Шымкент: Кәсіпкерлер бөлшек салықтың арнайы салық режімін білуі керек!

 

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық Кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы №213-VII Заңына Мемлекет басшысы қол қоюына байланысты, салық заңнамасының негізгі өзгертулері бойынша хабарлайды.

Салық кодексінің 242-бабы жаңа 3-2-тармақпен толықтырылды (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі),ол бөлшек салықтың АСР-ін қолданатын тұлғалардан сатып алу бойынша шығыстардың сомаларын КТС бойынша шегерімдерге жатқызу Салық кодексінің 242-бабының ережелері сақталған кезде электрондық нысандағы шот-фактура немесе деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының чегі және (немесе) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының сәйкестендіру нөмірін қамтитын арнайы мобильді қосымшаның чегі негізінде жүргізілетінін көздейді;

Салық кодексінің 412-бабының 1-тармағы (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бөлшек салықтың АСР қолданатын салық төлеушілердің шегерімдерді растауы үшін пайдалану мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының талабы бойынша шот-фактуралар жазу міндетін көздейтін жаңа 12) тармақшамен толықтырылды;

Салық кодексінің 412-бабы 13-тармағы 1) тармақшасының төртінші жаңа абзацы (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) сатып алушыға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осындай сатып алушының сәйкестендіру нөмірін қамтитын арнайы мобильдік қосымшаның чегін ұсынған жағдайда бөлшек салықтың АСР-ін қолданатын салық төлеушілердің шот-фактураны жазып беру жөніндегі талапты орындау қажеттілігін жояды;

Салық кодексі 77-2-тараумен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)

бөлшек салықтың АСР салық төлеушілері:

- салық кезеңі үшін қызметшілердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайтын;

- күнтізбелік жылдағы табысы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын (2023 жылы – шамамен 2 млрд. теңге);

- осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асыратындар қолдануға құқылы.

Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде бөлшек салықтың АСР қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың АСР қолдануға құқылы емес.

Бөлшек салықтың АСР қолдану кезінде КТС/ЖТС ставкілері:

- 4% Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде салық кезеңі үшін алынған (алынуға жататын) барлық кірістер бойынша. Бұл ретте жергілікті өкілді органдардың бөлшек салық ставкасының мөлшерін 50% - ға, яғни 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге құқығы бар. Ставкі мөлшерін төмендету туралы шешімді, ол енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жергілікті өкілетті орган қабылдайды.

Бұл ретте 2023 жылға арналған ставкі мөлшерін төмендету туралы шешімді жергілікті өкілетті орган ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей қабылдауы тиіс («Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 57-17-бабына сәйкес уақытша норма).

- 8% кәсіпкерлік субъектілеріне тауарларды сатудан, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістері бойынша, шығыстарға шегерімдер сомасын құжаттамалық растау қажет болған жағдайда (сатып алушының ЖСН/БСН көрсете отырып, электрондық шот-фактура жазып немесе чек бере отырып). Бұл ставкінің мөлшерін төмендетуге жатпайды.

 

Шымкенттің жас ғалымдары үздік деп танылды

2023 жылғы 04-06 сәуір аралығында Дарын Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы онлайн форматта Google Meet платформасы арқылы өткізілді. Конкурстың қорытынды кезеңіне 19 секция бойынша 59 оқушы 56 жоба қатысты.

Шымкент қаласы 4 АЛТЫН, 7 КҮМІС, 17 ҚОЛА, 4 ГРАМОТА-ға ие болды!!!

Нәтижесінде:

1. Пердеқұл Алдияр Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы, этномәдениеттану секциясы - І орын;

2. Төреқұл Шұғыла Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, биология секциясы - І орын;

3. Цуркан Константин Н.Д.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы, физика секциясы - І орын;

4. Еділбекова Шырын №88 жалпы орта білім беретін мектебі, химия секциясы - І орын;

5. Аббас Аида Білім-инновация" қыз балаларға арналған №2 лицей-интернаты, құқық негіздері секциясы - ІІ орын;

6. Серік Айару Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, ағылшын тілі секциясы - ІІ орын;

7. Өлмесхан Аида №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы, этномәдениеттану - ІІ орын;

8. Абдыхалық Нұрғиса №54 жалпы орта білім беретін мектебі, орыс әдебиеті секциясы - ІІ орын;

9. Әтрет Нұршат Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, экономика секциясы - ІІ орын;

