатыр.

Мәселен, Ювеналды полиция тобының инспекторы Н.Құрамысов №108 мектептің бастауыш сынып оқушыларына арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сабақ барысында көрнекіліктер пайдаланып, бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережесін егжей-тегжейлі таныстырылды.

«Әрбір баланың мектептен тыс жерде жүргенде жол ережесін сақтау өте маңызды. Осы ретте, балаларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді полиция майоры.

Айта өтетін ақпарат, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде қолға алынған. Аталған іс шара Шымкент қаласының аудан аумақтарындағы мектеп оқушыларын қатыстыра отырып, түрлі сабақтар өткізу арқылы жүзеге асады. Танымдық-тәрбиелік акция ағымдағы жылдың 10-сәуіріне дейін жалғасын таппақ.

Шымкент: 27 мың гектар жер егістік мақсатқа пайдаланылады

Көктем Оңтүстікке ерте келді. Егістік алаңқайларында жұмыс қызған. Осыған байланысты Шымкент қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасы көктемгі дала жұмыстарының барысы жөнінде БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

Биыл қала маңындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы 27 мың гектар жер егістік мақсатқа пайдаланылады. Бүгінде оның 6,2 мың гектарына күздік дақыл, 13,7 гектарына көктемгі дақыл тұқымдары себілді. Сәуірден бастап көкөніс және бақша тұқымы егіле бастайды.

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанға дейін ауыл шаруашылығы бағытында 60 мың гектар жер болған. Оның 20 мың гектары мал шаруашылығына арналса, 40 мың гектары егістік жерлер еді. Егістіктің 10 мың гектары суармалы жер, қалғаны тәлімдік егістік алқабы. Жылдан жылға қала аумағының кеңейіп, әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің қысқаруына әкеліп отыр. Өткен жылы 30 мың гектардан өнім жиналса, биыл 27 мың гектарға тұқым себіледі. Қазірге дейін 19,9 мың гектарға дәнді-дақылдар, майлы дақылдар және мал азықтық дақылдары себілді, - деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілі Жәнібек Тоғай.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда егін шаруашылығы үшін мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143,2 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 122 млн. теңгеден астамы минералды тыңайтқыштың құнын субсидиялауға, ал тұқым шаруашылығын дамытуға 20,4 млн, пестицидтердің, биоагенттерді сатып алуға 6 млн теңге қаралған екен.

Қожалығымызда 3 мың гектар жер бар. Биыл осы жерлерді толық игеріп, 400 гектарына арпа, 600-ге жуық гектарға мақсары, 150 гектарына жоңышқа, қалған жерге бидай тұқымдары себілді. Жеріміз тәлімді болғандықтан егіннің бітік болуы көктемгі жауынға байланысты. Қазір бидайға көктемгі тырма салынуда. Ауыл шаруашылығына қажетті мемлекеттік қолдаудың барлығын алып жатырмыз. Жылына осы жерге 200 тонна дизель отыны жұмсалады. Бүгінге дейін көктемгі дала жұмыстары үшін 10 тонна жанармайды жеңілдетілген бағада алдық. Алайда, мемлекеттен берілетін қолдауға өз уақытынан кеш қол жеткіздік. Қажетті жанар-жағармай уақытында берілсе құба-құп болар еді,- дейді «АгроСервис БМБ» шаруа қожалығының құрылтайшысы Манасбай Бекбауов.

Шымкентте 3500-ге жуық шаруа қожалық бар. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарымен 100-ден аса қожалық айналысып жатыр. Егіс алқабындағы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағада 1000 тонна жанармай қаралған. Қазіргі уақытта 310 тонна дизель отыны шаруаларға үлестірілген.

 

Шымкентте биыл «Халық қатысатын бюджет» аясында 34 аулаға ойын және спорт алаңшасы орнатылады

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Шымкент қаласының тұрғындарына аулалар мен көпқабатты үй маңындағы аумақтарды дамытуға және абаттандыруға тікелей араласауына мүмкіндік береді.

Өткен жылы Қаратау ауданында осы бағдарлама шеңберінде 26 жоба бойынша аулалар абаттандырылып, ойын алаңшалары орнатылған. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жаңадан балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылады. Бұл жөнінде Қаратау ауданы әкімдігі хабарлады.

Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта 2023 жылы 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Оның ішінде, Тұран шағынауданында - 2, Нұртаста - 2, Таскен тұрғын алабында -2, Өтеміс тұрғын алабында – 2 және Шапырашты тұрғын алабына - 1 спорт алаңы салынады.

