Шымкент қаласының орталық көшелеріне ағымдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа 250 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр.
Жаңа типтегі шыны барлық аялдамалар жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.
Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы - сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны бар, қалғаны аялдама белгілері орнатылған.
Айта кету керек, 2025 жылға дейін 1050 жаңа үлгідегі аялдама қала көшелеріне орнатылады деген жоспар бар.2020 жылы қала аумағында 260 дана жаңа аялдама павильондары орнатылыпты.
Атап айтқанда, Абай ауданында - 70, Әл-Фараби ауданында - 70, Қаратау ауданында - 70, Еңбекші ауданында - 50 дана жаңа аялдама қойылған. Ал 145 ескі аялдаманы демонтаж жасап, қала сыртында орналасқан елді мекендерге орнатқан.2021 жылы 260 аялдама орнатылса, 2022 жылы 150 орын жаңа павильонмен қамтылды. Кейінгі жылдары да 300 аялдамадан кем емес орнатылатын болады. Осылайша жаңа үлгідегі аялдамалар үлесі 83,2 пайызға жетеді дейді мамандар. Шалғай елді мекендерге орталық көшеден босаған аялдаманы демонтаж жасап, қайта орнату жоспарлануда.