10. Есіркеп Рамазан №2 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернаты, биология секциясы - ІІ орын;

11. Байжүрек Баязит Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы секциясы - ІІ орын;

12. Арыстан Шынар Абдраш Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектеп, тарих секциясы - ІІІ орын;

13. Данияр Нұрай Білім-инновация" қыз балаларға арналған №2 лицей-интернаты, орыс тілі секциясы - ІІІ орын;

14. Құдайберген Нұрдана №137 жалпы орта білім беретін мектебі, қолданбалы математика секциясы - ІІІ орын;

15. Абдыхали Мирас Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия, қолданбалы математика секциясы - ІІІ орын.

Шымкент: 367 млрд теңгеге 14 меморандумға қол қойылды

100 - ге жуық шетелдік компания Шымкент пен Түркістан облысының аумағында жүзеге асырылатын жобаларға мүдделі. Бұл туралы Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов мәлімдеді.

"367 миллиард теңгеге 14 меморандумға қол қойылды. Инвестициялар құрылыс материалдарын өндіруге, жеңіл өнеркәсіпке, металлургияға, денсаулық сақтауға, қонақ үй бизнесіне, жасыл экономикаға жоспарлануда. Мысалы, құрылыс материалдарын шығаратын зауытты ресейлік компания салады. Ол "жұлдыз" индустриялық аймағында болады және 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Сондай-ақ, Үндістан компаниясымен Ақжар елді мекенінің ауданында көпсалалы клиника салу туралы Меморандумға қол қойылды. Іске асыру мерзімі-2026 жыл. Инвестиция сомасы-90 миллиард теңге. Компанияның құрылтайшылары әлемдегі ең ірі және табысты донорлық және бауыр трансплантациясы бағдарламаларының біріне ие", - деді Е.Тұрманов.

 

Сонымен қатар, меморандум аясында әлемге әйгілі Hilton брендінің қонақ үйін салу жоспарлануда. Ол Shymkent City - де орналасады.

Қазақстандық компаниялар қол қойылған меморандумдар шеңберінде 800 төсектік көпбейінді аурухананы, ауысымда 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықты және Қонаев даңғылындағы "Shymkent Tower" А класты сауда-іскерлік орталығын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Германиядан келген инвесторлармен бірлесіп құрылыс материалдарын өндіру бойынша Инновациялық парк, атап айтқанда, газдалған бетон блоктары, талшықты цемент плиталары және құрғақ құрылыс қоспалары зауыты, шыны ыдыстарды өндіру және құрылыс материалдарын шығару жөніндегі кәсіпорын салу жоспарлануда.

Қытайдан келген инвесторлар керамикалық плиткалар шығаратын зауыт салуға ниетті.

Шымкентте тоқыма емес мата шығаратын зауыт, ABC "Greenfield" индустриялық паркі салынады. Жоба микро, шағын және орта бизнес субъектілерін өндірістік қызмет үшін дайын үй-жайлармен қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Ал Шымкентте электромобильдерді сатуды ұйымдастыру және зарядтау станцияларының желілеріне қызмет көрсету жобасы жүзеге асырылатын болады.

 

Шымкенттегі магистральді көшелер күнделікті тазаланады

 

Магистральды көшелерде санитарлық, механикалық және қолмен тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Қазір арнайы бригадалар газондарды орып, ағаштар мен жасыл желектерді зиянкестерден, күннен қорғау үшін әктеуге кірісті. Жауын- шашын салдарынан су алу қауіпі бар аумақтар да қатаң бақылауға алынды. Шымкент қаласы баспасөз орталығы осындай хабарлама таратты. Хабарламада қаладағы 443 магистральды көшенің тазалығына 5 мердігер мекеме бекітілгені жазылған. Орталық көшелерді тазалау жұмыстарына күн сайын 1500-ге жуық жұмысшы, 100-ден аса техника жұмылдырылуда.

Сондай-ақ ішкі орам көшелер мен қоғамдық орындарда, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

 

Еске сала кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандардағы ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қазіргі таңда қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Одан бөлек, қала әкімі жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартудағы жоспарларымен танысты. Аталған жұмыстар 5 бағытта жүргізіліп жатыр.

Шымкентте кәсіпкерлер бір терезе қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі

 

Шымкентте жобасы дайын инвесторлар үшін жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағынан жер учаскесі беріледі. Мұндағы мақсат - қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту.