Спорт алаңдарында жаттығуға арналған Workout элементтерімен бірге, демалушыларға арналған беседка, қоқыс жәшіктері және орындықтар қойылады. Мұндай бастама тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, орнатылатын ойын және спорт элементтерінің басым бөлігі Шымкенттегі кәсіпорындарда өндірілген отандық өнімдер.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін «Жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 2020 жылғы 12 наурыздағы № 254 бұйрығы қабылданды, онда халықтық қатысу бюджетін жүргізу рәсімдері айқындалған еді.

Шымкентте 14,34 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды

Елімізде жайылымның жетіспеуі – ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе. Осыған орай Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жерлерге кешенді мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы және құзырлы органдар бірлескен жұмыс тобы мониторинг жүргізіп, нәтижесінде бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, Ынтымақ шағын ауданы аумағынан 15,73 га. және 24,15 га. бос жер учаскесі Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделді.

Сондай-ақ, Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес 6 жер учаскесін (жалпы алаңы 1,875 га) мемлекеттік меншікке алу шешімі шыққан. Осы шешім негізінде игерілмеген бос жерлер мемлекетке қайтарылды. Бұдан бөлек, Шымкент қалалық жер комиссиясында анықталғандай 9 жер учаскесінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бүгінде жалпы алаңы 14,34 гектар жерді басқармаға рәсімдеу жұмыстары әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, арнайы құрылған жұмыс тобының мониторинг жұмыстары жалғасады. Бұл бағыт бойынша бос жер телімдері анықталған жағдайда мемлекет теңгеріміне алынады.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы түйінді мәселені шешу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің біраз өңірін аралап, пайдаланылмай бос жатқан жерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып келеді.

 

Шымкент: Экспорт 14,8 пайызға өсті

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен екі жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскен. Ал, импорт 1 миллиард 739,7 миллион АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға өсіпті.

Жалпы, бүгінгі таңда Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібі секторында 54 кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді. Шымкент қаласынан экспортталған өнімдердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Түркия, Қытай елдеріне жол тартқан.

Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өнімдерін экспортқа жылжыту мақсатында басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2022 жылдың сәуірінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып экспорт жөніндегі өңірлік кеңес өткен. Кеңес барысында қала экспортын дамытуға тосқауыл болатын кедергілер мен шектеулерді жою мәселесі қаралған. Экспорттаушы кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті.

Нәтижесінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ы шымкенттік 19 компанияның 32 өтінімін мақұлдаған. Отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жеткізу шығындарының бір бөлігін өтеуге 559,6 миллион теңге субсидия берілген. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың арасында «Бал Текстиль», «Шымкентмай», «Asia Trafo», «Стандарт Цемент» секілді танымал компаниялар бар.

Ал, «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» шымкенттік 3 компанияның 5,4 млрд. теңгелік 4 өтінімін мақұлдаған. Олар: «Шымкентмай» акционерлік қоғамы мен «AIIG KAZAKHSTAN», «Sweet ldeas-KZ» серіктестіктері.

 

Шымкент: Жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 300-ге жуық жүргізуші анықталды

 

Жол көлік оқиғасы, ондағы жол апаттары өздігінен орын алмайды, тиісті ережелердің қандайда бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осындай әрбір оқыс жайтта - адамдардың өмірі, тағдыры мен денсаулығы тұрады.

Жол апатына ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын деректердің дені - автокөлікті аса жылдамдықпен басқарудан бөлек, рөлге мас халде отырған жүргізушілердің іс-әрекеті және оның салдарынан туындайды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында үш айда 280 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.

Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас халде екендіктері белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алды.

Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Айта өтетін ақпарат, масаң күйде көлік басқарудың салдары – қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.

Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

5 G-Шымкентте!

Интернеттің бесінші деңгейі ұстайтын орын Tele2 (Altel) операторының барлық абоненттеріне қолжетімді.


«Көктемгі жаңарту қарсаңында өз абоненттеріне интернетті 5G технологиясында пайдалануға мүмкіндік беру міндеті тұрды»,- деп хабарлайды Tele2.

Сондықтан Алматы, Шымкент және Түркістандағы 5G деңгейлі орындар қосылды. Осылайша, оператор Қазақстан қалаларын жаңа буын желісіне жоспарлы түрде қосуды жалғастыруда.

Шымкентте алғашқы қарлығаш "Береке" БО базалық 5G станциясы болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың соңында оператор жаңа буын технологиясын іске қосу үшін тест режимінде жиіліктерді пайдалануға рұқсат алды. 5G іске қосудың маңыздылығын түсіне отырып, оператор бір жыл ішінде технологияны сынап көрді, бес пайдаланушы аймағын іске қосты және қажетті техникалық ақпаратты жинады. Сонымен қатар, көрсеткіштер шынымен де әсерлі болды: деректерді беру жылдамдығы секундына 1,2 гигабитке жетті, ал тұрақты пайдалану режиміндегі орташа жылдамдық орташа әлемдік көрсеткіштерден асып түсті. Ал бір жылдан кейін консорциум құрамындағы оператор 5G дамыту үшін тарихи жиілік аукционын жеңіп алды.

