Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 25 мектеп салынбақ

Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізіледі. Аталмыш пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни, Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.

«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.

«Жайлы мектепте» қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған. Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар, түрлі алаңдар жабдықталмақ, - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкинг аймағы болады. Ал, әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге (тігінші, аспаз, ұста) арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алып, машығын шыңдауға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған қатынайтын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, тротуар, орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешілмек.

Шымкентте Еліміздегі «Үздік киіз үй» анықталды

«Наурыз Шымкенттен басталады» думанды мерекеде «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Өңірлер арасындағы сайыста киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуы, ондағы қойылған ұлттық тағамдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия мүшелері баға берді.

Комиссия құрамында – Құралай Сәтмұқанбаетова, Еркін Шымырқұлов, Бекболат Құрманқожаев, Қалтөре Жұмағулов, Захариддин Қыстаубаев және білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевалар бар. Әр өңір комсссия мүшелеріне өзінің ерекшелігі, тарихы, туристік әлеуеті, экономикалық дамуы, салт-дәстүрін бірі ән арқылы, бірі қара сөзбен таныстырды.

Таңдау өте қиын болды. Барлығы үздік. Олардың Шымкентке деген ыстық ықыласын жайған дастарханы мен дайындығынан білуге болады. Қатысушылар киіз үйдің жабдықталуын, ыдыс-аяқ, кебеже мен сандықты орналастыру тәртібін, аңшылық құстың орнын бәрін-бәрін көрсеткен. Ұмыт болған әдет-ғұрыпты жаңғыртқандар да аз емес, – деді мәдениет қайраткері, компазитор Құралай Сәтмұқанбетова.

Комиссия мүшелерінің қорытындысымен Абай облысы тіккен киіз үй үздік деп табылды. Жеңімпаз өңірді қала әкімі Мұрат Әйтенов қаржылай сыйлықпен марапаттады.

Айта кетейік, наурыз мерамында жаңа ипподром аумағынан ашылған ұлттық нақыштағы этноауылда 170-тен аса киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Оның ішінде 20 киіз үйді еліміздің өзге өңірлері жасақтап, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Этноауылда арнайы қазан-ошақ құрылып, онда 2 мың литр наурыз көже пісіріліп, қонақтар ауыз тию мүмкіндігі болды.

 

Шымкенттегі 5 индустриалы аймақта 350-ге жуық жоба жүзеге асырылуда

Бұл жайында қала әкімі «SHYMKENT INVESTMENT - 2023» өңіраралық инвестициялық форумында мәлімдеді. Форумда еліміздің оңтүстік өңірлерінің — Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына инвестициялық түсімді арттыру, экономикалық тұрғыда дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Оңтүстік өңірдегі әріптестеріміздің басын қосып, ауқымды іс бастап отырмыз. Бүгінгі инвестициялық форум Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының экономикалық тұрғыда дамып, өзара ынтымақтастықта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Форум аясында күні кеше өңірлердегі өндіруші кәсіпорындар арасында көрме-жәрмеңке өтті. Онда біз шекаралас өңірлердің мүмкіндіктерімен таныстық. Сонымен қатар, форумға шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер де қатысып отыр. Кездесулер барысында кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды жүзеге асырудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін қарастырады деп сенеміз. Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр, - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Оңтүстік өңірлердің басын қосқан алқалы жиынға ҚР Сыртқы істер вице-министр А.Айдаров, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Атамқұлов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Жошыбаев және шетелдік әлеуетті инвесторлар, отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары қатысып отыр. Ал, форумның арнайы қонағы ретінде халықаралық «Fitch Ratings» сарапшылық компаниясының өкілі шақырылған.

Осы жиын барысында жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған түста 194 млрд теңге инвестиция тартылса, былтыр инвестиция көлемі 560 млрд теңгені құраған. Мамандар жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Шымкентте екі мың литр наурыз көже таратылды

Шымкентте наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды.

Бұдан бөлек Әл-Фараби алаңында Наурыз мерекесі аясында бармағынан бал тамған аспаздар сынға түсті. Бұл сайыс Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен "ДәмДәсTour" фестивалі аясында өтуде.

Фествальді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов ашып, қала тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.

ДәмДәсTour" фестивалінің Наурыз мерекесінде ұйымдастырылуының өз мән-мағынасы бар. Бұл береке мен бірліктің, татулықтың, молшылық пен кеңдіктің үлгісі болатынына сенімдіміз, - деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Мұнда қаламыздың танымал 50-ге жуық тамақтану орындары — мейрамхана, кофейня, самсаханалар, фаст-фуд, балмұздақ, шайханалар қатысып, өздерінің авторлық мәзірлерін ұсынуда. Жәрмеңкенің басты мақсаты – Шымкент қаласын еліміздің гастрономиялық орталығы ретінде имиджін қалыптастыру.