Осыған орай әкімдік тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы жалпы ауданы 306 га жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылса, 132 га аумақта тамақ өнеркәсібі үшін «Бозарық» индустриялы аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы жалғасуда. Ао «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағы 175 га, сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 га кеңейтілуде.

«Оңтүстік» АЭА қызметінің басым түрлеріне (жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау) сәйкес келетін жобаны іске асыру үшін инвесторға мемлекет тарапынан келесідей қолдау шаралары ұсынылады:

тегін жер телімі;

дайын инфрақұрылым;

корпоративтік табыс салығын, жер салығын және мүлік салығын төлеуден босату;

АЭА аумағында өндірілетін тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босату;

шикізат және материалдар импортына қосылған құн салығын төлеуден босату;

инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтарды, жинақтауыштарды, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алып келу кезінде кедендік баждарды төлеуден босату;

коммуналдық қызметтердің төмен құны.

Бұл тұрғыда 2020 жылдан бері «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істеп тұр. Мұнда «бір терезе» қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі. Осы арқылы бұл салада әкімшілік кедергілер азайып, кәсіпкерлерді сүйемелдеу мен кеңес беру артып отыр.

Жалпы фронт-офис 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді: кеңес береді, жобаларды сүйемелдейді, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді.

Фронт-офис қызметін бастағалы бері келесідей қызметтер көрсетілді:

- Консультациялар – 12 282;

- Жобаларды сүйемелдеу – 1 217;

- Маркетингтік қызметтер – 539;

- Тауашалық жобалар – 100;

- Аналитикалық зерттеулер – 14.

Шымкент: Кәсіпорындардың жалдау ақысының 75% мемлекеттен төленуде

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов өнеркәсіптік парктерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

SILKWAY ALLIANCE паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.

Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдады. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 млн теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.

Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда.

Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде. Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады.

Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.

Өндіріс ошақтарының жұмысын бақылаған кала әкімі импорт алмастыруда жобалардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға инфрақұрылым сапасын жақсартып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.

 

 

Шымкентте ана мен баланың денсаулығын қорғау үшін барлық шаралар қолға алынған

Бұл жайында Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев пен қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленовтың жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамасында айтылды.

Медициналық қызмет түрлерінің ішінде стационарлық көмектің алатын орны ерекше. Бұл көмектің екі түрі бар. Бірі – жоспарлы түрдегі стационарлық көмек, екінішісі – шұғыл түрдегі стационарлық көмек. Б.Абдуллаевтың айтуынша, Шымкентте қазір науқастарға стационарлық қызмет көрсету ісі жанданған. Қаладағы 15 медициналық ұйымда 3407 орын әзірленіп, жыл басынан бері 35 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіпті. Оның ішінде, 11 386 науқас жоспарлы түрде медициналық көмекке жүгінсе, 23 756 науқас шұғыл түрде келіп түскен.

Шымкентте халықтың саулығын жақсартуда оңды игі істер іске асып жатыр. Соның ішінде мегаполис медицинасындағы стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, қазір қалада 1405 төсек-орын әзірленген көп бейінді 4 стационар, 5 монопрофильді стационар, 2 босандыру мекемесі және 4 оңалту орталығы халықтың денсаулығын сақтауда сапалы қызмет көрсетіп келеді, - деді Бақытжан Жүсіпбайұлы.

Брифинг барысында қалалық онкология орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов медициналық мекемеде атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

Қалалық онкологиялық орталығында 261 төсек-орын әзірленіп, оның ішінде 231 төсек орын ауруханалық, күндізгі бөлімшеде 30 орын және 150 келушіге арналған емханасы бар. Орталықта 2018 жылдан бастап заманауи эндовидеохирургиялық құрылғылырдың орнатылуымен науқастарға инвазивті емес жоғарғы технологиялық операциялар жасау күнделікті тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, кеуде, іш қуысы органдарының қатерлі ісіктеріне жасалынатын кіші инвазивті операциялар саны жыл санап артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орталықта осындай 115 күрделі операция жасалынған. Қазіргі таңда орталықтың хирургия бөлімшесі Шымкент қаласы бойынша кеуде қуысы патологияларына кіші инвазивті операциялар жасайтын жалғыз орталық болып отыр, - дейді орталықтың бас дәрігері.