Жақын арада оператор бесінші буын технологиясымен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында көптеген жаңа орындарды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 5G базалық станцияларының үлкен құрылысынан басқа, оператор LTE желісін, оның ішінде елдің шалғайдағы елді мекендерінде дамыту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына - 40 жыл

27 наурыз- Халыаралық театр күні. Бұл күні Шымкенттегі қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры да өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда театр ұжымы «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқау жариялаған болатын. Бір жылға созылған байқау биыл қорытындыланды.

500-ден астам дарынды бала қатысқан «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды да талантты балақайлар қатысқан.

Еске салсақ, өткен жылы дәл осы уақытта Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық сурет байқауын ұйымдастырған болатын. Бүгін аталған байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Биыл – өнер ордасының 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, өткен жылы мектеп оқушылары арасында «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сурет байқауы басталып, биыл кәсіби мерекемізде қорытындыладық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – сурет әлемі арқылы өскелең ұрпақтың театр өнеріне деген махаббатын ояту. Өнер сайысына Қазақстанның сегіз облысы мен 16 қаласынан жас суретшілер қатысты, - деді театр басшысы.

Жас қылқалам шеберлерінің туындыларына арқау болған суреттер – Шымкент қалалық қуыршақ театрының 40 жылда сахналаған ертегі кейіпкерлері. Жас суретшілердің ішінен дарындыларды таңдау оңай болмады. Кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасының шешімімен І орынға Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі лайық деп танылды. Оларға «Шымкентке кел!» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталды (Жеңімпаздар Шымкент қаласының 40-қа жуық тарихи орындарына 3 күн тегін саяхаттайды.

ІІ орынды Орал қаласы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебі иеленді (Жеңімпаздарға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталды. Осы сертификатпен бір жылдың ішінде кез келген қойылымды тамашалайды).

ІІІ орын Кентау балалар көркемсурет мектебіне бұйырды (жеңімпаздарға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталды. Олар әр айда қалаған бір ертегіні тамашалайды).

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, олардың өнері дүйім жұрт тамсандырды.

 

Шымкент 8 елдің 10 қаласымен бауырластық қарым-қатынаста

Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы бүгінде 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілгерілету, үшінші бағыт – сыртқы байланыстар және ең соңғысы – креативті индустрия.

Шымкент 8 елдің 10 қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Олар: Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенэйдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гросетто, Эскишехир және Адана қалалары. Бұл қалалармен бауырластық Шымкенттің іскерлік әлеуетінің артуына да зор септігін тигізіп отыр. Қазіргі таңда Қытай елінің Сиань қаласымен ынтымақтастықты нығайтып, бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сиань қаласы – Шэньси провинциясының астанасы. Ол географиялық жағынан Қытайдың орталығында орналасқан. 2020 жылғы санақ бойынша халқының саны 12,95 миллион адам болған. Қаланың жалпы ішкі өнімі жыл сайын 5,2% өсіммен 150 миллиард доллардан асқан. Осындай экономикасы дамыған қалалармен бауырластық қатынас орнату өз кезегінде экономиканың түрлі салаларында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Шымқаланың туристік әлеуетін насихаттап, шаһар экономикасына көбірек инвестиция тарту үшін биыл бірнеше елдерде роуд-шоу ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жуырда еліміздегі Татарстан Республикасының өкілетті өкілімен, Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы және Түркия елінің инвесторларымен кездесу ұйымдастырылды.

Шымкентте биыл 250 жаңа аялдама орнатылады

Шымкент қаласының орталық көшелеріне ағымдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа 250 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр.

Жаңа типтегі шыны барлық аялдамалар жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.

Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы - сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны бар, қалғаны аялдама белгілері орнатылған.

Айта кету керек, 2025 жылға дейін 1050 жаңа үлгідегі аялдама қала көшелеріне орнатылады деген жоспар бар.2020 жылы қала аумағында 260 дана жаңа аялдама павильондары орнатылыпты.

Атап айтқанда, Абай ауданында - 70, Әл-Фараби ауданында - 70, Қаратау ауданында - 70, Еңбекші ауданында - 50 дана жаңа аялдама қойылған. Ал 145 ескі аялдаманы демонтаж жасап, қала сыртында орналасқан елді мекендерге орнатқан.2021 жылы 260 аялдама орнатылса, 2022 жылы 150 орын жаңа павильонмен қамтылды. Кейінгі жылдары да 300 аялдамадан кем емес орнатылатын болады. Осылайша жаңа үлгідегі аялдамалар үлесі 83,2 пайызға жетеді дейді мамандар. Шалғай елді мекендерге орталық көшеден босаған аялдаманы демонтаж жасап, қайта орнату жоспарлануда.