" ДәмДәсTour II" фестивалін – үшінші мегаполистің жыл сайынғы ДӘМДІ мерекесіне айналдыру ойымызда бар. Бұл қаламыздың туризмін дамытуға оң септігін тигізеді және бұл қала кәсіпкерлерін қолдау, - дейді "Visit Shymkent"туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров.

Айта кетейік, іс-шара екі күн өтеді. Екі күн бойы «Наурызкөже«,«Кәуап»,«Палау» және «Самса» номинациялары бойынша 50-ге жуық тамақтану орындары арасынан үздіктердің ішінен нағыз үздіктер анықталатын болады. Жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, келген қонақтарға қаламызда дәстүрге айналған «Шымкент шәйі» таратылады. Жәрмеңке аясында концерттік бағдарламалар, ойын-сауық және түрлі конкурстар ойнатылып, жеңімпаздарға сертификаттар ұсынылады.

Шымкентте өңіраралық көрме-жәрмеңке өтуде

Бүгін қаладағы «Көрме» орталығында Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің өңіраралық көрме-жәрмеңкесі басталды. Көрмеде химиялық, машина жасау, тамақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің, жалпы 100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда.

20-21 наурыз аралығына жоспарланған көрме-жәрмеңкенің басты мақсаты – отандық тауар өндірушілердің жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерімен кеңінен танысу, жаңа серіктестер іздеу және өзара тиімді келісімдер жасасу. Өңіраралық іс-шара отандық өндірушілерді насихаттауға бағытталған және кәсіпорындарды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнімдердің ассортиментін арттыруға ынталандыруды көздейді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Жамбыл және Қызылорда облыстарының әлеуетті кәсіпорындарының өнімдерімен танысып, көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Шаһар басшысы отандық өнімдерді таныту, серіктестікті нығайтуда мұндай көрме алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетсек, кәсіпорындардың қатарында «Рахат-Шымкент» ЖШС (кондитерлік өнімдер), «Шымкентмай» АҚ (өсімдік май, майонез, тұздық, сабын), «ВИЗиТ» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС (алкогольсіз сусындар), «Бал Текстиль» ЖШС (кілемдер және кілем бұйымдары), «Шымкент-Кашемир» ЖШС (тоқыма бұйымдары (түйе жүнінен жасалған киім және шұлық) және басқа қаланың танымал компаниялары бар. Сонымен қатар, көрші Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындары өз өнімдерін таныстыруда.

 

Шымкентте еліміз бойынша ең үлкен атшабар ашылды

 

Шымкентте әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа ипподром ел игілігіне берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанаты «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараның аясында өтті.

Ашылу салтанаты әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталады. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды. Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты. Мұнан кейін бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріміз көрерменге паш етілді.

Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен осы нысанды салып, шаһарға тарту еткен BI GROUP компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаев құттықтау сөз сөйледі.

Қала әкімі М.Әйтенов осынау үлкен кешенді өз қаржысының есебінен салып, Шымкент қаласына тарту еткені үшін BI GROUP компаниясының басшылығына алғысын білдірді.

Бүгін Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Біздің осы қуанышымызға ортақтасып Шымкент қаласының, оңтүстік өңірдің дамуына еңбек сіңірген қадірлі ел ағалары еліп отыр. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бүгін осы шараға арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ипподромның ашылу салтанатына орай ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда. Демек, жаңа ипподром ат спортының дамуына тың серпін береді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Айта кетейік, жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.

Шымкент: «Е-Saraptama» ақпараттық жүйесі бойынша дөңгелек үстел өтті

Құқық қорғау органдары мен соттардың өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында ҚР ӘМ «Е-Saraptama», ІІМ және Бас прокуратураның «Е-қылмыстық іс», сонымен қатар Жоғарғы Сотының «Төрелік» ақпараттық жүйелерін интеграциялау көзделген.

Қазіргі таңда құқыққорғау органдарымен Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институтына «Е-Saraptama» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен қаулыларды рәсімдеу және сараптамаларды ұсыну барысында көптеген мәселелер туындауда.

Осыған байланысты, «Е-Saraptama» ақпараттық жүйесі сараптама тағайындау барысында туындаған мәселелерді талқылау үшін ҚР ӘМ ССО РМҚКФ Шымкент қаласы бойынша сот сараптама институтының басшылығымен бірлескен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара департаменттің кіші мәжіліс залында Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Өмірбек Бекбердиевтің төрағалығымен өтті.

Кездесуге Шымкент қаласы полиция департаменті оған қарасты аудандық полиция басқармаларының тергеу жөніндегі орынбасарлары, тергеу және анықтау бөлімдерінің бастықтары және оның орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында «E-saraptama» ақпараттық жүйесіне қосылуына байланысты электрондық форматта сараптама тағайындау кезінде назар аударылатын бірқатар ерекшеліктерге тоқталып өтті. Дөңгелек үстел барысында полиция қызметкерлері сараптама тағайындау барысында туындап жатқан кедергілер бойынша сұрақтар қойып, аталған мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып, пікір алмасты.