Өткен жылы онкологиялық орталықта 20 төсек-орынға арналған онкгематология бөлімшесі ашылып, қазір науқастарға жоғары дозалы химио-имунттерапиялық ем жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, орталықтың ішінен ашылған ядролық медициналық бөлімде жоғары сәулелі сызықтық үдеткішті 850 науқас ем алса, ал позитрон-эмиссиондық томография (ПЭТ) КТ арқылы 134 науқас тексеруден өткен.

Шымкент: Тұран ауданының көшелеріне шағал тас төселуде

 

Тұран ауданының тұрғындарын жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасын салу мәселесін алаңдатады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Тұран ауданының әкімі Боранбай Болатбеков айтты.

Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды. Қазір орталық пен 9 шағынаудан және 12 тұрғын алапта 40 мыңға жуық тұрғын үй бар. Соның ішінде көп қабатты үйлер – 544. Ауданның ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамтылуы – 99,5 пайыз.

Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағында электр желілерін жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылы атқарылады. Ал, табиғи газ тарту жайына келсек, 2022 жылдың соңында Арғымақ және Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерінде табиғи газдың құрылысы толық аяқталды. Қазір «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, ауданға табиғи газ жеткізу көрсеткіші 99 пайыз болмақ. Құрсай мен Жаңаталапқа газ құбырын тарту бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айкөл елді мекеніне жобалау жұмысы 2024 жылға жоспарланып отыр, - деді аудан әкімі.

Аудан әкімі Б.Болатбеков жыл басынан бері тұрғындармен 16 рет кездесу өткізген. Кездесу барысында 69 мәселе көтерілген. Оның 42-сі орындалып, 27 мәселе орындалу үстінде. Әр аптаның жұма күні сағат 15:00 – 19:00 аралығында аудан тұрғындарын жеке қабылдау да ұйымдастырылады екен. Бүгінге дейін өткен жеке қабылдауларда 81 мәселе қаралған. Оның 19-ы шешімін тауып, 62-сі орындалу сатысында.

Тұрғындардың ең көп көтерген мәселесі – жол құрылысы мен балалар ойын алаңшасы. Биыл Құрасай елді мекенінде инфрақұрылым құрылыстары жүргендіктен жолдарын топырақ басып, тұрғындар көп шағымданды. Сондықтан, биыл Құрайдың өзінде 40 жолға шағал тас төселеді. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші бойынша өзге елді мекендердегі 45 көшеге де тас төсеу жұмысы жоспарланды. Сонымен қатар, 19,1 шақырымды құрайтын 29 көше орташа жөндеуден өтеді,-деді Б.Болатбеков.

Тұрғындардың ұсынымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 10 балалар ойын алаңшасы, 4 ашық спорт алаңы бой көтереді.

Шымкент мәдени ошақтарға бай

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар.

Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Шымкент қалалық орыс драма театры, өзбек драма театры, опера және балет театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, әзіл-сықақ және сатира театры сахналық қойылымдар арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді.

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі (23 филиал), орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі (14 филиал), жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана — мегаполистегі мол қорға ие қазыналы мекен.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.

Халық шығармашылығын дамытып, аймақтағы жас таланттарды танытып, халыққа рухани байлық «Шымкент қалалық мәдениет үйі» қомақты үлес қосып отыр. Ал, өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, отандық және әлемдік мәдениет пен өнердің үлгі өнегесін, Шымкент қаласының мәдени мұрасын насихаттауда «Көрме» орталығы игі бастамалардың ұйытқысына айналған.

 

 

Шымкент: Тәртіп сақшылары автокөліктің қосалқы бөлшектерін ұрлап кеткен азаматты ұстады

 

Үйінің ауласында тұрған «Ауди С4» маркалы автокөліктің бөлшек-аккумуляторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2023 жылдың 14-наурызында, Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, үйінің ауласында тұрған жеке өзіне тиесілі «Ауди С4» маркалы автокөліктің 30 мың теңге тұратын қуаттағышы (аккумулятор) мен 20 мың теңгелік 4 (төрт) дана радиаторын белгісіз тұлға жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 50 000 (елу мың) теңге.

Аталған дерек ҚК-тің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, жауаптар алынды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 40-та, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Сондай-ақ, өзі қолды еткен аккумуляторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, сатып жібергені белгілі болды.

Тергеу әрекеттері жалғасуда.