Мемлекеттік кірістер депарментінің басшысы Дулат Нұрмолдиннің мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджет жоспары 101,2 пайызға орындалып, бюджетке нақты 194 млрд 593 млн түсім түсті. Осылайша, департамент 2019 жылдың нәтижесімен республикада 2-орынды иеленді. Сонымен қатар республикалық бюджетке нақты 130 млрд 442 млн теңге өндіріліп, жоспардың орындалуы 107% құрады. Түсімдердің өсу қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артқан.
«2019 жылы Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 580 млрд 7 млн АҚШ долларын құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 2,7 млн АҚШ долларына ұлғайған. Тауар айналымының өсуінің басым бөлігі жеміс-жидектер және құрылыс материалдары есебінен болды. Облыс Өзбекстан мемлекетімен шекаралас орналасқан. Екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайтып, шекарадан өтетін жеке тұлғаларға қолайлы жағдайлар жасау бағытында «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Атамекен» кеден бекеттерін жаңғырту жүргізілуде», - деді Дулат Нұрмолдин.
Бұдан өзге, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін облыстың 16 мемлекеттік кірістер басқармаларында 18 ақпаратты қабылдау, өңдеу және беру орталықтары орналасқан. Департамент тарапынан 44 қызмет түрі көрсетіледі: салық қызметінде - 27, кеден қызметінде – 17.
