Жұма, 13 Наурыз 2020 20:47

Түркістан облысының белсенді 27 азаматына «Nur Otan» партиясының төсбелгісі тағылды

Түркістан қаласында азаматтарды «Nur Otan» партиясының қатарына қабылдауға арналған салтанатты шара өтті.

 Жиында «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 27 тұрғынға куәліктер мен төсбелгілерді тапсырды. Б. Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде партия қатары өз саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген белсенді азаматтармен толығып жатыр.

«Біз жергілікті мәслихаттарда түрлі сала өкілдерінің болғанын қалаймыз. Бұрын депутаттардың басым бөлігі кәсіпкерлер болса, енді бұл қатарға әлеуметтік сала қызметкерлері, білім, медицина, мәдениет және өзге де сала өкілдері қосылады деген сенім бар. Саяси жұмыста қыз-келіншектер мен жастар қатары да артады. Мәслихатта қоғамның әртүрлі тармақтарының өкілдері болуы, олардың үні естілуі тиіс. Енді елімізде партиялық праймериз өтеді. Сол саяси науқанға қатысып, елдік мәселелерге араласуға мүмкіндіктеріңіз бар. Партияға әркім жүрек қалауымен, шынайы ниетпен келеді», – деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары.

 Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының 85 мыңнан астам мүшесі бар. 2019 жылдан бастап 2020 жылдың ақпан айына дейін партия қатарына 5 мыңнан астам адам қабылданып, 8 мыңнан астам адам шығарылған. Түркістан облысы бойынша бір күн ішінде аудан-қалаларда 122 адамға партия куәлігі тапсырылған. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, спорт саласының өкілдері, көпбалалы аналар және өзге де сала мамандары бар.



Оқылды 516 рет