 

Шымкент 100 түп ағашпен толықты

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендросаябаққа 100 түп ағаш отырғызды.

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын мерекелеуде қалалық ҚХА тарапынан түрлі игі бастамалар қолға алынған. Бүгінгі «Таза қала» акциясы аясында өтіп жатқан ағаш отырғызу іс-шарасы осының бір көрінісі.

Шымкенттегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері де Наурыз мерекесін ерекше жағдайда қарсы алып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, бейбітшілікті сақтау, қайырымдылықты және этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту, қала аумағын абаттандыру шараларымен жалғастыруды мақсат етіп отыр. Биыл А.Асқаров атындағы дендросаябақта ҚХА мүшелеріне арналған «Достық» аллеясы үшін жер бөлінді. Бүгін қаламыздағы 17 этно-мәдени бірлестіктің төрағалары мен қоғамдық құрылым өкілдері арнайы бөлінген жерге ағаш отырғызуды бастап кетті. Біз алғашқы кезеңде 100 түп көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз, - деді Шымкент қаласының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Ақжігітұлы.

Көшет отырғызу ісі қаланы көркейтумен қатар қоршаған ортаға, табиғатқа, адамзатқа да жасалған қайырымдылық дегенді алға тартқан шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев шымкенттіктерді көбірек тал егуге шақырды.

Наурыз — бейбітшілік пен достықтың, молшылықтың мерекесі. Осы мейрам қарсаңында ағаш отырғызу акциясын ұйымдастыру құптарлық іс. Әр адам жоқ дегенде бір ағаш егу керек. Ал, 10 көшет отырғызса Жер-Ана алдындағы мың парызының бірін орындағаны. Сондықтан барша қала тұрғындарын өз қаламыздың табиғатын жақсарту, болашақ ұрпаққа үлгі ету үшін көбірек ағаш отырғызуға шақырамын,—деді этномәдени бірлестік төрағасы.

Ұйымдастырушалардың сөзінше, таңнан бастау алған көшет отырғызу акциясы кешке дейін жалғасын таппақ.

 

Шымкентте биыл 324 отбасы арендалық пәтерге қол жеткізеді

Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның мақсаты айқын. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Бүгінде Шымкент қаласында осы жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. 2021-2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша халықты баспанамен қамтуда 5 мыңға жуық отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Оның ішінде тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, жетім-және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, бұдан бөлек жұмысшы жастар және несиелік негіздегі бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі кезегі келген әр түрлі санаттар бойынша 324 отбасы және 888 азамат жұмысшы жастар бағдарламасы бойынша арендалық пәтермен қамтылмақ . Сондай ақ 1641 пәтер Отбасы банкі арқылы несиелік бағытта үлестірілетін болады.

Аталған Ұлттық жоба «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағыттарын біріктіреді. Ұлттық жобаның мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы, форматы неғұрлым ықшам, талдаусыз, бірінші кезекте бюджеттік қаржыландырумен қамтамасыз етілген нақты іс-шаралар болып табылады.

Жоба аясында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жөндеу секілді өзекті мәселелердің шешілуі қарастырлған. 2021 – 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша 100-ге жуық тұрғын үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы 40 көпқабатты тұрғын үйге қажетті деп табылған жөндеу жұмыстары жасалынбақ.

Шымкент: Әлеуметтік қолдау орталығында мерекелік іс-шара өтті

«Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында «Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем» атты мерекелік іс-шара өтті. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында орталық өз келушілерін ұлттық мерекемен құттықтап, дастархан жайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қонақтарды әз-Наурызбен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Әлеуметтік қолдау орталығында азаматтарға кешенде бес бағытта қызмет көрсетіледі. Мұнда өткен жылы мүгедектігі бар 9 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетілген. Мекеме қызметін тұрақты алатын азаматтың бірі – Бөрібек Қабылбекұлы.

Орталық 2021 жылы ашылды. Содан бері, әлеуметтік қолдау бойынша қажетті кеңестерді осы жерден аламын. Инватаксиге өтініш береміз, барлық сала цифрландыру жүйесіне көшіп жатқандықтан Егов-та қызмет алуды үйрендік. Мекеменің екінші қабатында түрлі үйірмелер бар. Мысалы, ән домбыра, кітапхана, тоқыма тоқу, арт-сурет салу үйірмелері жұмыс істейді. Бос уақытымызды көбінесе осы жерде өткіземіз. Бүгінгі мерекелік іс-шара көңілімізді көтерді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, -дейді Б.Қабылбекұлы.

Мерекелік іс-шарада оңтүстікке танымал өнерпаздар ән айтып, би биледі. Ал орталық қызметкерлері ұлттық тағамдарын ұсынды.

Айта кетейік, орталықта жұмысқа орналасу және құқықтық, психологиялық кеңестер жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орталық еңбек және музыка терапиясы, кітапхана, психология кабинеттерімен толыққан.